Кітапхана – рухани қазына ордасы

Кітап – бар білімнің қайнар көзі, адамның ақылшы досы. Қазіргі ақпарат пен техника дәуірінде, жаңа технологиялардың заманында да кітаптың алар орны бөлек. Кітап оқыған адам – рухани байлықтың иесі. Ал руханияттың құны ештеңемен өлшенбейді, ол бәрінен бағалы.

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген ынта-ықыласын көтеру, ұрпақтарға жан-жақты тәрбие беруде түрлі ақпараттар ағымына жол сілтеп келеді.
Қазіргі таңда кітапхана тарапынан өскелең жас ұрпаққа туған жердің тарихын зерделейтін жобалар арқылы өлкемізден шыққан кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ауған соғысы және Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен түрлі кештер ұйымдастырылып, сала бойынша әдебиеттер, көркем әдебиеттер, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары насихатталуда. Сонымен қатар жастардың қарым-қатынасын қалыптастыратын, олардың пікір алмасу арқылы ойларын өрістететін кітапхана жанынан ұйымдастырылған қызығушылық клубтар арқылы да оларды қоғамның салауатты азаматы етіп тәрбиелеу, адамгершілікке, елі мен жерін сүюге, құрметтеуге байланысты әдебиеттер оқуға ұсынылуда.
Ал әдебиеттерді насихаттау мақсатымен Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдығына, Әлдихан Қалдыбаевтың 85 жылдығына орай дауыстап оқу, дөңгелек үстел, Абайдың махаббат өлеңдер циклінің 135 жылдығына, С.Сейфуллиннің «Домбыра» атты өлең жинағының 100 жылдығына орай әдеби лото, әдеби аялдама сынды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында шығармалары оқуға ұсынылған балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы да оқырмандарға кеңінен дәріптелуде.

Ұлбосын СӘУЛЕБАЕВА,
Тараз қалалық орталықтандырылған
көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры

Comments (0)
Add Comment