Кітапхана – көркем ойдың кепілі

Қоғамның рухани дамуында кітапхананың атқаратын рөлі қашанда маңызды. Кітапхана – ғылым мен білімнің, парасат пен мәдениеттің ордасы. Қай дәуірде болмасын, ол ұлттың ой-санасын қалыптастырып, көркем ойдың, рухани байлықтың сақшысы болып келеді.

Бүгінгі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, жаңа идеялар мен шығармашылық бастамалардың орталығына айналды. Ақпараттық қоғам жағдайында кітапхана қызметінің ауқымы кеңейіп, оқырманға сапалы қызмет көрсетудің жаңа бағыттары енгізілуде. Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі де заман талабына сай жаңарып, оқырмандарға жан-жақты мүмкіндік ұсынуда. Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қажетті ақпарат көздеріне қолжетімділікті арттыру, түрлі мәдени-танымдық шараларды жүйелі ұйымдастыру – басты мақсатымыздың бірі. Кітапхана – ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, жас ұрпақтың бойында туған жерге, тілге тарих пен мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын рухани орта. Кітапханалық іс-шаралар – әдеби кештер, поэзия сағаттары, танымдық кездесулер, пікірталастар – барлығы да оқырманды ойлануға, ізденуге, өз көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
24 қазанда аталып өтілетін Кітапханашылар күні – кітапхана саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін ерекше мереке. Бұл күн – руханият пен мәдениетті өркендетуге, халыққа адал қызмет етуге үлес қосып жүрген кітапханашылардың еңбегін бағалау күні. Жыл сайын кітапхана қызметкерлері өз кәсібіне адалдығымен ұзақ жылғы еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болып келеді. Кітапхана ұжымы арасында «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ардагері» медалімен марапатталған ардагер мамандар бар. Сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасы мен қалалық мәслихат тарапынан, кәсіподақ ұйымынан, «Аманат» партиясынан берілген Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар – кітапханашылардың қажырлы еңбегіне берілген лайықты бағасы. Бұл жетістіктер – кітапхана ұжымының бірлігі мен кәсіби біліктілігінің, рухани салаға сіңірген ерен еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да кітапхана ұжымы оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп, білім мен мәдениетті дәріптеу жолында аянбай еңбек ете береді.

У.СӘУЛЕБАЕВА,
Тараз қалалық орталықтандырылған
көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры

Comments (0)
Add Comment