«Кітап жазуды және дәріс оқуды жоспарлап жүрмін»: Зейнетке шыққан Бердібек Сапарбаев немен айналысып жүргенін айтып берді

Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев зейнетке шыққан соң немен айналысып жүргенін айтты. Сөзінше, ол мемлекетке қызметте жинаған тәжірибесін жастармен бөліскісі келеді екен. Сондай-ақ кітап жазуды жоспарлап, алдағы уақытта жоғарғы оқу орнында дәріс оқығысы келетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Желмая» бағдарламасында Бердібек Сапарбаев өмірінің 45 жылын мемлекеттік қызметке арнағанын, соның 30 жылы билік саласында өткенін айтады. Зейнетке шыққанына үш ай болған ол 40 жылда істемеген жұмыстарын атқарғанын алға тартты.

«Әсіресе балаларым, немере, ағайын, туысқан, достарға бардым. Әр азамат өзіне ұнайтын жұмыспен айналысуы керек. Сол кезде адам тоқ болады, оның болашағы бар әрі бақытты болады. Қанша жыл жұмыс істегенде шамам келгенше халықтың сенімінен шығып, жағдайын жақсартуға тырыстым. Әр нәрсенің өз бастауы мен аяқталуы болады. Одан кейін әр нәрсені уақытында аяқтау керек, мен де солай жасадым. Еңбек еткен бес өңірде жаман жұмыс істемеген сияқтымын», – деді ол.

Сапарбаев жинаған мұрағаттары негізінде кітап жазуды жоспарлап жүргенін мәлімдеді. Сөзінше, қай салада істесе де, көрген-білгенін жазып алады екен.

«Бастысы ойлау қабілетімді тоқтатпауын керек, зейнетке шықтым екен деп үйде отырып қалуға болмайды. Адам үйде отырып қалса – тез қартаяды. Бұған дейін жинаған архивтерім бар, алдағы уақытта кітап жазу ойда бар. Қай өңірде жұмыс істесем де, не істегенімді жазып жүретін әдетім бар.  Кіммен кездестім, қай жерге барғанымды күнделік ретінде жазып жүретінмін. Қазір соның барлығын топтастырып, қарап жазып шығуым керек. Өйткені артымнан қандай да бір естелік қалу керек», – дейді Бердібек Сапарбаев.

Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызметте жинаған мол тәжірибесін жастармен бөліскісі келетінін жасырмады. Бұл үшін жоғарғы оқу орындарында дәріс оқу мәселесін де қарастырып жатыр екен. Үйде отырған адам тез қартаяды деген ол артынан естелік қалса дейді.

Comments (0)
Add Comment