Кітап деген – бір мұхит

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханада 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – сәуле, нұр берер шырағыңыз» атты офлайн режиміндегі ашық есік күні өтті.

Бұл іс-шара «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпыұлттық акциясы аясында жас оқырмандардың кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған «Кітап оқы, талқыла, суретте» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Кешті жүргізуші ең алдымен кітаптың шығу тарихына тоқталып, кітап деген сөз арабша «жазба», түрікше «дәптер», «мерзімді басылым» ұғымдарын білдіретінін, баспа ісінің өзі ең алғаш папирус, пергамент кітаптарын бастырудан бастау алғанын атап өтті.

Бұдан кейін ортаға «Кітаптар падишасы», «Ертегі», «Тарих», «Энциклопедия» кітаптары секілді кейіпкерлерімен шығып, театрландырылған көрініс қойып, өздерін таныстырды. «Ертегі» кітабы балаларға «Бір үзім нан» ертегісін айтып берді. Кешке қатысқан Тараз қаласындағы Төле би атындағы мектеп-гиназиясының бастауыш сынып оқушылары ертегі оқиғасы желісімен суреттер салып, «Тарих» және «Энциклопедия» кітаптарының викториналық-логикалық сауалдарына да бөгелмей жауап берді.

Кітапхана қызметкері Салтанат Қойгелді «Ертегілер елі» әнін нақышына келтіре орындап, балалардың көңілін бір көтеріп тастады. Жеткіншектер қазақ және шетел қаламгерлерінің ертегі кітаптары қойылған «Менің сүйікті кейіпкерлерім» атты кітап көрмесін де қызыға тамашалады.

Одан әрі кеш қонағы ақын, журналист, облыстық «Өрімтал» балалар журналының бас редакторы Баймаханбет Ахмет балаларға өңірдің ақпараттық кеңістігіне келіп қосылған жаңа басылыммен таныстырып, балаларды ең басты байлықтың бірі – кітаппен достасуға, көркем әдебиетті көбірек оқуға шақырды.

Ашық есік күнін Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Саулебаева түйіндеп, кітаптың жеткіншектерді адамгершілік әдептеріне, мейірімділікке, адалдыққа, ізгілікке, Отанды, елді, жерді сүюге тәрбиелейтінін, жас оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру кітапхана қызметкерлерінің басты міндеті болып қала беретінін атап өтті.

Аталған іс-шараның өн бойында балаларға негізгі білімнің кітап арқылы берілетіні ұғындырылды. Сонысымен де құнды, тағылымды, әсерлі кеш болды.

Назым МУХАМБЕТИЯРОВА,
Тараз қаласы Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының орынбасары

Comments (0)
Add Comment