Кітап – дәуірлер шамшырағы

Кітап – құнды дүние. Осы құнды дүниенің сақталатын орны – кітапхана. Ал оны сақтайтын – кітапханашы.Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы орда.

Арайлым Шабденова
Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің ордасы. Киелі орданың табалдырығын аттаған газеттің тілшілері бір күндерін кітапханашының жұмысына арнады.
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Бүгінгі таңда біздің облыста 274 кітапхана болса, оның 11-і Тараз қаласында. Ал оның ішінде 8-і қала әкімдігіне қарасты. Мамандық өзгерту үшін біздер өңір тұрғындарына жаңа дәуірде, жаңа дәстүрде қызмет етіп, жұмыс саласында жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы заманның ағымына ілесуге тырысып, көпсалалы толыққанды ақпараттармен оқырмандарды қамтамасыз етіп отырған Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына бардық.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін беріп отырған әмбебап мамандықтың иесі кітапханашылар десем сенбейсіздер. Ал біздер оған жұмыс барысында көз жеткіздік. Кітапханада көзге оттай басылғаны – ұлттық нақыштағы бешпент. Бұл киім – кітапханашылардың униформасы.
Алдымен кітапхана тарихына тоқталсақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының төл тарихы 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылғаннан басталады. Алғашқыда кітапхананың кітап қорында 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1965 жылы 11 мамырда кітапханаға қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілген. Қазақстан Республикасы егеменді ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы кітапхананың 38 қызметкері 11600 оқырманға қызмет көрсеткен болса, бүгінгі күні 45 кітапханашы жылына 17800-ге жуық оқырманға қызмет көрсетіп, кітап берілімі 433400-ден аса басылымды құрайды екен. Жылына кітапхана қызметкерлері 270 ақпараттық және көпшілік-мәдени іс-шаралар өткізеді. Кітапхананың кітап қоры – 246704 дана, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі 72371 дана басылымды құрайды. Олардың басым көпшілігі – қоғамдық-саяси, филология, тіл білімі ғылымдары аясындағы басылымдар және көркем әдебиет. Сонымен қатар кітапханада ғылыми авторефераттар бар. Ғылыми авторефераттарды профессорлар, оқытушылар, магистранттар және студенттер пайдаланатын көрінеді. Кітапхана құрамында кітапхананы дамыту бөлімі, құжаттарды жинақтау, өндеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімі, кітап қорын сақтау бөлімі, кітап айырбас секторы және абонементтік қамтамасыз ету, оқу залы, мерзімді басылымдар секторлары және өнер жөніндегі әдебиеттер мен кітапхана ісін автоматтандыру бөлімдерінен тұратын оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі бар. Күнделікті ізденіс пен жаңашылдықтың көшін бастап отырған қазына ордасын Эльмира Абдинова басқарады. Иә, әңгіме барысында байқағанымыз, мұндағы қызметкерлердің басым көпшілігі жастайынан кітапхананың табалдырығын тоздырып, кітапқа деген махаббатының арқасында кітапханашы деген мәртебелі атқа ие болған. Сондай жанның бірі – кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Жаннат Жетпісбаева. Он бес жылдан астам уақыт осы салада қызмет етіп жатқан ол соңғы 7 жылда аталмыш кітапханада жұмыс істейді екен.
– Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады. Себебі кітапхана – тәлім-тәрбие ошағы. Әрбір оқырманмен жұмыс істеу арқылы сен шыңдаласың, ізденесің. Бұл орайда, біздің кітапхана көш бастап тұр десем болады. 2011 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ID-NET желісі арқылы интернетке шығу мүмкіндігін пайдалана отырып, өз веб-сайтының жұмысын жүргізуде. Онда ресми ақпараттар беріледі. Сирек кездесетін кітаптардың электрондық коллекцияларын жинау, есепке алу, сақтау және пайдалану бойынша ғылыми кітапхананың жұмыстарын үйлестіру мақсатында 2014 жылдан бері «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы жүргізілуде. Бүгінгі таңда жоба аясында 10 мыңға жуық кітаптың 5877 данасы цифрланды. Жалпы облыстағы барлық кітапханашыларды оқыту, кәсіби деңгейін шыңдау мақсатында да көптеген іс-шаралар өткіземіз, – дейді Жаннат Қалмағанбетқызы.
Иә, кітапханашы болу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Өйткені кітаптің мол пайдасы мен құдіретін терең түсінген адам ғана рухани орында жұмыс жасай алады. Ал бүгінгі кітапханашылардың негізгі міндетінің бірі – жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеп, олардың талғамына сай әдебиеттерді ұсынуға көмектесу, оқуға деген ынтасын арттыру. Кітапхананың табалдырығын аттаған әрбір оқырман алдымен электронды нұсқада өзіне қажетті бөлімді таңдайды. Бүгінгі заман талабына сай кітапханашылар енді қағаз толтырып, карточка ашпайды. Оқу залының өзге залдар секілді заңы мен тәртібі бар. Бізге жұмыстың мән-жайын түсіндірген оқу залы секторының меңгерушісі Балжан Мырзатаеваның кітапханада жұмыс істеп жүргеніне 14 жылдан асыпты. Он тоғыз жасында кітапханаға жұмысқа келген ол бүгінде өз ісін мінсіз орындайтын азаматшалардың бірі. Оқу залы тікелей оқырманмен жұмыс істейтіндіктен, мұнда кітаптың атауы мен ретін, оның мазмұнын білу маңызды. Алдыңа келген оқырманға тек бір әдебиетті қолына ұстата салып, «өзің тауып ал» деу кітапханашы мәдениетіне жат. Жоғарыда айтып өткендей, кітапханада әр бөлімнің жұмысы өз алдына қызық. Мәселен, мерзімді басылымдар секторында 20 мыңнан астам қор бар. Бір айда 200-ден астам оқырманды қабылдайтын кітапханашылар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жергілікті басылымдарды цифрландыруды бастап кетіпті. Бүгінде 1970 жылдан бергі басылымдардың электронды нұсқасын кез келген оқырман оқи алады.
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Жамбыл өңірінің тұрғындарына кітапхананы заманауи, ыңғайлы форматта баршаға қолжетімді болатын ауқымды, көпфункционалды, ақпараттық интеллект орталығы ретінде таныту мақсатында ашылған орталықтармен бізді оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Алтынбекова таныстырды.
– Бродкастинг залында офлайн-онлайн форматында республика, облыс, қала, аудан деңгейіндегі түрлі сала мамандарының қатысуымен іс-шаралар өткізу мүмкіндігі жасалған. Ол екі бөлмеден тұрады. Екінші бөлме – қонақжай (жайлы аймақ) – еркін пікір алмасу, жүздесу, ой бөлісу аудиториясы жайлы жұмсақ жиһазбен жабдықталған. Облыс әкімінің бастамасымен бүгінгі таңда цифрландырылған ақпараттық орталықтар өңірдегі 274 кітапхананың 151-інде ашылған. Оның 146-сы ауылдық кітапханалар. Ақпараттық орталықтарда «cao-zhambyl» сайты арқылы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына қажетті ақпараттар, egov.kz порталындағы бірнеше қызмет түрлерін алуға мүмкіндік жасалған. Кітапхананың коворкинг орталығы бірнеше аймақтан тұрады. Атап өтсек: жеке аймақ (кітапхана пайдаланушыларына жеке жұмыс жасауға мүмкіндік беретін арнайы жасақталған кабинкалар), фриланс аймақ (түрлі бағыттағы іскерлік кездесулер, келісімшарт кездесулер, өз бетінше түрлі жеке қызметтерін ұсынатын азаматтарға жағдай жасалған аймақ), еркін аймақ (жастарға түрлі тақырыптар аясында пікір алмасу, сұқбаттасу, ой бөлісу мақсатында немесе көңіл көтеру үшін жиналуға мүмкіндік беретін аймақ). Кітапхана – білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығы, қасиетті орда десек артық айтқандық емес. Кітаптың иісі мен тыныштық жайлаған кітапханамызды кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналдыру мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында релакс аймағы ашылған. Релаксация қарапайым босаңсу емес, ол денсаулыққа жол болғандықтан, аймақ пайдаланушылардың шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, психоэмоционалдық жағдайын жайландыру, ішкі күйзелістен арылту және әсем әуендер арқылы релаксация (босаңсу және тыныштық жағдайына түсу, тынығу) және қиялын дамыту. Аталмыш аймақ жергілікті ақын-жазушылар мен жастар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу, жастардың бойына жауапкершілік сезімін ұялату, оқырмандардың кітап қорындағы басылымдарға еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы негізінде «Ашық кітапхана – адал оқырман» жобасы аясында «Ашық кітапхана» кітапханашысыз кітапхана залы бүгінде жүйелі жұмыс жасауда, – дейді Гүлнұр Пернебекқызы.
Иә, бір қарағанға кітапхана қазына ордасы ғана секілді. Ал оның ішіне кіріп, сол бір әлемге енсең, мүлдем басқа ортаға түскендей күй кешесің. Мұндағы жаңашылдық пен оқырман үшін жауапкершілікті сезінетін кітапханашылардың әрбір күні жаңалықпен басталады. Сағат 9-00-ден бастап кешкі 19-00-ге дейін кітапхана демалыссыз жұмыс істейді. Ал жұма күні демалатын кітапханашылардың оқырмандарға жеткізер жаңалықтары әлі көп-ақ.

Түйін:

Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді.
Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Comments (0)
Add Comment