Қамар Қарасаева,
жазушы, журналист
Ақжарқын құрбым бар еді. Үнемі күлімсіреп, жүзінен қуаныш лебі сезіліп жүретін. Тым арманшыл өзі. Өмірдің қым-қуыт қиындықтарынан да қуаныш іздейтін. Сондай ақпейіл құрбымды жоғалтып алдым. Жоқ, ол өмірде бар. Бір қалада тұрамыз. Бірақ кездеспегенімізге, бұрынғыдай емен-жарқын сыр ақтармағанымызға көп болды. Онымен бөліспеген сырларым да жалғызсырап қалды.
Осыдан төрт жыл бұрын күйеуге шыққан. Өз отауын тіккенде, бәріміз қуанып, ақ тілектерді ақтарғанбыз. Содан кейін ол бізден алыстай берді. Біз оның есігін ашпадық. Ол бізді іздемеді. Бір күні үйіне іздеп барғанымызда, ақжарқын құрбымыздың мүлдем басқа адамға айналғанын көрдік. Бұрынғы шаттық нұры ойнайтын жүзін мұң торлаған. Жабығыңқы. Себебін де ашып айтпады. Ал күйеуінің түксиген қабағынан ескен салқындық жанымызды аяздай қарыды. Іштей құрбымызға налып, тез қайттық.
Кеше сол құрбымды жолықтырдым. Қабағы салыңқы. Күлімдеп тұратын жанарлары солғын тартқан.
– Ауырып жүрсің бе? Түрің солғын тартып кетіпті…
–Жоға. Жай, әншейін…
Сыр ашқысы келмегенін сездім. Ары қарай қазбаламадым. Үнсіздікті өзі бұзып:
– Менің жайымды түсінер ме екенсің…. ажырасқым келеді.
Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды.
– Неге? Күйеуің ренжітті ме?
– Жоқ. Ол тіпті ренжітуді де, жұбатуды да білмейді. Онда мүлде сезім атаулы жоқ, – дегенде дауысына діріл араласып, солқылдап жылап жіберді. Жұбатар сөз таппадым.
– Бұдан ары шыдай алмаймын. Төзімім таусылды. Тіпті ол туралы қалай айтарымды да білмеймін…
*** *** ****
Той күнінің ертесіне күн көкжиектен оқ бойы көтерілгенде оянған Жамал өз көзіне өзі сенбей қуанады. Ас үйдегі үстелді жайнатып қойған күйеуі әдеттегісінше әдемі жымиысымен мұны орындыққа отырғызып, сыпайылық танытады. Тойдағы қарбаласта орынсыз шашылған үй ішіндегі заттар реттеліп, жиналып қалыпты. Тіпті кір де жуылып, балконда жайылып тұр. Кеше асығыста тасып кеткен шайы газ бетін біраз былғаған болатын. Оның да ізі жоқ, аппақ газы жарқырап тұр. Жамал осының бәрін тындырған күйеуінің бұл әрекеттерін өзіне деген тәтті сезімнен, зор құрметтен деп ұқты. Сол сәтте қуанышы қойнына сыймады. Риясыз көңілмен күйеуіне рақметін жаудырып, мойнына еркелей асылды. Қиялға бай бойжеткен босаға аттағаннан кейінгі өмірі осындай тәтті сәттерге толы болатынына сенді.
Үйленгендеріне бірер апта өткенде бұларды үйлеріне қонаққа шақырғысы келетін дос-жаран, туысқандар бірінен соң бірі хабарласып жатты. Бәріне күйеуі өзі ғана жауап беріп:
–Айыпқа бұйырма, жұмысымыз көп, бара алмаймыз, – деп қысқа қайыра берді.
Жамал өзімен ақылдаспағанына іштей қынжылатын. Бірақ айта алмады. Күйеуінің көңіліне кірбің түсіріп алудан қорықты. Бұл жағдай қайталана бергесін жақын-жуықпен араласып, шақырғандарға барғысы келетінін жеткізген. Күйеуі қабағын тас түйіп:
– Қажеті жоқ. Неғыласың барып? Үйіңде тыныш қана отыр, – деп бетін қайтарып тастады.
Екеуінің арасына жарасым қалыптастырған әдемі сөз, сүйіспеншілік, сыйластық дегеннің жұрнағы да қалмады. Жамалдың жүрегін ызғар есті. Бастапқыда барынша сеніп, іштей ерекше қадірлеген күйеуіне ренішін жеткізе алмай қиналды. Алайда күйеуінің қабағынан қар жауған сәттері келіншектің жүрегіне мұз қатыра бастады. Ешкіммен араласпай, екеуі ғана шоштиысып күн кешкендеріне 3 айдай уақыт болғанда сабыры сыр берді.
– Бүгін үйге достарымызды шақырайық. Көріспегелі көп болды. Тіпті тойдан кейін ешқайсысын көрмедік қой. Олардың шақырғандарына да бармадық, – дей беріп еді күйеуі тағы да қабағын тарс түйіп:
– Керегі не сол дос, туыс дегендердің… Өз үйің бар. Ішер асың жеткілікті. Не іздейсің солардан? –деп шарт кетті.
Жылы шыраймен ақылдасып айтқан сөзіне осыншама айғайлағаны жанына батқан Жамал:
– Сонда ешкіммен араласпаймыз ба? –деп жылап жіберді.
– Не үшін араласасың? Түсінбеймін сені. Не керек саған олардан?
– Немене осы ел бірдеңе керек болғаннан араласа ма бір-бірімен? Бұл үй – сенің ғана емес, менің де үйім. Шақырғым келген адамымды шақырамын. Жетер төрт қабырғада қамалып, жеке-дара өмір сүргенім, – деп Жамал да қаншама күннен бері құлыптап ұстаған ашуының тиегін ағытты.
Жылап жүріп, ішіндегі шемен болып қатқан өкпе-ренішінің бәрін айтып салды. Биязы келіншегінен мұндайды күтпеген күйеуі сасқалақтап қалды. Сәлден соң қулыққа басып, кешірім сұрады. Қателескенін мойындағансып, әдеттегідей әдемі сөздерін шұбыртты. Жамал тағы да сенді. Жұбайымен арасындағы алғашқы реніштің осылай аяқталғанына қуанды да. Сол қуанышпен үйіне қонақ шақыруға қамданып кетті. Екеу арасындағы салқындық ізім-ғайым жоғалған еді.
Ертесіне үйіне шақырған меймандары келіп, мәре-сәре болысқан. Көріспегеніне үш-төрт ай болса да сағынысып қалыпты. Хал-жай сұрасып, емен-жарқын әңгіме қызып жатты. Дос-жарандарымен мәре-сәре боп отырған Жамал күйеуінің қасында жоғын байқамапты. Ас үйге кіргенде көзі шалды. Күйеуі тағы да қабағын түйіп алған. Түксиген түрі біреуді қауып алуға шақ тұрғандай. Онысын көрген Жамал көңілі құлазыса да, байқатқысы келмеді.
Меймандарын шығарып салып тұрғанында бір-екі құрбысы бұған сыбырлап:
– Немене, күйеуің бізді жақтырмады ма? Тіпті жақ ашпады ғой. Үйіңе кіргенімізде төбе көрсетіп еді. Қайтып ортамызға келмеді де. Ол бұрын мұндай емес еді ғой. Әлде үйленіп алғаннан кейін сені бізбен араластырғысы келмей ме? –дегенде Жамал ұяттан кірерге тесік таппады.
– Жоға, бүгін кішкене ауырыңықырап қалған болатын. Көңілдеріңе алмаңдар. Ол сол баяғысындай, – дегеннен басқа аузына сөз түссеші. Үйіне келіп, күйеуінің өрескел әрекетінің себебін сұрады. Жауап жоқ.
– Шыныңды айтшы, ешкіммен араласқың келмей ме?
– Жоқ.
– Неге?
– ……
– Жарайды, менің төркінімді, достарымды жақтырмайтын шығарсың. Сен тіпті өз туыстарыңа да қабақ түйесің, сәлемдеспейсің ғой….
– Қойшы болды.
– Сен қуанышыңды, қайғыңды кіммен бөлісесің сонда?
– Сен барсың. Басқа кім керек? Қуанышым да, қайғым да тек өзімдікі, басқамен бөлісіп қажеті не?
– Жақын-жуық саған керек болмағанымен, ертеңгі күні балаларыңа сыйласатын адам керек.
– Бала?
Күйеуінің көзіндегі дәл осы сәттегі үрейлі ызғарды Жамал бұрын көрмепті. «Бала» дегенді естігенде неге соншама шошынды?». Жүрегіне суық қанжарды сұғып алғандай, қанжылап тұрды.
– Құрсақ көтердім демеші, әйтеуір. Сен үйленбей тұрғанда «мен құрсақ көтере алмауым мүмкін» дегенің қайда? Қайдағы баланы айтып тұрсың?
– Жасым отызға келгенде тұрмыс құрғасын солай деп қорыққанмын. Бірақ мейірімі шексіз Жаратушыдан үмітім көп.
– Қайдағыны айтпа, мен балалы болғым келмейді. Қазір әркім қара басын әзер бағып жүрген заман. Бүгін бар дүние ертең жоқ. Талайлар жүр шұбыртып туған балаларын баға алмай. Құр қаңғыртып қойғанша, тумаған жақсы.
– Не деп тұрсың?
Жамалдың жанын аяз қарып, тілімделген жүрегінен қан сорғалап тұрғандай күй кешті. Тамағына тығылған өксік үнін шығартар емес.
– Әр бала өз нәсібімен туады. Жамандық шақырма! Жетер!….
Сол сәтте араға түскен сызат күн сайын үдей берді. Жарасымды жұбайлық өмірді қара көлеңке тұмшалады. Сенім орнын салғырттық, тәтті сезімдерді жеккөрініш алмастырды. Сүреңсіз күндер бірінің соңынан бірі жылжи берді осылай.
*** *** ***
– Кешегі мен сенген адам қайда? Сүйгенім мұндай жүрексіз емес еді ғой. Аузынан шыққан әрбір сөз мейіріммен айтылатын. Қазір одан жан жылуы сезілмейді. Онымен бірге қосқан тағдырымның ертеңі тым бұлыңғыр. Адамдардан қашқан, баладан безген мұндай жүрексізді кім деуге болады? Ажырасқым келеді, – деп құрбым солқылдай кеп егілді.
Сірә, кісікиік деген осы шығар…
– Әлде оның осыншалықты томаға-тұйық тірлікке тұмшалануына тағдыры себепкер болды ма екен?.. Тым ерте жасында туған үйінен, мамыражай ауылынан жырақтап, қалаға кеткен. Небір сындарлы сәттерді бастан кешкен. Сүрінген. Жылаған. Жараланған. Жұбатар жан таппаған. Қиналғанда арқа сүйеп барған туысы есік ашпаған. Беймезгіл уақта келген құдайы қонаққа да құрмет көрсететін ауылын аңсаған. Бірақ ауылына қайтпаған. «Қала өте қатал. Келбеті көз қызықтырып, көңіл сүйсіндіргенімен, еркелігіңді көтермейді. «Уақыт – ақша» дегенді ұстансаң ғана ұтасың. Қимылдамағанға қара бақыр да жоқ мұнда» деуші еді ылғи. Сонда да қаланың қаталдығына қарсы тұруға бекінген. Сол ерегес сезімі жүрекке шемен қатырып, шерменделікке шеңгелдеп тастады ма екен…
Құрбым әлі де болса пенделік шеңберінде қамалып қалған күйеуін жалғыздықтың қапасына қалдырғысы келмейтінін байқатты. Жас отау екі айырылмаса екен! Әй, қайдам бірақ…