Жамбыл облысы, соның ішінде қаланың экономикалық ахуалы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Егемендік алғаннан кейін қалыптасқан қағида құрдымға ұшырап, қайта жаңғыру кезеңі көп ұзамай жемісін бере бастады. 30 жылдың бедерінде өңірдің дамуын ілгерілететін қандай жобалар қолға алынды? Оны жүзеге асыруда кедергілер болды ма? Осы сауалдардың жауабын Тараз өңірлік университеті технологиялық факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әнуарбек Әйменнен сұрап көрген едік.
– Әнуарбек Талқаұлы, өңірдің экономикалық жағдайы сізге таңсық емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы өткенді саралап, болашаққа нық қадам басатын кезең деп алсақ, осы күнге дейінгі күрделі кезеңдерді де естен шығармағанымыз дұрыс болар…
– Кеңес өкіметі тұсында Әулиеатада Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Жамбыл суперфосфат, қант зауыты, жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы, Жамбыл аяқ киім комбинаты, ГРЭС, Жамбыл спирт комбинаты және темір бетон шығаратын зауыт толық қуатында жұмыс істеді. Химия өндірісі бойынша Жамбылдағы үш ірі зауыттың аты дүние жүзіне тарады. Тіпті жаңа валюта пайда болмай тұрып, фосфор зауытының өнімдері Қытайға, Еуропадан ары Африкаға жеткен. Яғни химия зауыты сол кезден-ақ біздің мақтанышымыз еді. Егемендік алғаннан кейін нарықтық заман бүйірден қысып, өнім өтпей қалды. Бәсекелестер басым болды. Фосфор зауытының өзі қарқынды және баяу жұмыс істейтін деп екі бөлікке бөлінді. Өкінішке орай, зауыттың екінші бөлігінде жұмыс тоқтап, шығындарды өтеу үшін уақытында үлкен жұмыс атқарған қондырғылар бөлшектеліп, көбісі Қытайға кетті.
Тәуелсіздікке дейін Жамбылда екі ірі үй соғатын комбинат болды. Оның бірі министрлікке қараса, екіншісі жергілікті Жамбылхимстрой еді. Жасыратын несі бар, осы тұста ортада пайда табуды көздегендер де аз болмады. Әсіресе, Солтүстік Кавказ, қазіргі Краснодардың ары-берісіне қоныс аударуды ойластырғандардың айы оңынан туды. Ұлтқа бөлінгендігіміз емес, бірақ орыс ағайындардың ішіндегі пысықайлар демонтаж жасап, қондырғылардың барлығын бір-бірлеп вагонмен жіберіп, зауытты көздеген орнына көшіріп алды. Қондырғылар Ресейге өтті. Тас та қалдырмады. Басқасын былай қойғанда, билік те араласа алмады. «Араласа алмады» дегеніміз қате болар, оның да бір шындығы бүгулі ғой. Сөйтіп, зауыт пен фабрикалар жабылып, халықтың басым көпшілігі жұмыссыз қалды. Ол жылдары жаңа құрылыс нысанын ашу деген алыстағы қияли арман сияқты еді. Сондай қиындықтарды көрсек те, қазіргі уақытта облыста құрылыс саласы қарқынды дамып жатқандығы қуантады. Оны дәлелдеудің де қажеті жоқ, санаулы жылдың ішінде қалада жаңа мөлтек аудандар пайда болып, сәулеті ерекше нысандар бой көтерді. Бұл орасан зор еңбекті қажет етті. Өрлеу кезеңі оңынан жүзеге асты десек қате айтпаған болар едік.
– Жамбыл ГРЭС-інің де құлдырауына нарықтық экономика әсер етті ме?
– Жамбыл ГРЭС-і уақытында толық қуатында жұмыс істеп, ішкі кірістің үлесін ұлғайтуға қомақты үлес қосқан. Қазір шамамен серіктестік 25 пайызға жұмыс істеуде. Ол да, шындығында, бәсекеге қауқарсыз болып қалды. Себебі бізге келіп жатқан электр энергиясының өзіндік құны олар шығарып отырған электр бағасынан төмен. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті өнім тиімсіз. Мойындау керек, ондағы құрылғылар ескірген. Мұны былай түсіндірейін, мысалы, 1 КВТ энергия шығару үшін оған жұмсалатын мазут пен газдың да үлесі есептеледі. Осы тұста ГРЭС-тің бағаны көтеруінің де жөні бар, себебі шығыны көп. Елімізде электр қуаты мен газ өндіруде бәсекелестік жоқ десек те болады. Екі ірі компания жұмыс бастаса, тарифті көтеруге дайын тұрады. Сол үшін де бағаны бір деңгейде ұстау қиын. Кез келген экономикасы қуатты мемлекетте коммуналдық төлемдердің құны бізден әлдеқайда жоғары. Мұның да сан түрлі себептері бар. Бәлкім, халық коммуналдық қызметтерді үнемдеп, тиімді пайдалануға ойысуы керек шығар…
– «Кәсіпкерлік» ұғымы бізге қашан келді? Жастар соны түсініп, байыбына барып еңбектеніп жатыр ма?
– 1991 жылдары қысылтаяң шақта тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды дедік. Дәл осы тұста бізге көпке дейін таңсық болған «кәсіпкерлік» деген ұғым пайда болды. Бірді бірге қосып іс бастауды көздегендер саудаға араласа бастады. Мектеп мұғалімдері де базарға шықты. Ер азаматтардың көбісі бұл істі намыс санап, үйде отырды. Әйелдер базарға әбден үйреніп, тіпті шетелмен байланыс жасады. Кәсіптің көзін тапқан нәзікжандылардың ішінде сол қарқыннан танбай еңбектенгендердің жағдайы қазір өте жақсы.
Бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектің шарапаты мол екенін білеміз. Жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грантты алып жатқандар баршылық. Расын айтсақ, солардың ішінде мүмкіндігін құр жіберіп, мемлекет сеніп тапсырған қаржылай көмекті мақсатсыз пайдаланатындар аз емес. «Судың да сұрауы бар». Қайтарымсыз грантты көктен түскендей оңды-солды жаратып, көлік мініп, той-томалаққа шашылғандарды да көрдік. Қазір керітартпалыққа салып, екі қолды бос қойған жарамайды. Жұмыс істеймін дегенге әркез тірлік табылады. Маған маза бермейтіні – отыз жыл өтсе де қара жұмысты істейтіндердің көбісі қазақтар болып отыр. Біздікілер «берсе екен» дейді. Осы ойдан түбегейлі арылмайынша, көркеюіміз қиын. Әйтеуір уақыттың өтуімен кәсіптің көзін тауып, мүмкіндікті оңынан пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Алыс кетпей-ақ қоялық, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы факультеттің студенттері де грант алып, іс бастап жатыр. Ата-аналарының кәсібіне сүйеу болып отырғандар да бар. Әрине, мұның барлығы егемендіктің жемісі деп білеміз.
– Өткен өтті. Тәуелсіз ел болғалы да біраз қиындықты еңсердік. Ендігі кезде қаланың экономикалық әлеуетін арттыру үшін қандай батыл қадамға бару керек деп ойлайсыз?
– Ең әуелі біз мемлекеттің ұстанып отырған негізгі бағытының бірі саналатын шағын және орта бизнес субъектілеріне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қолдан келетін шаруамен айналысқанымыз жөн. Өңірде ауыл шаруашылығына тектен-тек қомақты қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бір Қазфосфат кімге жетеді? Жамбыл жері – ертеден шөбі шүйгін, малға құт мекен. Соғыс жылдарында да астықты еселеп өндіріп, ерлік жасаған шаруалардың да аты аталған еді. Аудандарда осы істі қайта жандандырып, жеміс-жидек, көкөністерді көптеп өсірсек, қанекей?! Бұрын қаланың шеткі аудандарындағы колхоз, совхозда жеміс-жидек деген артылып, төгіліп жататын. Есесіне қалада қойма астыққа толатын. Қазір ә дегеннен үлкен зауыт салу қиын, бірақ осыны кезең-кезеңімен қолға алу керек деп есептеймін. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамыту керек. Еліміз әлемдік қауымдастыққа шикізат көзі ретінде ғана емес, үйлесімді дамыған, өндірістік технология жағынан жетекші ел болып танылуы қажет. Өңірдің климаттық ерекшелігіне сәйкес жеміс-жидектер өсіріліп, табиғи шырын немесе кептіру арқылы жартылай фабрикаттар шығаратын кәсіпорын ашылса дейсің. Қазір дұрыс тамақтанудың өзі сәнде десек қате айтпайтын шығармыз. Табиғи өнімге сұраныс та әркез жоғары. Сатылымдағы жеміс-жидек пен көкөністердің басым көпшілігі шет мемлекеттерден келеді. Мұның орнын отандық өнімдер басса, табысты іс болар еді.
– Шеткі аудандар шаруашылыққа таптырмайды дейсіз ғой?
– Иә, әлбетте солай. Отыз жыл бұрын бізге сүт жетпейтін. Таңғы алтыдан сүт өнімдеріне кезекке тұратынбыз. Етті қаладағы «Коператор» деген дүкеннен алатын едік. Бірде аспирантурада оқып жүргенде Мәскеуге бардым. Сонда елге қайтпас бұрын сиыр етін сататын дүкенге соқтым. Мен сатушыға таңертең Жамбылға шығатынымды айтып, сиырдың бір санын алып қалуын сұрадым. Келіскендей ертесіне етті алып ауылға қайттық. Үйге келген соң етті ашып қарасақ, «Джамбулский мясокомбинат» деген штамп тұр. Бәлі, Кеңес өкіметі тұсында өңірдегі сапалы өнімдердің орталыққа жеткізілетінін сонда түсіндім. Қазір шүкір, өнімдер әуелі өзімізге жетеді, артылғаны шығарылып жатыр. Демек, Жамбыл жері әуелден-ақ шаруашылыққа қолайлы болған. Бірақ кез келген істің оң жамбасқа келмейтін тұсы да болады ғой. Бізде, бір өкініштісі, жайылымдық жерлер азайып барады. Аудандардың өзінде жер телімдерінің көбі жекеге өткен. Бірақ қаланың өзінде ауыл шаруашылығы бөлімінің бар екенін естен шығармау керек. Олар осы істі мықтап қолға алғаны дұрыс.
– Тараздың туристік орталыққа айналуына толық мүмкіндігі бар ма?
– Таразда әлем елдері қызығатындай құпия жерлер көп. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылым мен логистика мықты болуы керек. Бүгінде бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі іске асырылуда. Қаланың шырайын ашатын «Көне Тараз» кешенінің аумағы көркейіп, саябақтар да жаңарып, түрленуде. Биыл да осы жұмыстардың тізбегі жалғасуда. Жабайы сауда орындарымен күрес жұмыстары да қарқынды жүріп, орынсыз дүңгіршектер сүріліп, қала көшелерінің шырайы ашылды. Абаттандыруға аудандар да араласып, қажетінше көмектесуде. Осыған қарап, ендігі бес жылда жағдай тіпті жақсы болатынына сенім мол. Әрине, қазірдің өзінде қала тұрғындары ризашылықтарын білдіріп жатыр. Дегенмен туристерді тарту жағы ақсап тұрғаны рас. Еуропа елдеріне, соның ішінде Түркия мен Египетке неге туристер ағылады? Себебі онда қызмет көрсету сапасы жоғары. Біз де осыны мықтап қолға алсақ болады. Ол үшін, біріншіден, қонақ үйлерді озық үлгіде жасақтау керек. Барлық қызмет көрсету орындарының құны да қалтаға ауырлық салмағаны дұрыс. Осы бағытта бәсекелестік таныту үшін бренд қалыптастыру маңызды. Ғаламторда қала туралы ел қызықтыратын деректер әзірге жоқтың қасы. Туристер қаламен таныса алмайды. Әрине, бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жүргізілмесе, шетелдіктер былай тұрсын, ел тұрғындары да келуден қалады. Ең алдымен осы мәселе реттелсе, әлем елдері бізге көз тігіп, саяхаттауға келетіндердің саны еселеп артар ма еді? Жалпы қаланың туризм арқылы ішкі кірісті 20 пайызға дейін өсіруге мүмкіндігі бар.
– Кәсіпкерліктің сан саласы бар. Қалада қайтарымсыз грант алуға өтінім беретіндердің көбісі сән салондарын ашуға ниетті екен. Бұған қандай пікір айтар едіңіз?
– Заманына қарай адамы дейміз. Расымен, бүгінде шаштараздар сән салонына айналып жатыр. Ауқымы кеңейген соң, қызмет көрсету сапасына да ерекше мән берілуде. Сұраныс өте жоғары. Соған орай осы бағытта іс бастағандардың бәсекеге қабілетті болуы шарт. Кәсіпке жаңаша қадаммен, басқа қырынан келмегендердің жұмысы өнбейді. Зерттеулерге көз жүгіртсек, әлемде осындай қызмет түрлерінен жалпы мемлекеттің ішкі өніміне 15-20 пайыз табыс түседі. Бір қарағанда, кішігірім кәсіп болып көрінгенмен, әрбір адам қажет ететінін істің көзін тапсаң, еселеп табыс табуға болады. Сондықтан бұл салада қайтарымсыз грантты өтініш бергендердің бизнес жоспарына, алға қойған мақсатына қарап беруге әбден болады.
– Азық-түлік бағасының жыл санап өсетініне тұрғындар таң қалудан қалды. Мұның шегіне жетеміз бе? Қалыптасқан жағдайға экономист ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Жыл сайын ішкі өнім өсті, сәйкесінше кіріс артты деп қағаз жүзінде қанттай қыламыз. Бірақ, екінші жағынан, тауарлардың да бағасы өсіп жатқанын ескеру қажет. Бұл – диспропорция. Қуып жете алмайтын дүние. Жалақы көтеріледі, азық-түлік бағасы өседі. Мойындау керек, қаладағы азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауға әкімдіктің мүмкіндігі жоқ. Рас, әлеуметтік дүкендерде өнімдер нарықтағы бағадан арзан. Бірақ бұл да бағаны ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды. Ең бірінші, бәрінің есебін біліп алған дұрыс. Кез келген өндірісте ішкі қажеттілікті толықтырмай, сыртқа шығарудың қажеті жоқ. Бірер жылда ет бағасының шарықтап кетуіне осы жағдай түрткі болды. Өндіріс иелерімен келісіп, жоспар құрып, сол меже орындалса, одан артық өнім берудің қажеті жоқ.
Шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендердің де көбісі тындырып тірлік істей алмады. Себебі олар Еуропаның экономикасын зерттеп білгенімен, еліміздің жағдайын түсінбейді. Еуропа мен Қазақстанның айырмасы бар ғой. Бүгінде студенттердің арасында көзі ашық, өзінің ойын ашық білдіретін, пікірталасқа түскенде өз позициясында тұра алатын жастар баршылық. Соңғы 7-8 жылда жастар болашаққа нақты жоспар құрып, өзіне қажет дүниеге қол жеткізуге дағдылануда. Бұл, әрине, біздің 30 жылда жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі десек қателеспейміз. Себебі білімді жастар – кемел келешектің тұтқасы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ