«Кино – тірі ағза»

Дәурен Қамшыбаев,
режиссер:

«Мен қартайғанда кинематографист болғым келмейді. Себебі фильмография – мен үшін киелі ұғым» дейді кино сүйер қауымға белгілі Голливудтың әйгілі режиссері Квентин Тарантино. Кез келген өнер адамы үшін жастық шақта өмірге әкелген туындылары бір төбе. Онда жалын да, логика да, аздаған «тентектік» те болады. Ол сонысымен құнды. Сонысымен де суреткер үшін бағалы. Өнер деген алып айдынның қақ ортасына қармана жүзіп бара жатқан кейіпкеріміздің есімі – Дәурен Қамшыбаев. «Қазақ кинематографиясын өрге шығарамын» деген нақты мақсаты бар жас режиссердің өнерге деген махаббаты мен елдегі кино саласының ахуалы жөніндегі сұқбатын оқырман назарына ұсынамыз.

– Сіз үшін өнер деген не? Режиссер болғыңыз келетінін қалай түсіндіңіз?
– Дүниені, тіршілікті, әлемді, қоғамды түсінуге талпыну және өз түсінігімді, өз сезімімді әлемге кино арқылы паш ету. Міне, осы дүние мені режиссер болуға итермеледі. Режиссура барлық құбылысқа тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
– Өзіңіз бен өнімдеріңіз хақында баяндап берсеңіз…
– Өнімдеріме келер болсақ, жуырда Алматыда ST лақап атымен белгілі мәскеулік өнер жұлдызына Айсұлтан Сейтовтің «Qara» бірлестігімен бірге «Родители» деген туындыға бейнебаян түсірдік. Қазір бейнебаянды желіден тамашалауға болады. Айсұлтанмен бірге көптен бері бірлескен жоба жасауды жоспарлап жүргенбіз. Сәті енді түсіп, тамаша дүниені өмірге әкелдік. ST бұл туындысында отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасын баяндайды. Оны суреттеу маған қиынға соққан жоқ. Түсірілім барысында тоқтаусыз камера қозғалысы арқылы отбасы мүшелерінің түр-түсіне, діни ұстанымдарына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, бірдей мәселелерге тап болып жатқанын жеткіздім. Мен Калифорния университетінің жазу тобында білім алдым. Өз ісінің нағыз маманы саналатын режиссерлер мен сценаристерден тәлім алдым. «Оскар» сынды беделді жүлдеге үміткер болған, көпшілік өнімдерін шедевр деп бағалайтын мықты мамандардан дәріс алу мен үшін үлкен құрмет.
– Түсірілім кезінде сізді қандай детальдар ерекше күйге бөлейді және қандай тәсілдерді қолданбауға тырысасыз?
– Түсірілім процесін ерекше жақсы көремін. Түсірілім алаңында өзімді суда жүзген балықтай сезінемін. Себебі кино – тірі ағза. Бұл сезімді тек түсірілім алаңында бастан өткеруге болады. Мұнда кино сізді өз ережелеріне бағындырады. Мұнда әрбір жұмыс кезеңі маңызды. Бас тартатын тәсілдер мен детальдар болмайды. Бір бөлшектен бас тартсаңыз, киноның күлі көкке ұшады. Менің жанымның қалауы – түсірілім алаңында үздіксіз жұмыс істеу. Аз уақытқа алаңнан алыс кетсем өзімді жайсыз сезінемін.
– «Taraz Film School» киномектебінің негізін қаладыңыз. Бұл мектептің болашағына қандай бағдар жасайсыз?
– Мектепті алғаш ашқан кезде «осының саған не керегі бар?» сарындас сұрақтар көп болды. Өз уақытында менің білім алуға мүмкіндігім болған жоқ. Осы мүмкіндікке қол жеткізу үшін көптеген кедергілерден өттім. Мен осында оқитын балаларға қажетті білімді осы мектептің қабырғасында жүріп алуға мүмкіндік бергім келеді. Бір жылдан соң мектебімізге кино хақындағы білімін жетілдіруге еліміздің түкпір-түкпірінен балалардың ағылып келетінін анық болжай аламын. Біз қалалар мен мемлекеттерді біріктіретін үлкен мектептің негізін қаладық. Бұл мақсатымыз 3-5 жылдан соң жүзеге асатынына сенемін. Біз шағын шаһарлардағы киномектептер әлемге талантты актерлер мен режиссерлерді, тамаша кино мамандарын сыйлайтынын тәжірибеден білеміз.
– Сүйікті жанрыңыз қандай?
– Комедияны ерекше жақсы көремін. Комедия – өмірдің мәнін күлкі арқылы іздеудің тәсілі. Мұнда адамдар жыламайды. Күрделі көрінген жайттың барлығын күлкімен ұғады.
– Кино түсірудегі өзіңіздің жеке тәсіліңіз қандай?
– Кино – командалық жұмыс. Рас, түсірілім барысында белгілі бір ережелер болады. Мысалы, киномектеп тыңдаушыларын біз режиссердің түсірілімге деген өзіндік көзқарасы, идеясы ең маңызды дүние деп үйретеміз. Режиссер экранда көрсетілетін барлық процесс үшін жауапкершілікті сезінген сәтте нағыз қызу жұмыс басталады. Режиссер продюсердің немесе саясаттың қатаң қысымына ұшыраған сәтте өз туындысын көпшілік ойлағаннан да керемет етіп дүниеге әкелуі мүмкін немесе жай ғана тұйықталып қалуы мүмкін. Мұндай нәрсеге кез келген режиссер кезігеді. Және бұл – өте қауіпті құбылыс.
– Жас кинорежиссер ретінде отандық киноиндустрия жайында не айтасыз? Қандай кемшіліктер бар? Жетістігіміз қандай?
– Кемшіліктер мен артықшылықтар туралы үндемегенім абзал. Бұған бір ғана қарапайым себеп бар. Біз барлығымыз, киноиндустрияда жүрген мамандардың бәрі осы саланың тасын өрге домалатуды көздеп, тер төгіп жүрміз. Барлығымыз қолымыздан келген тәсілдерді пайдаланып, отандық киноиндустрияны ұшпаққа шығарғымыз келеді. Менің көзқарасым – осы.
– Шетелдік өнімдер сіздің кино туралы көзқарастарыңызға қалай әсер етеді?
– Кино – әсері орасан, ең мықты идеология құралы. Маған, менің өзге де әріптестеріме оның әсері зор. Мейлі кино түрлі-түсті не қара-ала болсын, дауыспен не дауыссыз болсын, қысқа не ұзақ болсын, кез келгені адамның санасына әсер етеді. Киноны түсінікті немесе түсініксіз деп екіге бөлген дұрыс деп есептеймін. Кез келген өнімнен белгілі бір сауалға жауап табуға болады.
– Осы тұста заңды сұрақ туындайды. Өнерде ұлт пен дәстүрдің маңызы бар ма?
– Өнер үшін маңызды дүние – ойды жеткізу. Осы әлем туралы оймен бөлісу. Кейде ол ойлар қалыптасқан жағдайға қарама-қайшы келуі мүмкін.
– Қазіргі қазақстандық киноиндустрияда прокатта жүрген өнімдердің 80 пайызы – шетелдің өнімдері. Бұл құбылыс сізді қорқытпай ма?
– Меніңше, бұл мәселе уақыт өте келе өз орнына келеді. Ерте ме, кеш пе, біздің кино мамандары көрерменнің талаптарын қанағаттандыра алатын жағдайға жетеді деген сенімдемін.
– Жыл басында Үкімет кино туралы заң қабылдады. Бұл құжаттың сіздің шығармашылыңызға қандай әсері бар?
– Мұндай заң бұрын болмаған. Кино саласына Үкіметтің назар аудара бастағаны мені қуантты. Бұл – үлкен қадам. Сала алға жылжып келеді деуге болады. Болашақта тағы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, салаға серпін беретініне сенемін. Ерте ме, кеш пе, кино өндірісінде жүргендіктен, осы нормативтік құжаттарға сүйенетін боламын. Киноны жарыққа шығаруда бұл заң біздің жұмысымызды жеңілдетеді деген ойдамын. Ең бастысы, бұл заң жай ғана қағаздағы жазу болып қалмауы тиіс. Кино жайындағы заң кедергілерсіз жаңа идеялардың дүниеге келуіне сеп болары анық.
– Суреткер ретінде адамдардың өміріне әсер етуден қорықпайсыз ба?
– Қорқамын. Әрбір суреткер қорқады. Кез келген суреткер өз ішіндегі қараңғылықтан, өзінің альтер эгосынан қорқады. Біздің кеудемізде жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Әр суреткер өз әлеміндегі ең жаман дүниелердің жарыққа шығып кетуінен қорқады.
– Сіз үшін көрерменнің сізді режиссер ретінде мойындауы маңызды ма?
– Мен жұмыстары сөреде шаң басып жататын режиссер болғым келмейді. Өзімнің жаңа туындыларыма үлкен төзіммен, шыдаммен, зор ыждағаттылықпен қараймын. Тұсаукесерін кейінге қалдыра беремін. Барынша дайын, сапалы өнім ұсынғым келеді. Өзің қастерлеп жүрген дүниемен бөліскенде, ол өнімді мыңдаған адам тамашалағанда өз іштерінде белгілі бір ой түйсе, ол ой олардың өмірін жеңілдетсе, саналарындағы сұрақтарға жауап табылса, режиссердің түпкі мақсаты орындалды деген сөз. Дәл осындай өнім шаң басып жатса, мұны қылмыс деуге болады.
– Сонда жақсы өнімнің негізгі критерийлері қандай?
– Менде авторлық кино және коммерциялық кино деген қос түсінік бар. Коммерциялық кино барынша өз көрерменінің көңілін табуды көздейді. Авторлық кинода режиссер өз көңілін табуға тырысады. Режиссер өзіндегі дүниені көрерменге жеткізгісі келеді. Біз осы қос түсініктің орта нүктесіндегі өнімді дүниеге әкелуге тырысамыз. Көрерменнің де көңілін табамыз, бір есептен режиссер бұл өнімде өз тарапынан да белгілі бір ойдың өміршең болуына ықпал етеді.
– Сіздіңше, Тарантино, Спилберг, Нолан сынды режиссерлердің жетістік пен табыс құпиясы қандай?
– Бәрі қарапайым ғана дүние. Біз әлі күнге дейін кино түсіру процесіне адамның ақылы жетпейтін, өресі жетпейтін, сананы сарсаңға күрделі математикалық есеп секілді қараймыз. Бұл – қате. Киноға үйренуге болатын кәсіп немесе қарапайым ілім ретінде қараңыз. Негізіне, іргетасына үңіліңіз. Батыс кино мамандарының құпиясы осы деп білемін. Мысалы, Голливуд – бұл айқын формула, айқын жұмыс процесі, кино өндіріс кезеңдерінің айқын көрінісі. Осыған қарамастан, бұл өнімдер – нағыз өнер туындылары. Олар кино өнеріне нағыз ғылым ретінде қарайды. Ғылым арқылы өнер туындысын өмірге әкеледі. Ал біз әлі кемемізді іске қоспай, аспан денелерін зерттемей жатып ғарышты бағындырғымыз келеді.
– Кімдерді оқисыз?
– Қайталап оқитын авторым – Ницше. Әсіресе, «Так говорил Заратустра» шығармасы. Біздің зерттеу нысанымыз – адам. Кез келген өнердегі шығармашылық тұлғасының алған бағыты – адамның жан әлемі. Біз «неге, қалай, кім?» деген сұрақтарға үздіксіз жауап іздейміз. Бізге бұл сұрақтардың жауабын табатынымызға ешкім кепілдік бермейді. Белгілі бір уақытта тапқандай шат-шадыман күй кешеміз. Ізінше қайтадан ізденіске түсеміз. Заратустра – осындай кейіпкер. Ал ақындардан Евтушенко, Бродский, Пастернак, Блоктарды сүйіп оқимын. Қазақ ақындарынан Жарасқан Әбдіраштың шығармашылығынан көптеген сұрақтарыма жауап тауып келемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments (0)
Add Comment