Жылдағы дәстүр бойынша қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың халық алдындағы есебі басталды.
Арайлым ШАБДЕНОВА. Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Президенттің 2016 жылдың 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес бүкіл деңгейдегі әкімдердің жыл ішінде атқарған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есеп беруі өтуде. Қала жұртшылығы жылына бір өздерінің өтініш-тілектерін шаһар басшысына тікелей айтып, бетпе-бет кездесуге асығатыны сөзсіз. Бірақ еліміздегі пандемияға байланысты, вирустың алдын алу мақсатында қаланың бас санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылдың 22 қаңтардағы №375 қаулысы негізінде әкімнің есебі онлайн өтетін болды. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында халықпен желі арқылы тілдескен шаһар басшысы қаланың даму динамикасына жан-жақты тоқталды. Алдымен №1 аумақ тұрғындарымен кездескен Айтқазы Дәулетқұлұлы жыл бойына қалада атқарылған жұмыстарды ортаға салды.
Өткен жылы басталған пандемия жұмысқа кері әсерін тигізді десек те, қаламызда Президент тапсырмаларына сәйкес және облыс әкімінің қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 340 жобаны қаржыландыруға 13,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 100 көше мен жаяу жүргіншілер, 163 аула, 10 білім нысанына ағымды жөндеу мен құрылыс жұмыстары, 67 басқа да құрылыс және инфрақұрылым жобаларының құрылыстары іске асырылды.
Нәтижесінде 5597 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеу үшін республикалық бюджеттен 451,8 млн теңге қаржы қарастырылып, 15060 отбасының екі ай 15 мың теңгеден коммуналдық қызметтері төленді. 2020 жылы төтенше жағдай кезеңіне халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз ету үшін 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 5556 теңгеден 5 санатқа 4 айға 26965 адамға 615,0 млн теңге төлем жасалынды.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жұмыстан қысқартылған немесе табыстарынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы (42500 теңге) мөлшерінде 61488 азаматқа әлеуметтік төлем берілді,– деген қала әкімі әр сала бойынша жеткен жетістіктерге де кеңінен тоқталды.
Жалпы газетіміздің 20 қаңтардағы №3 санында қала әкімінің тезисі толығымен жарияланған болатын. Газетте шаһар басшысы толық мәлімет бергендіктен, тұрғындармен кездесуді жазу барысында әр салаға тоқталуды жөн көрмедік.
№1 аумаққа «Астана» мөлтек ауданы, «Төрткүл», «Химпоселок», «Дорожный» алқаптары кіреді. Мұнда 29700 тұрғын тұрса, 72 көше аумаққа қарайды. Округтің бас инс-пекторы Нұржан Жұмағұловтың айтуынша, жыл бойына атқарылған жұмыстар халық көңілінен шыққан және өткен жылғы есепте көтерілген бірқатар мәселелер өз шешімін тауыпты.
Жалпы 2020 жылы осы аумақтық округте өткен есепті кездесу барысында 4 азамат сөз сөйлеп, 4 ұсыныс-пікір түскен. Бүгінгі таңда 2 мәселе шешімін тапса, 1 сұрақ орындалу үстінде, 1 ұсыныс бойынша түсініктеме беріліпті. Бұл туралы шаһар басшысы өз баяндамасында да атап өтті.
– Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 41,4 млн теңгеге Рысбек батыр көшесі №6 үйдің шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 622,2 млн теңгеге 6,2 шақырым автомобиль (Бөлтірік шешен көшесінің 1, 2, 3-ші бұрылыстары, Ы.Сүлейменов көшесі тротуарымен, Химиктер, Ломоносов көшелері), 4,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарына (Жұбанышев, Ниетқалиев көшелерінің тротуарлары) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 31,1 млн теңгеге Төле би даңғылының соңындағы су құбыры ағымды жөндеуден өтті.
Рахимов және Ы.Сүлейменов көшелеріндегі лоток желілері ауыстырылса, 37 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 13 аула алаңшасы абаттандырылды. Білім беру саласы бойынша округтегі №7 мектеп-гимназияға «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында турникеттер (5,4 млн теңге) орнатылса, №53 мектеп-гимназияға қосымша бейнебақылау қондырғысы қойылды. Ал №16 бөбекжай-бақшасының ауласына абаттандыру жұмыстары (9,4 млн теңге) жүргізілді. Қашықтан оқытуға байланысты округтегі 3 мектеп оқушылары үшін 543 дана компьютер техникасы (планшет, моноблок, ноутбук) берілсе, жалпыға міндетті білім беру қорынан 811 оқушы көмек алды (киім-кешек, кеңсе заттары, мектеп формасы).
Округтегі 158 отбасы (632 адам) 4,6 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алса, 155 отбасына (775 адам) 68,5 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 1-6 жас аралығындағы 312 бала ай сайын 2812 дана азық-түлік жиынтығымен, тоқсанына бір рет 891 дана тұрмыстық химиялық тауарлармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ аумақтық округте 1 жаттығу залы және 2 кіші футбол спорт алаңшасы салынды, – деді Айтқазы Қарабалаев.
Жиын барысында шаһар басшысы «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желісіне түскен сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар осы күні түстен кейін шаһар басшысы №2 аумақ тұрғындарының алдында есеп беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Бұл аумаққа «Бурыл А,Б,В», «Хамукат», «Родничок» және Гидрокешеннің маңы кіреді. Алдымен жыл бойына жеткен әр саланың жетістіктеріне тоқталған қала әкімі есеп соңында аумақта атқарылған тындырымды тірліктерді көпшілікке таныстырды.
– Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 96,6 млн теңгеге Қойбақов көшесі №8, №16 үйлердің шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 56,6 млн теңгеге 2,9 шақырым автомобиль жолдарына (Пацаев көшесі бұрылыстарымен, Шынар («Родничок» т/а), Смаилов көшелері) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 87,3 млн теңгеге Көшек батыр, Мәмбет батыр, Қапал, Абланов көшелерінің соңындағы және Богуна көшесіндегі су және кәріз құбырлары ағымды жөндеуден өтті.
12 көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын 6 аула алаңшасы абаттандырылды. Білім саласы бойынша округтегі №44, №54 мектептерге «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында турникеттер (10,8 млн теңге) орнатылса, №№37, 50, 54 мектептерге қосымша бейнебақылау қондырғылары қойылды. Ал №9 орта мектебі (9,6 млн теңге) мен №15 бөбекжай-бақшасының (10,8 млн теңге) ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қашықтан оқытуға байланысты округтегі 6 мектеп оқушылары үшін 221 дана компьютер техникасы (планшет, моноблок, ноутбук) берілсе, жалпыға міндетті білім беру қорынан 2010 оқушы көмек алды.
Округтегі 465 отбасы (1860 адам) 12,5 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алса, 349 отбасына (1745 адам) 142,8 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 1-6 жас аралығындағы 385 бала ай сайын 3472 дана азық-түлік жиынтығымен, тоқсанына бір рет 1205 дана тұрмыстық химиялық тауарлармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ аумақтық округте 2 «street workout» спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Ал әлеуметтік желі бойынша қойылған сауалдардың басым көпшілігі коммуналдық мәселелер төңірегінде болды. Сұрақтардың бірқатарына жауап берген шаһар басшысы қалған сауалдарға жазбаша түсіндірме берілетіндігін және әр тұрғынның тілегі ескерілетіндігін жеткізді.
Шаһар басшысының келесі кездесуі №3 аумақтың тұрғындарымен өтті. Бұл округке «Төңкеріс» және «Телеорталық» алқаптары мен «Рассвет», «Проектировщик» пен «Жігер» саяжайлары мен бірқатар көшелер кіреді. Алдымен жыл бойына атқарылған жұмыстарды атап өткен қала әкімі сөз соңында аумақ бойынша жасалынған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
– Жамбыл даңғылының Мәмбет батыр көшесіне дейінгі оң жағы, Қапал көшесінің 4-бұрылысы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Көшеней көшесі 6-бұрылысының соңындағы (Пирогов көшесінен Сыпатай батыр көшесіне дейін) су құбыры ағымды жөндеуден өтті. Желтоқсан, Қойгелді, Бектұрғанов, Бейбітшілік көшелеріндегі лоток желілері ауыс-тырылса, 12 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 3 аула алаңшасы абаттандырылды. Сондай-ақ №5 мектеп-гимназияның жылу жүйесіне, №23 орта мектебінің суық су жүйесіне, №10 орта мектебінің әжетханаларына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
№31 орта мектебіне пандустар орнатылса, №№5, 10, 23, 31 мектептерге қосымша бейнебақылау қондырғылары қойылды. Қашықтан оқытуға байланысты округтегі 6 мектеп оқушылары үшін 856 дана компьютер техникасы берілсе, жалпыға міндетті білім беру қорынан 1467 оқушы көмек алды. Сондай-ақ аумақтық округте Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің жазғы спорт алаңшасы және 5 «street workout» спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді, – деді Айтқазы Қарабалаев.
Есеп аяқталғаннан кейін кезек әлеуметтік желідегі сауалдарға берілді. Бұл жолы шаһар басшысына балабақшадағы айлық жалақысы уақтылы берілмейтіндігі және №3 мектеп-лицейіне жұмысқа тұру үшін «ставка» сұрайтындығы туралы сауал жолданды. Сұраққа байланысты қала әкімі тиісті жауап беріп, лицейге қатысты жемқорлық фактісімен іс сотқа жолданғанын айтты.
Ал өзінің есімін жазбаған қала тұрғыны Майқы би көшесіне жаяу жүргіншілер жолағын салып беруді сұранса, №10 мөлтек ауданының тұрғыны 20 жылдан бері жертөленің суға толып кететіндігін айтып, арыз қалдырған. Қойылған сұрақтар бойынша жауаптар жолданып, тиісті сала мамандарына тапсырма берілді.