Әкіммен ашық әңгіме

Көне шаһардың үш жылдық даму жоспары БАҚ өкілдеріне таныстырылды

Кеше қала әкімі Бақытжан Орынбеков М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Тәуелсіздік залында БАҚ өкілдерімен жүздесті. Жиында шаһар басшысы сөз алып, алда атқарылатын жұмыстардың жоспарын баяндады.

– Тараз қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму картасында көне шаһарды жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық саланы қамтитын жұмыстар қарастырылып отыр. Негізі, әлеуметтің әлеуеті көтерілуі үшін өндіріс өркендеуі қажет. Сондықтан жол картасында 2025 жылға қарай өнеркәсіп өндірісінің көлемін 567,8 миллиард теңгеге жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Яғни жыл сайын 5-10 пайыз өсім қамтамасыз етілуі қажет. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ жаңадан құрылған «Тараз» индустриалды аймағында жоспарланған жобаларды іске асыру арқылы экономикамыздың әлеуеті артады деп күтілуде. Осы мақсатта жалпы ауданы 184,6 гектар жер телімі анықталып, басқарушы компанияға ұсынылған. Қазіргі таңда инвесторлар құны 55,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыруға кірісті.


Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің сұраныстары негізінде шағын бизнес бастамаларын жүзеге асыру мақсатында қала аумағында 1,6 гектар жер телімі белгіленді. Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе 100-ге жуық жобаның тізімі жасақталды. Әр жобаның мүмкіндігіне қарай орындар белгіленіп, шеберханалар, цехтар ашылады.

– Киелі Әулиеата өңірі – ауыл шаруашылығы саласы арқылы танылған аймақ. Сондықтан бұл салаға барынша мән беруіміз қажет. Осыны ескере келе, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 18 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бүгінгі күнге нақты құны 2 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Жоғарыда айтылған инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2025 жылға қарай 165 миллиард теңгеге жетеді. Ал бөлшек сауда тауар айналымы 345,3 миллиард теңгеге дейін артады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, келер жылы құрылыс жұмыстары да қарқын алып, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштерді орындау үшін бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 50-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 2023-2024 жылдары жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Білім саласына да баса назар аударылып, 2023-2025 жылдар аралығында 14 мектеп, №15 ықшамауданнан Оқушылар сарайы бой көтермек. Осының нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалмақ. Бұған қоса, алдағы 3 жылда 6,4 миллиард теңгеге 19 оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жеке кәсіпкерлер тарапынан 11 балабақша есігін айқара ашпақ.
– Жұмыспен қамту саласында 2023-2025 жылдары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде 1 500 азаматқа қайтарымсыз гранттар берілсе, 1 650 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 900 адам «Жастар практикасына» тартылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендейді. Ал жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыздан 3,3 пайызға дейін азаяды. Алдағы 3 жылда ашылатын еңселі нысандар жетерлік. Атап айтсақ, «Мамыр» саябағының аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған иппотерапия орталығы және 30 орындық монша салынса, 2 әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы салынып, «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады. Бұдан бөлек, №14 ықшамауданда 1 300 орынға арналған Орталық концерт залы бой көтереді, – деген шаһар басшысы даму картасына ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, тұрғындар тарапынан көтерілген ең маңызды мәселелерге басымдықтар берілгенін жеткізді.
Мәселен, 2023 жылы – 116, 2024 жылы – 83, 2025 жылы 82 көше мен бұрылысқа орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылған көшелердің саны 39 пайызға жетпек. Ал автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 қоғамдық көлікті алу жоспарланып отыр екен. Соған орай қосымша 15 жаңа бағыт ашылып, 120 аялдама орнатылады. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, облыс орталығының Бас жоспарына енгізілген түзетулерге сәйкес, қала құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан жалпы көлемі 10,4 мың гектар, халық саны 44,5 мың адамды құрайтын 14 елді мекен мен 2 саяжай алқабын енгізу қарастырылған. Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.
Кездесу барысында БАҚ өкілдері де көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Басқосуды қорытындылаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков мұндай кездесулер келешекте де жалғасын табатынын баса айтты.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment