Әкіммен ашық әңгіме

– Біз үшін қала тұрғындары мен олардың талап-тілегі – басты орында. Сол үшін әкімдіктің ең басты жұмысы жол жөндеу, жарықтандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік санын арттыру сынды мәселелерге бағытталады. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары да – басты назарымызда. Облыс орталығының жасыл белдеуін дамыту бағытында да бірқатар істер қолға алынбақ. Бүгінгі таңда қаланы дамыту жоспары түзілді. Енді жоспарды жүйелі орындау арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту көзделуде. Тағы бір айта кетерлігі, имидждік жобаларға бөлінетін қаражат бұдан былай шаһардың әлеуметтік- экономикалық жағдайын жақсартуға, қордаланған мәселелерді шешуге жұмсалатын болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы БАҚ қызметкерлерінің сауалдарына құлақ түрді.
Өз кезегінде журналист Ерман Әбдиевтің «Көне Тараз» кешенінің маңайына тал-теректер егу туралы ұсынысына шаһар басшысы тіршілік нәрінсіз мұндай жұмыстар жүргізілмейтінін, сол үшін бұл жаққа ең алдымен су тарту керектігін баса жеткізді. Сонымен қатар Бақытжан Әмірбекұлы өзінің бизнесі туралы ел аузындағы қауесетке нүкте қойды.
– 2004 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысқаным рас. Сол жылы барлық бизнесімді бауырыма тапсыр- ғанмын. Ал Таразда бизнеспен шұғылданбадым. Себебі мемлекеттік холдингте, компанияларда қызмет еттім. Менің отбасымның барлық мүшесі бизнеспен айналысады. Оны ешқашан жасырған емеспін. Олардың ешқайсысы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Ал өзімнің қазіргі таңда ешқандай бизнеске қатысым жоқ. Жұртшылық айтып жүрген «Атриум», «Тойқазан», «Чао-какао» тойханалары мен өзге де нысандар отбасымның мүшелеріне тиесілі. Олардың барлығы – өз істерін білетін, адал кәсіпкерлер. Астана мен Алматыда да мүліктеріміз бар. Жалпы мен жайлы барлық мәліметті ашық дереккөздерден оңай табуға бола- ды, – деді шаһар басшысы.
Жиын соңында қала әкімі БАҚ өкілдерінің сыни материалдары тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға мүмкіндік беретінін де атап өтті. Басқосуда тілшілер тарапынан көтерілген әрбір сұрақ тыңдалып, оларға тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы журналистерді игі бастамаларға қолдау білдіріп, шаһар келбетін жақсартуға үлес қосуға шақырды.
Шаһар басшысы жергілікті журналистерге әр тоқсан сайын кездесулер ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірді. Өз кезегінде БАҚ өкілдері бұл бастаманы бірауыздан қолдады.

Comments (0)
Add Comment