Жуырда облысымызда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен болып, өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің даму барысымен танысты.
Ағымдағы жылдың 7 айында өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 510,1 миллиард теңгені, өсім 7,8 пайызды құраған. Қазіргі уақытта 838 кәсіпорын жұмыс істеп, онда 43,2 мың адам жұмыспен қамтылған.
Облыста өңдеу саласы өркендеуде. Айталық, бүгінде оның жалпы көлемдегі үлесі 72 пайызды құрайды. Бұған қоса, минералды тыңайтқыштар өндірісінде 3,2 есе, қантта – 8,9, ірімшік пен сүзбеде – 5,9, аяқ киімде – 20,2 пайыз өсім байқалады.
Қазіргі таңда өңдеу секторында 573 кәсіпорын жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандар саны 23,9 мың адамды құрады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста өңдеу өнеркәсібінің көлемі 316,3 миллиард теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,6 пайызға артық орындалған. Тиісінше, өңдеу өнеркәсібіндегі химия саласының үлесі 49,4 пайызға жеткен.
Тыңайтқыштар шығаратын химиялық кешен іске қосылады
Премьер-Министр өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «ЕвроХим Қаратау» ЖШС-не де барып, даму қарқынын бағамдады.
«ЕвроХим» компаниясы ауқымды инвестициялық жобаның бірінші кезеңін іске асырып, тау-кен кешені негізінде жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылды және қуаттылығы жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды. Инвестиция сомасы 126 миллион долларды құрады.
Екінші кезеңде минералды тыңайтқыштар өндіретін химиялық кешеннің құрылысы басталды. Өндіріс қуаттылығы – жылына кемінде бір миллион тонна өнім. Екінші кезеңді іске асыру миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, 1 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Премьер-Министр Үкіметтің химия өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын, сондықтан жаңа ірі зауыттың өңірдің ғана емес, жалпы республиканың дамуы үшін де маңызы зор екенін баса айтты.
– Бұл жобаны іске қосу ауыл шаруашылығы саласының қажетті минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын тиісті деңгейде қамтамасыз етеді және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнімді тезірек шығару үшін зауытты уақытылы іске қосудың маңызы зор, – деді Әлихан Асханұлы.
Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов химия өнеркәсібінде өнім өндіру көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалып отырғанын, бұл өңірдің Қазақстанда химиялық өнім өндіру бойынша жетекші рөлін қамтамасыз ететінін атап өтті.
Мұнда Үкімет басшысына «ЕвроХим» және «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансалары құрылысының барысы жайлы мәлімет берілді. Бұл Сарысу және Шу аудандарының 32 елді мекенін (61,7 мың адам), «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның жаңа химиялық кешенін және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін (28,7 мың адам) газбен қамтуға мүмкіндік береді.
Шу ауданында Әлихан Смайылов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. ҚР Премьер-Министріне «TAS Market» ЖШС-нің кремний кластерін құру бойынша инвестициялық жобасы таныстырылды. Осы арқылы өнеркәсіптік кремний, графит электродтары, полисиликон, күн панельдері өндірісі жолға қойылады.
Сондай-ақ еліміздегі алғашқы сода шығаратын зауыттың құрылысы бойынша жоба таныстырылды. Жобаны «Yildirim Holding» түрік компаниясының еншілес кәсіпорны «QazaqSoda» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Өндірістік қуаттылығы – жылына 500 мың тонна. Келешекте жылына 1,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері тартылды, су құбырын салу, теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарлануда.
– Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Мұны бір жыл ішінде іске асыруға болады. Индустрия министрлігі мен ҚТЖ-ға тиісті тапсырма беремін, – деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, жаңа зауыттардың қажеттілігі сынды мәселелердің тұрақты бақылауда екенін айтты.
2023 жылғы қаңтар-шілдеде облыстың негізгі капиталына инвестициялар көлемі 241,0 миллиард теңгені құрады, өсім – 15,9 пайыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 572,2 миллиард теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Ағымдағы жылы 491 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 84,1 миллиард теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ал 2027 жылға дейін 6 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 3 триллион теңге болатын 60 инвестициялық жоба іске асады деп күтілуде.
Бүгінге дейін апта сайын өтетін 38 инвест штаб отырысында 95 жоба қаралып, 70 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Шаруаларға келген барлық шығын өтеледі
Жамбыл облысында жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жергілікті егіншілермен кездесті. Сондай-ақ Сеңкібай су арнасы құрылысының барысын тексеріп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыру шараларымен танысты.
Әлихан Смайыловтың өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуі барысында субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, егістік сумен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, құрғақшылық салдарынан болған егін шығынын өтеу мәселесі сөз болды.
Премьер-Министр қазіргі уақытта өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлердің шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.
– Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлығы есептеліп, тиісті қаражат бөлінеді. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидияларға қаржы бөлу және оларды кешіктірмей төлеу мәселесін жылдамдатып жатырмыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бақылауында, – деді Әлихан Смайылов.
Тағы бір мәселе «Жасөркен» гидробекетін қалпына келтіруге қатысты болды. Ол суды әділетті бөліп, есепке алуға мүмкіндік береді. Премьер-Министр ол үшін Үкімет резервінен 450 млн теңге қаражат бөлу туралы тиісті министрлікке және әкімдікке тапсырма берілгенін жеткізді.
Тағы бір сұраққа жауап бере отырып, Әлихан Смайылов қазіргі уақытта ұңғымаларды қазуға кеткен шығындарды өтеу үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатқанын да атап өтті.
Өңірде суармалы жер көлемі 181,8 мың гектарды құрайды, 2025 жылға қарай инфрақұрылым нысандарын жөндеу және 14 жаңа су қоймасын салу есебінен тағы 54,9 мың гектарды айналымға енгізу жоспарланып отыр.
Суды тиімді пайдалану мақсатында қазірдің өзінде 54,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 57 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жерасты суларын тиімді пайдалану, ұңғымаларды бұрғылау және басқа да су үнемдеу шараларын жүзеге асыру басты назарда екенін баса айтты.
Диқандарды ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ол заманауи суару жүйелерін сатып алуға жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеуді, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуді көздейді. Бірнеше жыл ішінде 385 шаруа қожалығы 5 миллиард теңгеге көлемінде қолдау көрсетілген. Сонымен қатар жалпы көлемі 53,9 мың гектар аумақта маңызы бар суару каналдарын, дренаждық жүйелерді және басқа да құрылыстарды қайта жаңғырту және салу бойынша жобаларды пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ұзындығы 21,8 шақырым болатын Сеңкібай каналы 4 мың га суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министріне «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен әзірленген жоба 2019 жылы Жамбыл облысында іске қосылып, өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін дәлелдеді. Жалпы 2019-2023 жылдары облыс бойынша оны жүзеге асыруға 42,3 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 50 ауылдық округтен 11 мыңға жуық адам өз кәсібін ашқан.
Таразда кәріз-тазарту жүйесі салынады
Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында Тараз қаласының сарқынды суларды сүзу алаңдарының жай-күйімен және жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салуға дайындық барысымен танысты.
Таразда сарқынды суларды сүзу алаңдары 1962 жылы салынған және бүгінде әбден тозығы жеткен. Олардың жобалық қуаты – тәулігіне 43 мың м3, іс жүзінде онда күн сайын шамамен 70-80 мың м3 сарқынды су жиналады. Мәселені шешу үшін әкімдік жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу жобасын әзірлеуде. Қазіргі уақытта қажетті техникалық құжаттама дайындалуда. Аталған құрылысты 2025 жылы бастау жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Таразда өнеркәсіп нысандарының көбейіп, халық саны артып келе жатқанын, алайда қалада әлі күнге шешімін таппаған коммуналдық мәселелер бар екенін атап өтті.
– Қалада тазарту қондырғылары жоқ. Бұл өзендер мен жерасты суларының ластануына әкеліп соқтыратын үлкен проблемаға айналады. Әкімдік жоспарлы қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын жаңа тазарту қондырғылары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға тездетіп кірісу керек, – деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол «Қазфосфат» ЖШС полигоны мен қалдықтардың жиналуына қатысты түйткілді мәселелерді шешу қажеттігін жеткізді.
Келесі кезекте Премьер-Министр жаңа облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығына аялдады. 200 орындық жаңа онкологиялық диспансерде Премьер-Министрге заманауи сәулелік терапиясына арналған «Elekta Versa HD» медициналық аппараты орнатылғаны баяндалды. Аппарат дәлділігімен ерекшеленеді. Дәрігерлердің айтуынша, ол кез келген локализацияның және кез келген конфигурацияның ісіктерін емдеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, орталық басқа да заманауи құрылғылармен, оның ішінде компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, цифрлық маммография, рентген аппараты, ультрадыбыстық аппарат және т. б. жабдықталған.
Әлихан Смайылов өңірде заманауи онкологиялық орталықтың ашылуы өте қажетті әрі дұрыс қадам болғанын, бұл онкологиялық ауруларға ерте диагностика жүргізуге және оларды уақытылы емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін баса айтты.
– Өңірде перинаталдық орталық пен жаңа аудандық ауруханаларға және фельдшерлік-акушерлік пункттерге де қосымша қажеттілік бар. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп оларды салу мәселесін, оның ішінде Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде пысықтауы тиіс, – деді ол.
Жедел, жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету мақсатында үш ауданда орталық ауруханалар салу, тағы үш аудандағы орталық ауруханаларды көпбейінді ауданаралық ауруханалар етіп жаңғырту жоспарлануда.
Биыл облыста 20 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жүзеге аспақ. Облыс бойынша медициналық техникамен қамтамасыз ету 92,45 пайызды құрайды. Бес денсаулық сақтау нысанының базасында алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша озық тәжірибе орталықтары ашылды.
Әулиеаталықтардың әлеуеті артуда
Келесі кезекте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Іске асырылып жатқан шаралар мен жобалар, сондай-ақ проблемалық мәселелерді шешу туралы өңір әкімі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Галидулла Азидуллин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник баяндама жасады.
Облыс әкімінің айтуынша, ағымдағы жылдың 7 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 510,1 миллиард теңгені құрап, өсім 7,8 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
– «Ауыл аманаты» жобасының 5 бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен (116,2 миллиард теңге) бөлінген жалпы қаражаттың 32 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Атап айтқанда, 2019-2023 жылдары 42,3 миллиард теңге бөлініп, 50 ауылдық округте 11 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастады.
Босалқы жер қорындағы жайылым жерлер есебінен елді мекен жайылымы 379 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайды. 5 шақырымдық радиуста орналасқан 34,7 мың гектар жайылым қайтарылып, елді мекенге бекітілді. 1,5 миллион гектар орман қорына 245 мың мал басы шығарылды. 2 082 шаруа қожалықтың 510 мың гектар жерлеріне кедергісіз мал жаюға меморандум жасалды. Шаруа қожалықтарымен игерілмеген 93,5 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Нәтижесінде, жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі 164 мың гектарға қысқартылды, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Сондай-ақ «Асар» жобасы басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж жерлесіміз баспаналы болса, биыл 105 отбасына қуаныш сыйлау көзделуде. Бүгінге 11 жанұя баспанаға қол жеткізген.
Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауындағы 2025 жылға дейін ауыз сумен 100 пайызбен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау аясында 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру есебінен 32 елді мекен мен қалалардағы 6 тұрғын алқап сумен қамтылмақ. Осылайша олардың қамтылу үлесі ауылды елді мекенде 96,5, қалада 97,5 пайызға артады. Сонымен қатар Жамбыл облысында 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен, 785,6 шақырым жол орта жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97-ден 98 пайызға дейін жетеді.
– Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» тапсырмасы аясын-да 4 ірі табиғи монополия субъектілерінің тарифтері қайта қаралды. Нәтижесінде 5,7 миллиард теңге сомасында қосымша табыс айқындалған. Сонымен қатар тариф есебінен 2 379 қызметкердің еңбекақысы 5-тен 49 пайыз-ға дейін артыпты. «Әулие ата жастары» атты өңірлік бағдарламасы аясында былтыр 500 млн теңгеге облыстық бюджет қаражаты есебінен 40 жас отбасы баспаналы болса, биыл 2 миллиард теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беруді көзделуде. Бүгінге 41 жас отбасы қамтылды.
Өңірімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы, бірінші кезекте «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатқан елді мекендерде жүзеге асуда. Сондай-ақ осы елді мекендерде Ұлттық жобалар аясында және жергілікті бюджет есебінен басымдық беріліп, нәтижесінде әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2027 жылға 92,2 пайызды құрайды деп күтілуде, – деді аймақ басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі сумен қамтамасыз ету болып отыр. Мәселен, облыстағы 367 ауылдың 285-і ғана ауыз сумен қамтылған. Облыс орталығы орталықтандырылған сумен 94 пайызға, Шу қаласы 67 пайызға қамтамасыз етілген. Оған қоса су тарту бойынша да проблемалар бар. Атап айтқанда, облыс орталығында кәріз-тазарту құрылыстары жоқ, ал 1962 жылы салынған ағын суларды сүзу алаңдарының әбден тозығы жеткен.
– Шу және Талас өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуіне, суару жүйелерінің тозуына байланысты облыс егіншілері жыл сайын судан тапшылық көріп отыр. Осы мәселелер бойынша шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдау керек, – деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы су үнемдейтін технологияларды белсенді пайдаланып, гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртып, магистральдық каналдарды бетон-дау қажеттігін айтты. Оған қоса вегетациялық кезеңде судың ысырабын болдырмау үшін үш үлкен су қоймасын, сондай-ақ бірқатар шағын су қоймасын салу керек.
Өңірдің даму перспективаларын ескере отырып, Премьер-Министр жылумен жабдықтау нысандары мен желілеріне, оның ішінде моноқалаларда техникалық тексеру және жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы айтты. Аталған іс-шараларды қаржыландыру үшін биылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік бағдарлама кезең-кезеңмен енгізілуде.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында жаңа әлеуметтік нысандарды уақытылы ашудың, сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жобасын сапалы іске асырудың маңызына тоқталды.
Үкімет басшысының сөзінше, өңірдің химия өнеркәсібін дамыту әлеуеті зор, сол себепті осы қарқынды сақтау қажет.
– Облыста 2026 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын, 4 мың жұмыс орынға арналған 60 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Әкімдік барлық басталған жобаны уақытылы іске қосып, жоспарланған жобалардың сапалы пысықталуын қамтамасыз етуі қажет, – деді Үкімет басшысы.
Бұдан бөлек, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұған ауыл шаруашылығының дамуы айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді.
– Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін қомақты қаржы бөледі. Тек Жамбыл облысының шаруаларына биыл бюджеттен 52 млрд теңге бөлінді, оның 27 млрд теңгесі субсидиялар түрінде. Біз агроөнеркәсіп жобаларын іске асыруға әрі қарай да көмек көрсетеміз. Бірақ бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керек, – деген Әлихан Смайылов көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруды жандандыруды тапсырды.
Премьер-Министрдің айтуынша, өңірдің логистикалық әлеуеті де зор. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін дамыту аясында облыста республикалық маңызы бар 495 км автожол реконструкцияланды.
– Бүгінде облыста республикалық маңызы бар 67 км жол күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде «Алматы – Ташкент – Термез» автожолының бөлігі де бар. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдікпен бірлесіп, конкурстық рәсімдерді өткізуді және техникалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдетуі қажет, – деді Әлихан Асханұлы.
Кеңес соңында Үкімет басшысы Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм және Талас аудандарының елді мекендерін газдандыру жобаларына қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды, биофармацевтикалық зауыттың өндірістік қуатын ұлғайту мақсатында құрылыс жұмыстарының 2-кезеңін биыл жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жобаларын қаржыландыру мәселесін қарастыруды жүктеді.
Құрмаш Қаптағай