Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Jambyl» телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасының тікелей эфиріне шығып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғам белсенділері мен аймақ тұрғындарының сан сауалдарына жауап берді.
Бердібек Машбекұлы әуелі Елбасы мен Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында егемендік жылдары өңірде атқарылған келелі жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекетіміздің жүйелі жолға қойылған саясатының нәтижесінде дамудың «Қазақстандық жолы» моделі қалыптасты. Бүгінде осы модель Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен жалғасуда. Бұл орайда Елбасымыздың ерен еңбегін айта кеткен жөн.
Биыл аймақта екпе алуға тиіс тұрғындар толықтай бірінші компонентімен қамтылды. Өңір халқының 90 пайызға жуығы екінші компонентін де салдырды. Енді «Pfizer» вакцинасын нәрестелі аналар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар алу үстінде. Содан соң ревакцинация шаралары қолға алынады. Сондай-ақ аймақта мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында жыл басынан бері 33,9 мың жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың орташа айлық еңбекақысы 22,6 пайызға, жан басына шаққандағы халықтың орташа табысы 15,7 пайызға өсті. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 11,5 мың отбасына 2,9 миллиард теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, облыста аймақтық деңгейдегі жобалар да жүзеге асуда. Айталық, «Жомарт түлек» бағдарламасы арқылы 70-ке жуық ауылда 2 миллиард 800 миллион теңгеге әлеуметтік нысандар салынды.
– «Асарлатып үй салу» жобасының да шарапатын сезініп, 76 отбасы баспаналы болды. Қазір кәсіпкерлердің қолдауымен Тараз қаласында тағы да 10 нысан бой көтеруде, – деді аймақ басшысы.
Бағдарлама одан әрі сұрақ-жауап түріндегі әңгімеге өрбіді. Тараз қаласының тұрғыны Досымбек Әлиев 2017 жылы №15 ықшамауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке сектордағы салына бастаған тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап қалғанын, соның салдарынан бұл үйлердің тозып кеткенін жеткізді.
Ал Байзақ ауданының Бақыт есімді тұрғыны аудан орталығында халық санының көбеюінен Сарыкемер ауылындағы емханада кезектің көптігін, сол себепті жаңа емхана салу қажеттігі туындап отырғанын мәселе етіп көтерді. Аймақ басшысы өз кезегінде 250 келушіге арналған емханаға жаңа ғимарат құрылысын жүргізу үшін 2020 жылы 5,1 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін, бұл жобаға қаражат қарастырылып, келер жылы жаңа емхана құрылысы басталатынын жеткізді.
Тағы бір тұрғын Байзақ ауданы мен Тараз қаласын жалғап тұрған жол Қызыл жұлдыз ауылына дейін жөнделгенін, бұл жұмыстар әрі қарай қашан жалғасатынын сұрады. Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған жол бөлігі облыс орталығының теңгерімінде, соған сәйкес биыл ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын жеткізді. Сонымен қатар өңір басшысының айтуынша, Сарыкемер ауылы бағытындағы Апатаев көшесін Жамбыл даңғылынан Тараз қаласының шекарасына дейінгі жол бөлігін орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, ал жобаны іске асыру 2022-2023 жылдарға жоспарланған екен.
Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан бұдан бөлек, әлеуметтік, экономикалық мәселелер төңірегінде бірқатар сауалдар келіп түсті. Бердібек Машбекұлы барлық сұрақтарға тұшымды һәм нақты жауап берді.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы