Киікті ату кімге керек?

Сұлу жаратылыс иесі ақбөкенді қазақтар киелі деп танып, ежелден киік деп атайды. Халқымыз бұл тіршілік иесін сұлулықтың символына балаған. Содан болар, сүйсінген адамдарын киіктің асығына немесе құралайына теңейді.

Соңғы күндері «80 мың киікті атады екен» деген хабар әлеуметтік желіде желдей есті. Бірі бұл шешімді дұрыс санаса, енді бірі қарсылық танытуда. ҚР Экология министрлігінің мәліметінше, 2017 жылғы есеп бойынша еліміздегі ақбөкендердің саны 152 мың болса, бүгінде олардың қарасы артып, 1,3 миллионнан асып жығылған. Ал әлемде жер көлемі бойынша 9-орындағы елімізде киіктің оңтайлы саны 560-770 мыңның арасында болуы керек екен. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында киіктің саны 801 мың басты құрап, жайылымдар мен егістік жерлерге айтарлықтай шығын келтіріп жатқан көрінеді. Сол үшін министрлік 500-ге жуық киікті арнайы зерттеуге алып, нәтижесінде олардың санын реттеуге қатысты шешім биологиялық негіздеме аяқталған соң қабылданған. Ал оларды ату шаралары күзде басталмақ.
«Ашық НҚА» сайтында жария талқылауға ұсынылған Экология министрлігінің «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы бұйрық жобасының «киіктердің дериваттарын жинау» тармақшасында: «Аң аулауға, кәсіби аулауға, әуесқойлық аулауға, ғылыми-зерттеу үшін аулауға, мелиорациялық аулауға, өсімін молайту мақсатында аулауға, жануарларды ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелік, эстетикалық мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ эпизоотияны болғызбау мақсатында жануарлар түрлерін пайдалануға, өсімін молайту мақсатында киіктердің дериваттарын жинауға рұқсат етіледі», – делінген. Алайда рұқсат тек белгілі бір ұйымдарға ғана берілмекші. Ал қарапайым тұрғындар мен аңшылардың аулауына болмайды. Бұл жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев: «Бұл қатардағы аңшылық емес. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 6 мамандандырылған ұйымның ғана атуына рұқсат беріледі. Бұл бізде қазірдің өзінде бар. Экономикаға кесірі тимеу үшін киіктердің санын азайтуымыз керек», – деген болатын.
Қоғам белсендісі, кәсіби аңшы Батыр Сейкенов те киікті атуға болады деп санайды.
– Кеңес дәуірі кезінде «Охотзоопром» киік етін комбинаттарда өңдеп, дүкендерге сатқан. Соны қайта жаңғыртуға болады. Кезінде киіктің еті Францияға да экспортталған. Демек, шетелдіктермен байланыс орнатуға да мүмкіндік бар. Киіктің терісі – жоғары сапалы былғары. Мүйізі өте қымбат. Негізгі тұтынушылары – Корея мен Қытай. Өйткені олардың дәстүрлі медицинасы осыған негізделген, бұдан дәрі әзірлейді. Оның тұяғының да емдік қасиеті бар. Оны күйдіріп, алынған күлді денедегі теміреткіге жағады. Тіпті сусамыр ауруына шалдыққан жанды да емдеуге болатынын медицина әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан бұл шаруаны қолға алып, табыс көзіне айналдыра білгеніміз жөн, – дейді қоғам белсендісі.
Жалпы өткенге көз жіберсек, осыдан жүздеген жыл бұрын Қазақстан жерінен Қара теңізге дейінгі қуаң далаларды мекендейтін киіктердің 1921 жылдан бастап елімізде мекен еткендерін атуға тыйым салыныпты. Ал 1957-1958 жылдары олардың саны 2 миллионнан асқандықтан, қайта аулауға рұқсат берілген. Ал ҚР Үкіметінің № 267 арнайы қаулысымен 2005 жылдан бастап елімізде ақбөкендерді аулауға қайта тыйым салынған болатын. Десе де, оларды қорғау жолында республикалық «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев сынды азаматтар қасқөйлердің қолынан қаза тапқаны да жұрт жадында жаттаулы.
Осы мақаланы жазу барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жоғарыда аталған бұйрықтың жобасын пысықтау үшін қайтарып алғаны жөнінде ресми ақпаратты көзіміз шалды. Себебі 2015 жылғыдай пастереллёз індетінің қайталану қаупі бар көрінеді. Сондықтан да түз тағысына мылтық кезеуге әлі ертерек секілді.

Жұматай Көксубайұлы 

Comments (0)
Add Comment