Киелі өңірдегі көне қалашықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тарихи нысандарға айрықша тоқталған болатын.

– Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек, – деген Президент тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керектігін баса айтты.
Ел Президентінің бұл сөзі маған үлкен әсер қалдырды. Расында, елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Жамбыл жері де құнды жәдігерлерге өте бай. Жалпы Әулиеата өңірі – ерте кезден-ақ ежелгі даму мен түрлі халықтың өзара ынтымақтастығы қалыптасқан, Шығыс пен Батысты жалғастырушы, Ұлы Жібек жолы бойындағы жол бастаушы жұлдыз.
Жамбыл жеріндегі Қостөбе мен Төменгі Барысхан қалашықтары – халықаралық туристік орталыққа айналдыруға қолайлы, таптырмас нысандар. Осы арқылы креативтік индустрияға көңіл бөліп, халықтың қолданбалы өнерін, қыш, қолөнер, кілем тоқу, ұлттық брендтік киімдер тігу, фарфор ыдыс-аяқтарын жасау, басқа да түрлі өнер салаларын дамытуға жол ашылады. Сондай-ақ байырғы шеберлеріміздің кәсібі – тұт жібек құртын өсіріп, жібек мата жасауды жаңғырту керек деген ойдамын. Бүгінде облыс бойынша Қарахан, Айша бибі кесенелері, Ақыртас, жоғарыда мен атап өткен Қостөбе мен төменгі Барысхан қалашықтары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген.
Үш мың жылдыққа қадам басқан киелі өлкеміз үшін бұл зор мақтаныш десек, артық емес. Осы орайда Қостөбе мен Төменгі Барысхан қалашықтарының тарихына кеңінен тоқталғым келіп отыр.
Қостөбе қалашығы туралы деректер X ғасырда географ Әл-Макдисиде, сондай-ақ Нершахидің «Тарих-и-Бұхарасында» кездеседі. Ғалымдарымыздың жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, аталған нысан Талас алқабындағы ірі қалашықтардың бірі болған. Оның негізін VІ ғасырда жергілікті жұртшылық қалаған. Бұл қалашық 2014 жылы 25 маусымда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
Қостөбе – Сарыкемер ауылынан шығыста, бірінші жайылмадан жоғары, қолайлы ашық алаңда орналасқан. 1938 жылы оны ММЗИ ЖАЭ және КСРО Ғылым академиясының қазақстандық бөлімшесі зерттеген. Қазба жұмыстары нәтижесінде, қаланы VI-XII ғасырларға жатқызуға мүмкіндік беретін қыштар, тиындар табылған. Қалажұрттағы қазба жұмыстарын Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым Академиясының археологиялық этнографиялық зерттеу институтының Тараз археологиялық экспедициясы 1985 жылы бастады. 1986-1987 жылдары аталған Академияның археологиялық этнографиялық зерттеу институты тарих және мәдениет ескерткіштері жинағының археологиялық экспедициясы жалғастырды. 2000 жылы Қостөбені Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы зерттеді.
1985-1987 жылдардағы жұмыстар барысында ескерткіштің топографиясы туралы жаңа деректер алынған. Атап айтқанда, орталық қирандыларға қазіргі уақытта жыртылған, ұзын қабырғалармен қоршалған ауыл шаруашылық аймағы жанасқан деген болжамдар жасалды.
Айта кетсем, мен жер атауларының қайдан шыққанын білуге көптен ынта танытып келемін. Әсіресе Төменгі Барысхан деген ежелгі атау (қазір бұл Байзақ ауданы, Қостөбе ауылдық округіне карасты Талас ауылының аумағы) ерекше қызықтырады. Біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтағы осынау көне калашық Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан. Тараз қаласына дейін қол созымдай ғана жер, бар-жоғы 5-7 шақырым ғана.
Мыңжылдықтар ауысып, алмасып жатса да, Төменгі Барысхан тарихы көнермей, өшпей, елмен бірге өмір сүріп келеді. Менің жасөспірім кезімде көнекөз қариялар өлкеміз туралы аңыздарды сыр етіп шертетін.
Біздің дәуірімізге дейін І мыңжылдықта қасиетті жерімізде сақтар, үйсіндер, карлұқтар және басқа түркі тайпалары өмір сүрді. Қаратау баурайына жұрт қала тұрғыза бастады. Әрі бұған негізде де жетерлік. Өйткені мұнда топырақ өте құнарлы болатын. Бұл өңірлер қасиетті аймақ аталатын. Өз бастауын биік таулардың қарлы шыңдарынан алатын Талас өзені буырқанып ағып жатты. Ол қазір де облыстың ең үлкен өзендерінің бірі. Ерте заманда өзен өлкеміздің кереметі саналды. Аңғарлары, жазықтары көк майсаға бөленіп тұрды. Өзен жағасында жабайы алма, алмұрт, шие, өрік, қарақат, долана, шырғанақ, караған, самырсын, итмұрын тұтаса өсіп тұратын. Ақ қайың, терек, қарағаш, Тянь-Шань шыршасы, жаңғақ ағашы таудың басына дейін өрмелеп, қайта аңғарларға қарай жамырай құлайтын. Ал өзен суында балықтың алуан түрі жүзіп жүрсе, ну тоғайлардың арасында жабайы мысықтар, үйректер, қаздар, аққұтандар мен көкқұтандар, ондатралар және басқалары көп еді.
Тау етегіндегі жердің жүмсақтығы соншалық, оны ағаш кетпенмен-ақ өңдей беруге болатын. Осыған орай, әр тұрғын өзі ұнатқан іспен айналысты. Біреулер әралуан қолөнерлік кәсіпті дамытты. Темір ұсталары, әйнек жасаушылар, зергерлер, балшықтан ыдыс жасаушы шеберлер, тігіншілер, ағаш ұсталары ерекше қадірленетін. Айталық құмыра жасаушылар 20-30 және 50 литрлік үлкен керамикалық ыдыстар жасауға тапсырыстарды әрең орындап үлгеретін. Оларда астық сақталатын. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде калашықтың солтүстік бөлігінде арпа, бидай, жүгері сақталған, ауа кірмейтіндей етіліп жасалынған құмыралар табылды. Ал Төменгі Барысханның батыс бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстары көне заманда Талас өзенінен тоғандар мен арықтар тартылғанын, олардың бірқатары қыш құбыртүтіктерімен өзара жалғастырылғанын да көрсетті. Шығыс және Батыс аңғары шахмат тақтасына қатты ұқсайтын. Көктемгі тасқыннан кейін шаршыланып үйілген тоспаларда кідіріп қалатын. Суландыру жүйесі өте сапалы жасалғандықтан, жіті жұмыс істеп тұрды. Айталық, сол заманның өзінде керамикалық түтіктермен қатар, мыс қақпалар, қоладан көплитрлік кеспектер – су сақтайтын ерекше ыдыстар жасалған.
Төменгі Барысхан тұрғындары көпке ерекше еңбекқорлықтарымен танылды. Мол өнім өсіре білудің арқасында Талас аңғарының жері өз тұрғындарын ғана емес, Тараз қаласының да, соның ішінде жер өңдемейтін жауынгерлерді, қолөнершілерді, әміршілердің қызметшілерін асырай алды.
Біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтың ортасында Ұлы Жібек жолының осы телімінде Дала жолы жұмыс істей бастады. Бұл Тараздың, Қостөбе қалашығы мен Барысханның, Хамукеттің, Жикилдің, Адахкеттің, Дах-Нуджикеттің және басқа да шаһарлардың тұрғындарына қосымша күш-қайрат алуға жағдай туғызып, ішкі сауданы ұлғайтуға жеткізді. Өйткені ауыл шаруашылығы мен қолөнер кәсіпшілігі жедел дамыды. Осы кезеңде көне Тараз бен Барысханның арасындағы экономикалық байланыс күшейіп, одан әрі нығая түсті. Барысханның тұрғындары тұт ағашын да өсірді. Осылайша Тараз қаласының шеберлерімен бірге жібекпен тігіншілік ету Қытай шеберлерінің ғана үлесіне тиген іс емес екенін толығымен дәлелдеді. Ерте замандағы біздің шеберлер тоқыған жібек мата Қытай мен Үндістанның, Византияның маталарынан кем түспеді.
Жылнамаға қайта оралсақ, VIII ғасырда Әл-Максуди «Муруджаз Захар» деген шығармасында Тараздың билеушісі Таңқас үйсіндер, кангюйлер, қарлұқтар арасында болғаны жайлы жазады. Ақсүйектер мен қалалық билік өз күшін нығайту үшін тайпалық аралас некелерді ынталандырды. Соның ішінде үйсін, кангюй, қарлұқ, т.б. тайпаларының тумалары Таңқас пен Барысхан патшалары және сондай-ақ басқа билеушілер бар. Олар үшін қарым-қатынас тілі түркі тілі болды. Барысханның саудагерлері арасынан шыққан бай адам оның бірінші әрі сенімді кеңесшісі бола білді. Оның есімі де Барысхан еді. Оның ішкі саясаты аймақтық базарларды дамытуға, сыртқы саясаты таяу және шалғай орналасқан елдермен тығыз экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды қалыптастыруға бағытталды. Мысалы, олар Тараздың алтыннан тоқылған жібегі және басқаларын сатып алған Солтүстік Еуропа көпестері үшін Қаратау тауының етегінде үлкен той ұйымдастырып, Төменгі Барысханның таулы аңғарларында өскен қып-қызыл қызғалдақ гүлдерін тарту етті. Қазіргі таңда да Тараз және Барысхан қызғалдақтарын өсіретін голландықтар гүлі өзінің әсемдігімен бүкіл әлемді таңғалдырып келеді.
Тыл ардагері, тарихшы-құқықтанушы, Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі, Байзақ ауданындағы Талас ауылының Құрметті азаматы, менің әкем Ақылбек Көшекбаев 1960 жылдары Н.Крупская (қазіргі Қөстөбе) атындағы мектебінің директоры қызметін атқарған болатын. Ол сол жылдарды былай деп еске алады: «Біздің бабаларымыз қалалар мен кенттерді салуда жасампаздықпен еңбек етіп, жерді маңдай терімен жайнатты. Төменгі Барысхан қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген кезде табылған үлкен қола қазандардың, жерленгендермен бірге көмілген басқа да ыдыстардың көп болғаны сонша, олар сол кездегі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына жеткізуге автомашина қорабына сыймағаны есімде. Ол кезде мен 8 жылдық Н.Крупская (қазіргі Қөстөбе) атындағы мектебінің директоры едім. Жап-жас кезім. Мұражай қызметкерлерімен бірге өз шәкірттерімнің ата-аналарынан мәдениет мұраларына жататын заттарды мұражайға тапсыруды өтінетінмін. Әлі күнге дейін облыстық мұражай Төменгі Барысханның орталық, солтүстік және батыс бөлігінен қоладан, мыстан, керамикадан және басқа материалдардан жасалған бұйымдарды жинауды жалғастырып келеді».
Мен де кезінде әкемнің арқасында талай парасатты тұлғалармен кездестім. Мысалы, Төменгі Барысханның шежірелі жерінде Қазақстан Республикасының Еңбек Ерлері өсіп шықты. Олар: Жәмила Божбамбаева, Александр Нахманович, Орынкүл Атабаева, Елена Свинковская, Дариха Жантоқова және басқалар. Бұлардың жасампаз істерін ауылдастары жалғастырып отыр.
Талас және Қостөбе ауылдары бұрын қандай болса, қазір де сондай, бау-баққа бөленіп, тіпті ұлғайып келеді. Қостөбе ауылдық округінің әкімі Нұрғали Қожабергенов, өндірістік кооператив директоры Закир Муминов өз қызметтерін алуан меншікті ауыл экономикасының манызды бөлігі саналатын фермер (шаруа) шаруашылықтарын, жеке кәсіпорындарды, шағын және opтa бизнесті дамытуға бағыттай жүргізеді. Қайрат Туғанбаев пен Саламат Рахманбердиевтің кенттік болысу қағидасымен жұмыс істейтін жекеменшік кәсіпорынның даңқы ауданнан тыс жерлерге де таралған. Ол – ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеп, ұқсатудың, кәсіпорынның қаламен өндірістік интеграциясының, тұрғындардың бір бөлігін жұмысқа тарту мүмкіндігін кеңейтудің үйренерлік тәжірибесі.
Сонымен қатар Қайрат Мәмбетовтің шұжық, Сергей Лесняктың сүт өнімінің цехы, ал Закир Муминовтің өсімдік майын шығаратын жекеменшік кәсіпорындары да жақсы танылып қалды. Қазіргі жылдары дәнді дақылдар, ет, сүт өндіру көлемі артты. Ауыл экономикасының негізгі салмағын тұрғындардың жекеменшік аула шаруашылығы көтеріп келеді. Иманбаевтардың, Сулеймановтардың, Туғанбаевтардың, Зулуфовтардың, Кукарадзелердің, Шукриевтердің, Фазлиевтердің, Фейзатовтердің, Акиповтердің, Бараташвилидің, Хусейноғлылардың, Рахманбердиевтің және тағы басқа отбасылардың косалқы фермерлік шаруашылықтарында да көптеген бас мүйізді ірі қара, басқа да үй жануарлары бар. Қала базарларын сары ірімшік, сары май, шұжық өнімдерімен қамтамасыз етуде бұлардың үлестері зор. Фермерлік шаруашылықтарда сондай-ақ дәнді және мал азығы дақылдарының 65 пайызы өсіріледі. Егер ең басты проблемалар – су ресурстарын тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелерді реттеу, жерді мелиорациялау, жайылымдықтарды суландыру, табиғи газбен жабдықтауды қалпына келтіру шешілер болса, онда ауыл экономикасы бұрынғыдан да жақсара түсер еді. Байырғы тұрғындардың көпшілігі бұл мәселеде «Киров» су қоймасын алға тартады. Шынында да осылай ма? Бірақ та біздің ежелгі өзеннің арнасымен өз аймағымыздың ішінен қосымша су да ағатынын, ал олар облыста бізде тіпті мол екенін ескерсек, онда қиындықтарды еңсеруге әбден болады. Өйткені біздің арғы ата-бабаларымыз экономикалық мәселелерді табыспен шешіп отырды. Дән сақталған ерте кездегі құмыраларға караудың өзі-ақ жеткілікті. Иә, ерте дәуір мен қазіргі кездің әсерлері кемпірқосақ сияқты шұғыла шашып, біздің жүрегімізді таза, керемет сезімдерге бөлейді…
Ал жоғарыда айтқанымдай, жер атауының неліктен Төменгі Барысхан аталуы құпиясына келсек, бұл туралы ертеден келе жатқан бір аңыз бар. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Қаратау баурайын ержүрек, еңбекқор, намысқой жұрт жайлаған екен. Олар қиындықтың бәрін жеңе біліп, үйлер тұрғызып, әралуан кәсіпшіліктерді дамытқан. Биік, шыңдарын қалың қар басып жататын тауда және оның аңғарларында, жазықта барыс, қасқыр, арқар, түлкі, аю, ақбөкен, тағы басқа да аң түрлері көп кездескен. Ол кездің адамдары өте ырымшыл болған екен. Кез келген табиғат құбылысын – жаңбырды, күшті желді немесе жер сілкіну, дауыл соғу сияқты апаттарды олар «Құдайдың қаһары» деп қабылдады. Әйтсе де, олар үшін ең қадірлі кие – тау барысы еді.
Аспан астын, қарлы шыңдардың ұшар басын жайлайтын ол аңдардың ең үлкенімен ақылдасып, кеңесіп отырады деп сенді. Құдайдың нұсқауымен жақсы істер атқарып, не болмаса жасаған күнәлары үшін адамдарға кәрін төгіп отыратынына да шексіз нанатын. Дауыл соғып не болмаса өрт өршіп жатқаны осындайдан, Құдайдың кәрін төгуінен деп санады. Елдің ең қадірменді адамы – ақ сақалды абызы осындай кездерде таудың етегіне кұрбандық беретін үлкен ыдыстарды – қазандарды орнатуға кеңес берді. Бұдан кейін ерлер қой, өгіз сойып, етін қазанға салып, сумен толтырып, лаулатып от жақты, ал әйелдер нан пісірді. Бұл Барысқа арналған құрбандық болатын. Қарттар, әйелдер, олардың балалары бұл киені ерекше құрметпен Барысхан деп атады. Жыл сайын көктемгі күн мен түн теңелген кезде Қаратау етегін жайлаған тұрғылықты ел өздерінің басты парызы – Барысханға құдайы тамақ беруге үлкен кұрметпен, сүйіспеншілікпен дайындалатын. Оны осылайша жақсы істерге үндей алатындықтарына нанды. Олар осылайша Құдайды құрметтей отырып өмір сүрді, еңбек eттi, өз мекендерін бау-баққа бөледі…
Дәл осы жерде, Қаратаудың төменгі етегінде («Төменгі» атауы да осыдан шыққан) Барыс құрметіне ел-жұрт мекендеген қала «Төменгі Барысхан» деп аталған екен. Бұл тегіннен-тегін емес. Біздің ата-бабаларымыз үшін ежелгі заманда қар барысы ерліктің, тәуелсіздік пен өсіп-өркендеп, гүлденудің рәмізі болды. Әлемнің барлық түкпірінен ағылған көпестер, саяхатшылар Ұлы Жібек жолымен өткенде Тараз бен Барысханның көрікті келбетіне таң қалатын. Әл- Максуди өз естеліктерінде: «Ақындардың алтын жалатқандай әсем Тараз бен бау-баққа малынған Барысханды жырға қосқан үнін естимін…», – деп жазды.
Тамаша қала Барысхан және оның қар барыстарына деп табынатын ержүрек адамдары туралы хабар біздің өлкемізден тысқары жақтарға да жетті. Осыдан да болар, қар барысы біздің ата-бабаларымыз ғана емес, өзіміз үшін де ерліктің, тәуелсіздік пен гүлденудің символына айналды.
Қорыта айтқанда, Ұлы Жібек жолының бойындағы Әулиеата өлкесінің қазақтың кең-байтақ жазық даласы алуан түрлі археологиялық және тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді. Тараз топырағы – түрлі тарихи ескерткіштерге бай, қойнау-қатпары ашылмаған құпияларға толы киелі мекен. Қазіргі таңда Жамбыл территориясында орналасқан қыруар тарихи және мәдени ескерткіштің ішінде ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қоныстар ерекше маңызға ие.

Ғайни КӨШЕКБАЕВА,
тарихшы-құқықтанушы, психолог,
Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы

Comments (0)
Add Comment