Интернеттің жылдамдығы, қолдану аясы кеңейген сайын ақпараттық кеңістікте адамның қауіпсіздігіне қатысты түрлі терминдер өмірге келіп жатыр. Жаңа терминдердің өмірге келуіне жаңа факторлар тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары интернетте балаларға жасалатын әлімжеттік деректері көбейіп кетті. Ал бұл құбылысқа ғалымдар кибербуллинг деп атау берді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Халықаралық сарапшылардың статистикасы бойынша қазақстандық балалардың жартысынан көбі замандастары мен мұғалімдерінің тарапынан мектепте зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ең өкініштісі, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың көпшілігі ол туралы тіс жармауға тырысады, өз құқықтарын қалай қорғауды білмейді. Мысалы, британ мектептерінде интернет-тролльдардан қорғануға арналған пән бар. Сабақтарда оқушыларға желідегі ізге түсуге қалай жауап беру керектігін және соның әсерінен күйзеліске қалай ұшырамауға болатындығын түсіндіреді. Жаңа пәннің міндеті – жасөспірімдердің жан денсаулығын нығайту.
Кибербуллинг (cyberbulling) – интернет-технологияларды, компьютер-лерді, гаджеттерді және басқа да электрондық девайстарды қолдану арқылы біреуге мақсатты түрде келтірілетін зиян. Троллинг (cyber trolls) – веб-сайттарда, әлеуметтік желілердің парақшаларында, тіпті өлген адамдарға арналған мемориалда агрессорлардың жағымсыз ақпарат жариялауы. Хейтинг (hate) – бұл өз ұстанымын негіздемей, белгілі бір адамға немесе құбылысқа арналған жағымсыз комментарийлер, хабарламалар, иррационалды сын. Буллинг үрейлендіруге, басқалардың бойында қорқыныш тудыруға, оларды өзіне бағындыруға бағытталған, физикалық немесе психологиялық террор дегенді білдіреді. Жиі кездесетін түрі – мектептегі буллинг. 10-12 жастағы ұлдарда буллинг оқу жылының басында қатты көрініс береді, ол кезде олар топтық иерархиядағы орын үшін таласады. Кейінірек бұл процесс аяқталғанда және иерархия қалыптасып болғанда, буллинг әлсірейді. Ұлдар мен қыздар қудалаудың әр түрін пайдаланады. Егер ұлдар көбінесе физикалық түріне бейім болса, қыздар қысымның жанама түрлерін – өсек тарату, қарым-қатынас шеңберінен шығарып жіберуді пайдаланады.
Кибербуллингтің сипаты
Кибербуллинг өз құрбанына аптаның жеті күнінде де, тәулігіне 24 сағат бойы соқтығады, жасөспірімнің өзін қорғауда екенін сезіне алатындай кеңістік пен уақыт қалдырмайды. Шабуыл жанын ауыртатындай және кенеттен болуы мүмкін. Электрондық хабарламаларды бақылау және сүзгіден өткізу күрделі болғандықтан, тиісіп отырған адамы үшін мұның бәрі кездейсоқ болады да, ауыр психологиялық күйге ұшыратады. Кибербуллинг қолданатын адамдар жасырын болып қала береді. Жасөспірім өзін кім аңдып жүргенін білмейді және қауіпті ұлғайтып көрсетуге бейім келеді. Аңдушылардың аты-жөнінің жасырын болуы үрей әсерін күшейте түседі. Кибербуллинг әртүрлі буынға бірдей қатты әсерін тигізеді. Жасөспірім ғана емес, мәселен, мектеп мұғалімі де оның құрбанына айналуы мүмкін. Кибербуллинг байқаусызда болуы да ықтимал. Кейде жабық топтық немесе онлайн-қоғамдастықтың мүшесі біреуге зияным тиеді деп ойламастан орынсыз қалжыңдап қалады. Оның қалжыңын әрі қарай үшінші тұлғалар көздеп отырған адамды аңдуға пайдаланады. Интернеттегі қудалауды бақылауға алуға болады. Барлық жазбалар желіде із қалдырады, олар құжаттандырылып, дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бұл ерекшелік кибербуллинг құбылысымен тиімді күрес жүргізуге мүмкіндік береді.
Кибербуллингтің технологиялары
Ұялы байланыс. Смартфон нысанаға алынып отырған адамның беделін түсіру мақсатында фото- және бейнекескіндерді жазып алу үшін ғана емес, аңду объектісіне SMS-хабарлама жеткізу үшін де пайдаланылады.
Шұғыл хабарламалар сервистері. «Mail.ru Агент», «WhatsApp» сияқты танымал сервистер көзделіп отырған адамға хабарлама жіберу үшін де қолданылады. Ол адамның аккаунты бұзылуы және достары мен туыстарына оның беделін түсіретін хабарламалар жіберілуі мүмкін.
Чаттар мен форумдар. Агрессивті хабарламалар жіберу үшін аккаунттар иесінің құпиясын ашуға пайдаланылады. Форум беттерінде құпия, жеке ақпарат жалпыға ортақ талқылауға салынады.
Әлеуметтік желілер. Үрейлендіретін пікірлер, фото- және бейнематериалдар орналастыру үшін қолданылады. Қудалау құрбанының аккаунтын бір топ адам бұғаттап, оған жаппай шағым жіберілуі мүмкін. Ол қудалау құрбанының атынан әшкерелейтін хабарламалар жіберу үшін бұзылуы ықтимал. Сондай-ақ беделін түсіретін әрекет үшін қудалау құрбанының атынан аккаунт ашылып, пайдаланылуы мүмкін.
Кибербуллингтен балаларды қорғау жөніндегі ата-аналарға арналған ұсынымдар
Ең алдымен арандатушылыққа жол бермеу керек. Себебі қорлық көрсету – нағыз арандатушылық. Бала оның қорқыту әрекетіне көз жұмып қарай алмайды. Бұл жағдайда оқиғаның қарама-қарсылығын ауыстыруға тура келеді: егер ол мені қорласа, онда мені оқшаулағаны. Яғни мен күштімін! Мен мықтымын! Мен мұнымен мақтануым керек! Ал одан кейін өзіңіз үшін екі сұраққа жауап табуыңыз керек: бұл адамда мені не қызықтырды және мен бұл қасиетті байқамасам да, оны не үшін пайдалана аламын?
Баланың қорлық құрбаны болғанын анықтауға көмектесетін белгілер
Балаңыздың өміріндегі кез келген өзгерістерге мән беріңіз. Бірақ өзіңіз бұл жағдайда буллерге айналып кетпеңіз. Мысалы, гаджеттерге деген көзқарасы. Баланың әлеуметтік желіге аз кіруі сізді қуантуы мүмкін, бірақ оның себебін түсінуге тырысыңыз. Алайда мұндай әңгімелесуді сұрақ-жауапқа айналдырмаңыз. Көңіл-күй өзгерісі де қауіпті болуы мүмкін. Оқушының көңіл-күйі түсіңкі немесе тіпті керемет болуы мүмкін. Сонымен қатар ұйқысының тыныш еместігіне, кеш уақытта және таңертең тұрғандағы ауырсыну проблемаларына мән берген жөн. Бұрын серуенді жақсы көрген баланың үйден шыққысы келмейтіндігінің себебін білуге асығыңыз. Тіпті баланың мектепке барғысы келмейтіндігі де қауіпті дабыл.
Ата-ана өздерін қалай дұрыс ұстау керек?
Әрине, қорлыққа қарсы тұру өте қиын. Себебі бұл іс жүзінде қоғамдық пікірге қарсы шығу дегенді білдіреді. Ол үшін үлкен рухани күш керек. Бұл кедергіге тиіп-қашпа көзқараспен қарауға болмайды. Көпшіліктің еркіне қарсы тұру қабілеті бір күнде қалыптаспайды. Сіздің балаңызға сіздің көмегіңіз әбден қажет болуы мүмкін. Көп қолданылған ұсыныс ретінде бір ғана нәрсені айтуға болады: балаларыңызбен әңгімелесіңіз, бақылау жасамаңыз, әңгімелесіңіз, сөйлесіңіз.
Күресу жолы қандай?
Психологтардың айтуынша, балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң 21 елде бар. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Сондықтан мамандар Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зомбылық көрген балаларға көмектесу жолдары туралы ата-аналар мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған. Сондай-ақ мұндай жағдайға тап болмау үшін қандай әрекет ету қажеттігі айтылады. Енді қаланың білім басқармасы мен барша мектеп ұжымы осы бағдарламаны жетілдіріп, бекітуі тиіс. Сөйтіп, балаларды бопсалау мен қысымнан қорғап, аман алып қалуға болады. Күні кеше ғана жолданған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да бұл мәселе тілге тиек етілді. Еліміздегі балалар психологтары, балалар құқығын қорғайтын түрлі ұйымдар мен ЮНИСЕФ сынды қорлар бұл миссияда бас біріктірері анық. Сонымен қатар Қазақстандағы интернет-қауымдастықтың президен-ті Шавкат Сабировтің айтуынша, кибербуллингке қатысты әр мектепке, білім беру ұйымдарына арнайы нұсқаулық немесе бағдарлама жасау жеткіліксіз. Бұл үдеріске қарсы ұлттық бағдарлама ауадай қажет. «Жыл өткен сайын ғаламтор қолданатын балалардың саны артып келеді. Бұл, әрине, алаңдатпай қоймайды. Бізде бір кездері халықты интернетті қолдануға үйретті ғой, дәл сол сияқты балаларды интернеттен қорғануға үйрету керек. Оның барлығы ұлттық бағдарламада жазылуы тиіс. Негізінен баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ана жауапты болуы қажет. Мектептің басты міндеті – оқытып, білім беру. Қазір мектепте болып жатқан бұзақылықтың барлығы ғаламтордың әсерінен. Балалар интернетте көргенін өмірде қайталайды. Сондықтан олардың тәрбиесіне ден қою керек», – деді Шавкат Сабиров.
Қазір Қазақстанда жасөспірімдерді интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама мен сайттар жоқ десе де болады. Тек safekaznet.kz қызметі арқылы шағымдануға болады. Ондағы мамандар посттың заңсыздығын тексеріп, қажет жағдайда парақшаны бұғаттайды. Былтыр бұл желіге кибербуллингке тап болған 3 жасөспірім арызданған.
Кибербуллингке тап болғанда:
• әлеуметтік желіде қысым көрсеткен адамның хабарламасына жауап бермеу;
• онымен сөйлесуді тоқтатып, бұғаттау;
• әлеуметтік желі әкімшісіне сен туралы жарияланған жазба не суреттерге шағымдану;
• күдікті жазбаларды скриншот жасап, ата-ана не ұстаздарға хабар беру керек.