Шуылдаған қала іші кеш бата жым-жырт күйге енді. Көше ішінен зуылдай өткен көлік дыбысы мен жарық шашқан көше қолшамдарынан басқа көзге ештеңе түспеді. Бұл уақытта 2-сынып оқушысы Арсен өз пәтерінде сабағын оқып отырған еді.
Өз құрбылармен қатарлас бұл баланың əкесі Ардақ көп жыл бұрын-ақ ащы су құрбанына айналып кеткен-ді. Содан бері міне, əлі ішеді. Оған себеп, жарының тым ерте өмірден озуы болды. Бүгін де отырысқа кетті. Əрдайым ішіп келгенде, ұлын кейде қан-жоса етіп ұратын. Бұл жағдайда көршісі Əбен қарт көмекке келетін. Алайда есірген əке кейде қарияның да жағасынан ала түсетін. Сөйтсе де, бала əкесіне бір рет болсын ренжіген емес-ті. Керісінше, əкесіне деген махаббаты арта түсетін. Сынып жетекшісі Камила апай баланың ақкөңілдігі мен сабырлығына қайран қалатын. Басқа балалар əкесі жайлы жарыса мақтанғанда, ол өз əкесі туралы өзгелерден асыра мақтаушы еді. Бір рет те болсын əкесінің үстінен арыз айтып көрмепті. Осылай жүре əкесінің салған соққылары əсерінен баланың миына зақым келді. Алайда оны тек мектеп дəрігері екеуінен басқа ешкім білмеді.
Осылай отырғанда есіктен сатыр-сұтыр қағылған дауыс естілді. Бүгін əкесі өткендегіден де қатты ішкен сияқты. Есік дыбысынан қорқа баса, есіктің құлпын ашты. Араққа сылқия тойған əкесі сүйретіле əрең тұрды. Осылайша ішке əрең кірді де, ұлын жұдырықтың астына ала бастады. Бұл жолғы соққы басына тиді. Жерге тарс ете құлаған баланы əкесі əрі қарай тепкі астына ала жөнелді. Үстідегі дауысты естіген Əбен қарт демде жетіп келіп, баланы өзімен əкетті. Үйіне əкеле, тамақ əзірлей бастады. Баланы қалай жұбатарын білмеген дана қария жақ ашпады. Оң-солын танып үлгермеген кішкентай бөбектің тағдыры қарияның да жүрегін ауыртқан еді. Бір кез артына қараса, бала сұлқ құлап жатыр екен. Шошыған қарт тамағын тастай салып, баланың жанына келді. Денесіне қол тигенін сезген бала көзін ашты да, əлсіз дауыста «Басым…» деп қайта сұлқ құлады. Бірнеше уақыттан соң, Арсен аурухана төсегінде көзін ашты. Жан-жағына қарап, əкесін таппады. Бұл кезде Əбен шал аурухана дəрігерімен есік сыртында тілдесіп тұрған еді.
– Баланың жағдайы ауыр, – деді. Басына көп зақым келген. Баланың аз өмірі қалды…
Бұл сөз қартқа ауыр тиді. Өз балалары кеткеннен кейін қарттың көз қуанышы бөтен болса да, осы бала еді. Енді міне, ол да бұл дүниеден қол үзіп барады. Бəлкім, бұл дүниеден кеткені де дұрыс шығар…
Аз күннен кейін бала қартпен қосылып ауруханадан шықты. «Үйіне алып барсам, əкесі тағы ұрмас па екен?» деді. «Əлде дәрігердің сөзін айтсам болады ма? Одан кейін тастап кетсе ше?». Осы сұрақтар қарттың көңіліне тыныштық бермеді. Көлік ішінде баланың жүзіне қарап ойланумен болды. Бір сəт қайдан екені белгісіз: «Əкем жақсы көрсе, өлуге де разымын», – деген баланың қуанышты дауысы шықты. «Дəрігердің сөзін естіді ме» деп шошып кетті қарт. Содан соң бұл сөзінің себебін сұрады. Айтуынша, жақында кинодан көріпті. Өз əкесі сияқты біреу баласын өлгеннен кейін ғана жақсы көрген екен. «Бірнəрсе сезіп айтып отыр ма екен» деп ойланды қарт. Бетін қайта бұрып қараса, жүзінен əлі күлкі кетпеген екен.
Артынан бірнеше айлар өтіп, бұл кезде баланың ауруы да асқына берді. Басының солқылдап ауыруы үдей түсті. Əкесі Асқар бұл туралы білсе де, еш əрекет жасамады.
Бір күні Əбен қарт жолай Арсенге кірмекке бекінді. Есікті ашқан ол Арсеннің төсекте ессіз жатқанын көрді. Шошынған қарт дереу жедел жәрдем шақырды. Келесі күні ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде Арсен ақ киімде, өзіне ағаш астынан қол бұлғап тұр екен. Жүзі қуанышты секілді. Айқайлап не айтқанын қарт онша есітпеді. Мұқият тыңдаса: «Əкем мені сағынып жылады ма?», – деп сұрау үстінде екен. Шошып оянған қарт дереу ауруханаға жол тартты. Кіре сала, мейірбикеден Арсеннің палатасын сұрады. Алайда мейірбике оның түн ортасында көз жұмғанын айтты. Бұл сөзді есіткен қарт аурухана еденіне отыра кетті. Сөйтті де, бетін жас жуған күйі «Кеш, періште» деп қайталаумен болды…
Гауһар НИЯЗЫМБЕТ,
Тараз қаласы, Аркадий Гайдар атындағы №35 орта мектебінің
10 «Ә» сынып оқушысы