Бүгінде облыстағы Мойынқұм, Сарысу, Жамбыл, Талас, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының 48 елді мекені кененің табиғи ошағы болып белгіленіп отыр.
Толғанай АТАБАЙ
Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, аймақта аталмыш улы жәндіктер жылдың төрт мезгілінде де кездеседі екен. Ал осынау жәндіктен адам өміріне төнер қауіп мол. Сондықтан эпидемиологтар аймақ тұрғындарын кенеден сақтануға шақыруда. Аталмыш дертпен өткен жылы республика бойынша 18 адам ауырса, оның 9-ы біздің өңірдің тұрғындары. Ал оның ішінде бір адам көз жұмған. Қазіргі уақытта кенеден келер кеселдің алдын алу бағытында мамандар жұмыла жұмыс жасауда. Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимовтың хабарлауынша, бүгінге дейін облыс бойынша кенеден зардап шеккен 368 адам тіркелген. Оның ішінде 67 жағдай эндемиялық аудандардан. Барлық кенеден зардап шеккен тұлғалар 14 күндік медициналық бақылауға алынып, оның 21-і бақылаудан шығарылыпты. Ал мамандар кене шаққан адамдардың бірден дәрігерге қаралмай уақыт оздыруы немесе кене шаққанын, мал-жан, қора-қопсымен байланысы болғанын жасырып қалуының кесірінен дертті анықтау қиынға соғып, арты қайғылы жағдайға ұласатынын айтып отыр. Қазіргі таңда облыс аумағындағы елді мекендерден 38571 кене жиналып, олардан 3320 сынама алынған. Зертханада зерттелген 109 сынамадан аталмыш індеттің қоздырғышы анықталып, індеттену көрсеткіші 3,5 пайызды құрапты. Бұдан бөлек, табиғи ошақтарда орналасқан елді мекендерде Ұлттық сараптама орталығы мен ветеринарлық қызмет мамандары кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының 1-ші кезеңін сәуір айының ортасынан бастап қолға алған. Ал екінші кезең тамыз айында жүргізіледі екен.
– Биылғы ауа райының құбылмалы мінезіне қарамастан, кенелер белсенділігі артып, осы жәндіктердің шағуынан жапа шеккендер саны азаймай отыр. Бұл жәндіктер біздің өңірде жылдың барлық мезгілінде де жер бетіне шығады. Тіпті желтоқсан айында кене шағу фактісі тіркелді. Осыған орай, облыстық тиісті медициналық мекемелерде бұл дертпен ауырған адамдарға арналған дәрі-дәрмек, таңу, дезинфекциялық материалдардың және қан алмастырғыштардың, вирусқа қарсы препараттарының қажетті қосалқы қоры дайындалды. Науқастарды уақтылы оқшаулау, сонымен қатар емдеу және кене шаққаннан зардап шеккендерді 14 күн аралығында бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 87 провизорлық бөлім ашылып, провизорлық төсектермен қамтылды, – дейді Күмісбек Рахимұлы.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл адамды өлімге алып келетін қасіретті індет. Сондықтан кене шақса, сол сәтте дәрігерге қаралу қажет, сонда ғана өз өміріңді сақтауға болатынын айтады мамандар. Ал кене шаққан жағдайда өздігінен әрекет етпей, 3 күннің ішінде дәрігерге қаралу керектігін ескертеді. Кене энцефалитіне қарсы екпе барлық емдеу мекемелерінде тегін жүргізіледі екен.