Кемел келешектің кепілі – жалынды жастар

Жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жас буынның білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік жастар сая- сатының басты мақсаттарының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу.

Жастардың жат әдеттен бойларын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу мақсатында елімізде жастарға арналған түрлі шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы орайда қаламызда жастармен етене жұмыс істеп жүрген қалалық жастар ресурстық орталығы жастар ортасында волонтерлық қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс жүргізу, жастарға қатысты мәселелерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, жұмыс мәселесіне қатысты жәрмеңкелер, мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер жүргізу сынды маңызды бағыттар бойынша шаралар атқаруда.
Орталықтың негізгі мақсаты – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесу және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсету. Орталық тарапынан 2023 жылы бірқатар үлкен іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кетуге болады. Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі», «08 city» атты инновациялық жобалар байқауы, «Жайдарман» ойындары, қала жастары, мекеме қызметкерлері мен оқу орындарының студенттерін білімге деген құштарлығын арттыру, жастардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізу, командада жұмыс жасау, мəселені талқылау қабілетін дамыту мақсатында «JarIQ» интеллектуалдық ойындары өткізілді. Сонымен қатар қала жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында «Taraz Awards» атты жастар сыйлығы 15 номинация бойынша табысталған болатын.
Елімізде жастарды қолдау бағытына арналған іс-шаралар, бағдарламалар мен жобалар өте көп. Бірі жастар арасындағы баспана мәселесін шешуге, бірі жұмыссыздықты жоюға, бірі жастардың кәсібін, жеке қызығушылығын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 13 волонтерлық үкіметтік емес ұйым және 27 бастамашыл волонтерлық топ бар. Одан бөлек, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерде студенттік волонтерлық топтар жұмыс істейді.
Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Мұны біз алыстан сұлбасы көрінген қарияның жүгін көтеруге асығатын баладан немесе жасы кішіге ізет білдіріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген жастардан аңғара аламыз. Қазіргі таңда жақсылық жасаудың осынау үлгісі мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Осы орайда жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлық бағытты дамыту мақсатында Жастар ресурстық орталығы 7 бағыт бойынша (білім, таза әлем, саулық, сабақ-тастық, асыл мұра, қамқор, үміт) тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Одан бөлек, қала тазалығына ерекше мән беріп, әр апта сайын сенбіліктерге, экологиялық акцияларға белсене қатысады.
2023 жылдың наурыз айынан бастап қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына 458 жас (оның ішінде NEET санатындағы 5 жас) уақытша жұмыспен қамтылып, қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, Қ.Рысқұлбеков, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябақтары, «Жастар» аллеясы, «Әулиебастау», «Қарасу-2» каналының жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «Таза қала – таза жағалау» атты акция, «Табиғатым – махаббатым» атты экоакциясы, «Жастар және таза әлем» атты акциясы, «Киелі табиғат» атты республикалық экологиялық акциясы, «World clean up Day» дүниежүзілік акциясы, «Жана Қазақстан – таза табиғат» атты экологиялық акциясы өткізілген болатын. Ағымдағы жылы да «Жасыл ел» еңбек жасағы қатарына жастарды уақытша жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Елімізде жас азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған және білім беру жобаларына тарту мақсатында бірқатар шара қабылданған. Осы орайда Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар, жастарға арналған мүмкіндіктер және қалада жүргізіліп жатқан реформалар, жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу, NEET санатындағы жастармен жұмыс, жастарға анонимді психологиялық көмек көрсету, жастар мен жастар ұйымдарына құқықтық, әдістемелік көмек көрсету бойынша кеңестер беруде. Жұмыс істеуге деген құштарлық азаюының тағы бір себебі – көп жағдайда диплом алған түлектер еңбек нарығына керексіз болып қалуында. Қазір оқу бітірушілердің тек 60 пайызы ғана жұмысқа орналасады. Ал қалғандары мамандық бойынша жұмыс таба алмай сандалады. Қалада тіркеуі жоқ, жалдамалы пәтерде күн кешетін, білім алуға мүмкіндігі жоқ жастардың қарасы аз емес. Еңбек нарығында кейбір мамандықтарға сұраныстың жоқтығынан білімді жастар қара жұмысқа жегіліп жатыр. «Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демей ме хакім Абай? Басты талап – мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау керек деп ойлаймын.
Тараз қаласында 11 183 жұмыссыз, NEET санатындағы жастар бар екені анықталып, бүгінгі таңда олардың 6 044-і, яғни 54,9 пайызы өзектендірілді. NEET санатындағы жастарға кәсіптік бағдар беру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу шеңберінде мамандық таңдау, түлектерге арналған гранттар, қысқа мерзімді оқыту курстары және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жайлы кеңінен түсіндіріліп, өткен жылы жастар орталығы тарапынан 42 кеңес беру, 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын.
Жастарымыз нақты бір саланың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Бүгінде елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік жастар саясатының мақсаты – жастардың рухани, мәдени, кәсіби және физикалық қалыптасуына әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық шарттарын және кепілдіктерін қалыптастыру, жалпы қоғамның қызығушылығында оның шығармашылық қабілеттілігін ашу.
Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Қоғамның мəдениетін, əлеуметтік, рухани өмірін дамытуда əр адамның жеке тұлғасы, азаматтық келбеті, адамгершілігі, отаншылдығы, ұлтжандылығы, еңбекке деген шығармашылық қабілеті мен белсенділігі шешуші рөл атқарады. Біздің жастар – қоғамның инновациялық потенциалы, білім алуда, жаңашылдықты қабылдауда, мамандығы бойынша өсіп-өркендеуде және өмірдің басқа да салаларында жеткілікті белсенді. Бірақ сонымен қатар тәрбие мен құндылықтарды мұра ретінде қабылдаудағы дәстүрлерді де ұмытпайды.
Бүгінде жастар саясаты – тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. «Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтық жолы да осы», – деп Дінмұхамед Қонаев атамыз біздерден зор үміт күткендей, біздер де жастарға адал да абыройлы, ең бастысы, адам болсын деп зор сенім артамыз. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай иілуге әзір. Сондықтан елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шараларын іске асырып, олардың идеяларын жүзеге асыруы үшін жоғары деңгейде жағдай жасап, қолдау біздің негізгі міндетіміз деп білемін.

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі

Comments (0)
Add Comment