Кемел келешекті көздеген құнды құжат

     Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында көптеген саладағы өзгерістер енуге тиіс нормалар мен алдағы уақытқа негізделген бағыт-бағдарлар қамтылғанын көрдік.

       Жалпы Жолдаудың басты идеясы – экономика. Бұл түсінікті де, себебі жаһандық саясаттағы ықпал экономикаға, халықтың әл-ауқатына байланысты екені даусыз. Өткен жылдарда өнеркәсіпті дамыту, импорт, ауыл шаруашылығын өркендету, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру, шикізат секторына тәуелділікті азайту мен логистика саласы айтылған еді. Азаматтарға тең мүмкіндік беретін тұрақты және әділ экономикалық жүйе құру жоспарланған болатын. Бұл қатарда шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту де тілге тиек болды.

     Ең алдымен Президент елдегі орта бизнестің даму деңгейін сынға алып, 2029 жылға қарай бұл саланың ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды.

     Бюджет тапшылығына әсер етіп отырған тағы бір фактор – шикізат экспортына тәуелділік. Мәселен, мұнайдың әлемдік бағасы ауытқыса, бюджет қоса теңселеді. Бұған инфляция мен валюта нарығының тұрақсыздығы сияқты сыртқы экономикалық факторлар қосылуда. Міне, осы жолғы Жолдауда айтылған ескертпелер Үкіметтің келешектегі бағдарына айналуы қажет. Бұған қоса, құнды құжатта мемлекеттік басқару ісінде ашықтық қажет екені қайталанып айтылды. Осыған дейін ауыл  әкімдері сайлау арқылы іріктелген болса, ендігі кезек қала және аудан әкімдеріне келмек. Яғни, жергілікті халық шаһар басшысын өздері таңдайды.

   Сонымен бірге кезекті Жолдауда Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттарын айрықша атап өтті.

   – Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде, қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді, – деді Президент.

 Сондай-ақ  Мемлекет басшысы қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалып жатқанын айтып, осал азаматтарға көмектесу барысында бірқатар шара жүзеге асқанын жеткізді.

   – Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

      Сонымен қатар Президент бүгінде азаматтардың нақты табысы ескерілмей, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті мүлдем мұқтаж емес, ауқатты отбасылар да алып жатқанын да айтып, бұл бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

     – Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс, –  деді Президент.

     ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Акесинаның айтуынша, жыл сайынғы Жолдау әр түрлі аспектілермен ерекшеленеді. Әлемдегі, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты әр жылдары екпін мен басымдықтар әр түрлі болады.

     – Егер алдыңғы екі Жолдауды өзара салыстыратын болсақ, көптеген айырмашылықты атап өтуге болады. Мысалы, 2023 жылғы Жолдау жаңа экономикалық бағытқа арналған. Президент тау-кен секторын басқару жүйесін жаңғырту, сирек және сирек кездесетін металл кендерін игеру, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінде кадрлар даярлау, энергия ресурстары мәселелерін қозғады. Екібастұз мен Рудныйдағы апаттар аясында инфрақұрылымның тозу проблемасына жеке бөлім арналды.

    Халықаралық қатынастардағы қауіпсіздіктің өзекті проблемалары елдің көлік әлеуетін дамыту және әртараптандыру туралы тапсырмаларда көрініс тапты. Мәселен, Президент көлік әлеуетін жүзеге асыру және порттар салу, Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жеделдету және Орта дәліз бойындағы Қара теңізде порт қуатын кеңейту туралы тапсырмалар берді. 2029 жылға дейін төрт мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын сапалы қайта жаңарту жоспарланған болатын, – дейді сарапшы.

     Сарапшының сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауы орындалған тапсырмалардың алдын ала қорытындыларын шығарып, жаңа саяси және экономикалық жағдайларды ескеріп, даму бағытын қайта түзетуге негізделген.

  – Мәселен, Президент инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнеске жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыру туралы айтып, салық саясатын да реттеуді алға тартты. Жолдаудың негізгі фокустарының бірі де – осы. Бұл қадам салық жүйесін неғұрлым мұқият әзірлеуге, түзетуге және салық түсімдерін неғұрлым тиімді басқаруға ұмтылып жатқанымызды көрсетеді.

    Жолдаудың екінші маңызды тұсы – аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау мәселесі және сайлау комиссияларындағы ауқымды дайындық процестерін іске қосты, – дейді А.Акесина.

     Сондай-ақ құнды құжатта  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев казір әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын еске салып, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екеніне ерекше тоқталды.

  Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын, – деді Президент.

      Әрине, Мемлекет басшысы атап өткендей бүгінде әлемде біраз ел АЭС қызметін пайдаланады. Бүгінде еліміздегі атом өнеркәсібінің мүмкіндіктеріне сүйенсек, онда бір емес, бірнеше станция салуға болады. Ғалымдардың айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстанның оңтүстігінде базалық электр қуатының тапшылығы 2,7 ГВт жетеді деген болжам бар. Қарапайым мысал, жер көлемі жағынан Қазақстаннан 5 есе кіші Франция мемлекетінде 2023 жылға дейін 56 өнеркәсіптік ядролық реактор жұмыс істеді. Ол АЭС-тер мемлекетті 70,6 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Атом электр станциясының құрылысы мұнай мен газға тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар АЭС-тің басты артықшылықтарының бірі олардың жұмыс істеуі үшін өте аз мөлшерде отын қажет. Осыған байланысты олардың жұмысы жылу станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан. Сонымен бірге 24/7 күн сайын электр энергиясын алуға мүмкіндік береді әрі атмосфераға парниктік газдарды шығармайды, көптеген адамдарға жұмыс орындары ашылады және электр энергиясын арзандата отырып, елдің саяси-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік туғызады.

    Президент атап өткендей, елдің жаңа экономикалық бағытының айқындаушы қағидаттары әділдік, инклюзивтілік, паргматизм болады. «Осы Жолдауда баяндалған міндеттер үш жыл ішінде іске асырылуы тиіс» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

  Сонымен қатар Мемлекет басшысы республика деңгейде шұғыл шараларды талап ететін проблемалық мәселелерді де нақты атап көрсетті.

 – Ең маңыздыларының бірі – елдің энергетикалық қауіпсіздігі. Біздің еліміз басқа мемлекеттермен бірге электр энергиясының тапшылығын сезіне бастағаны жасырын емес, энергетика саласына елеулі қаршы құю қажет. Ірі нысандарға инвестиция салумен қатар, «жасыл технологияларды» белсенді енгізуді жалғастыру керек. Атом электр станциясын салу тақырыбы да күн тәртібінен түспейді,  – деген Президент Үкіметке жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді тапсырды.

– Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

       Сонымен бірге Президенттің пайымынша, Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сондай-ақ, еліміздегі 1 300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек.

     – Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады, – деді Мемлекет басшысы.

   Жалпы  9 тараудан тұратын бұл Жолдауда Мемлекет басшысы ақша-несие саясаты, инвестициялық ахуал, өнеркәсіп әлеуетін арттыру, ұлт саулығын нығайту, кадр әлеуетін арттыру, экономикалық ахуалды жақсарту сынды бірнеше мәселеге тоқталып өтті. Оның ішіндем білім саласынада  басты назар аударды.

  –   Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет.

     Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз», – деген Президент білім ордаларына қабілетті жастарды тарту жұмысын одан әрі жалғастыруды, бала тәрбиесінде мұғаліммен қатар ата-аналардың да жауапкершілігі мол екенін атап өтті.

       Сонымен қатар қоғамда шын мұқтаж жандарға көмек қолын созуды қолға алу керектігін де басты назарға алу керек екенін қадап айтты.

   Ал журналист Азамат Байғалиевтың сөзінше, бұл Президенттің жаңа экономикалық саясатты іске асыруға басымдық берген екінші Жолдауы. Оның пікірінше, Президент бір бағытқа немесе басқа бағытқа басымдық берместен, барлығын теңдей нақты белгілейді. Сыртқы және ішкі саясат, сондай-ақ әлеуметтік-саяси блоктың дамуы да тепе-теңдік нүктесінде.

 – Бұл ретте салық салынатын базаны арттыруға, тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға және қайта өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару күтпеген жағдай саналмайды. Мемлекет басшысы басынан бастап осы бағыттарға көңіл аударып, ел дамуының өз көзқарасын, сайлауалды тұғырнамасын және қоғамға берілген нақты уәделерді жоспарлы түрде жүзеге асыруды жалғастыруда,  – дейді А.Байғалиев.

      Журналистің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум мен президенттік сайлаудан кейін 2022 жылы нақты қол қойылған жаңа әлеуметтік шартты ұстанады.

     – Бұл ретте еліміздегі барлық оң әлеуметтік-саяси өзгерістер макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуімен және сенімді инвестициялық серіктес ретінде Қазақстанның халықаралық аренадағы тартымдылығымен тығыз байланысты екендігі туралы абсолютті түсінік бар. Мұнда Президент Үкіметке жұмысты жандандыруды тапсырды, – дейді Азамат Байғалиев.

    Сонымен қатар Азамат Байғалиев инвестицияларды тарту қажеттілігінің артында маңызды міндет – энергетикалық, көліктік-логистикалық, коммуналдық және тұрғын үй инфрақұрылымын жаңарту тұрғанын түсіну маңызды екенін айтты.

   – Жолдаудың тұтас бір блогы Мемлекеттік басқару тиімділігі мен мемлекеттік қызметшілердің құзыретін түбегейлі арттыруға арналған. Бұл жерде екі маңызды мәселені атап өту маңызды: біріншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әкімшілендірудегі құндылықтардың ірге жүйесі болып қала береді; екіншіден, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлануы пилоттық кезеңнен сәтті өтті және енді өңірлердегі сайлау ландшафтының ажырамас бөлігіне айналады, – деді ол.

      Қорыта айтқанда, Президенттің былтырғы Жолдауы алдағы атқарылатын істерде басшылыққа алынатын негізгі құжатқа айналмақ. Бұл өз кезегінде тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтауға және еліміздің өркендеуіне жол ашатыны сөзсіз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

 

 

Comments (0)
Add Comment