Барлығымызға мәлім, 2019 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы Жолдауын жариялаған болатын. Бұған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 23 рет халыққа Жолдау арнаған екен. Біз осы орайда сол құнды құжаттарға шолу жасап көрмекпіз.
Ел Президентінің халыққа арналған бірінші Жолдауы 1997 жылы жарияланған. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев бір күнмен өмір сүруге болмайтынын, жаңа ғасырға тың бастамалармен аяқ басу қажеттігін жеткізіп, Қазақстанның нарықтық экономикаға ғана емес, жаңа демократияға да бет алғанын мәлімдеген. Ал оған жету үшін нақты бір стратегия мен жоспар болуы шарт. Сонда ғана Үкімет және басқа мемлекеттік органдар бір мақсатқа жұмыс істейді. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық жоспарлау жұмысын қолға алуды тапсырған еді.
– Мемлекеттік қызметшілер күнде стратегиялық мақсатқа жұмыс істеуі тиіс. Ал заңдар мен шешімдер сол стратегиямызға сай болуы қажет. Келесі жылдан бастап біздің жыл сайынғы жоспарларымыз ұзақ мерзімді басымдықтармен үндесуі шарт. Бұдан бөлек, мониторинг жүйесі алға қойған мақсаттарды қалайша орындағанымызды көрсетуі керек. Сол себепті бізге стратегиялық жоспарлау және бақылау жүйесі қажет, – деді Тұңғыш Президент.
Осылайша ол Жолдаудың өзін стратегиялық жоспар ретінде белгілеп, одан кейінгі жылдары атқарылған жұмысты қорытындылап отыратынын жеткізді. Ал әрбір Жолдау өз кезегінде жаңа мақсат-міндеттерді айқындайтыны белгілі.
Алғашқы Жолдау стратегиялық жоспарлаудың басы болғаннан кейін өте көлемді болып шықты. Оның ішінде нақты 7 міндет белгіленіп, соның бәрін іске асыру жолдары көрсетілген. Атап айтқанда, табиғи ресурстарды сақтау, экология, білім мен денсаулық, экономиканы әртараптандыру, жолдардың құрылысы, көлік және коммуникацияны жетілдіру, шағын әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру, жемқорлықпен күресу, кәсіби мамандарды даярлау, мұнай-газ құбырларын тарту, бизнесті дамыту, тұрғын үй бағдарламасын іске асыру, ауылдардың проблемасы және тағы басқа маңызды мәселелер бар.
Осы құнды құжатта Нұрсұлтан Әбішұлы 2030 жылғы Қазақстанның болашағын да болжап, халықты өз күшімен табыс табуға үндеген еді. Сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау мақсатында алкоголь мен темекінің жарнамасына түбегейлі тыйым салу қажеттігі де осы құнды құжатта көрініс тапты. Ол кезде доллардың бағамы 78,4 теңге мөлшерінде еді. Соған орай ауылдың тұрғындары өз кәсібін ашуы үшін 3 жылда 150 мың адамға несие берілді. Осы жылы «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы қабылданды.
Келесі жылы қыркүйек айында екінші Жолдау жарияланып, мұнда министрлер кабинетін реформалау ұсынылды. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылды. Сонымен қатар Ұлттық банкке айырбас курсының икемді жүйесін пайдалану, теңгені қорғаудың нақты бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Ал 1999 жылғы Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев тарихты қаузап, жаңа ғасырдағы Қазақстанның мақсат-міндеттеріне тоқталып, келер жылы әскери доктринаның қабылданатынын айтты.
– Бүгінде біз жалақының деңгейі бойынша ТМД-да бірінші орында тұрмыз. Біз алғашқы болып жинақтаушы зейнетақы жүйесін құрдық. Қазір зейнетақы қорларындағы жинақтардың көлемі 80 миллиард теңгеден асты. Стратегияға сәйкес, біз энергетикалық ресурстарымыздың әлеуетін арттырып жатырмыз. Бүгінде Қазақстан 32 миллион тонна мұнай өндіреді. 10 жылдан кейін біз 100 миллион тоннаға шығамыз, – деген еді Тұңғыш Президент. Осыдан кейін ол шетелдегі капиталдың амнистиясын жариялап, бюджеттік мекемелер, күш құрылымдары мен судьялардың жалақысын көтеруді тапсырды. Ал минималды зейнетақы 4 000 теңгеге дейін өсетін болды. Құқықтық реформа аясында түзету мекемелері ішкі істер органдарынан Әділет министрлігіне ауысып, ауыл әкімдерін сайлау жүйесін енгізілді. Сондай-ақ алғаш рет терроризм және экстремизммен күрес жөніндегі бағдарлама әзірленді.
Бір жылдан кейін барлық ірі кәсіпорындар қайта іске қосылып, зейнетақы, жәрдемақы уақытында төлене бастады. Ең төменгі еңбекақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға көтеріліп, бюджеттің шығындарын дұрыс жоспарлау үшін Жолдауды жылдың соңында емес, басында жариялауға шешім қабылданды.
2003 жылдан бастап ауылды дамытуға баса назар аударылды. Сол кезде Тұңғыш Президент ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мәселесін де көтерген еді.
– Әдетте, бiз «жердi сату – Отанды сату» дейтiн тоғышарлық тұжырымға ойысып, жерге деген меншiктiң шаруаның өз жерiн ешкiмнiң алып қоймайтынына деген сенiмi мен үмiтi екенiн ескере бермеймiз. Керек десеңiз, жерге деген меншiк – оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесiз жер – жетiм, – деген еді.
Бұдан бөлек, алқа билер институтын енгiзу тапсырмасы беріліп, өлім жазасы талқылауға шығарылды. Кейін оған мораторий жарияланды. Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бекiтілді. Аталған құжатта «Мәдени мұра» бағдарламасын әзірлеп, қоғамды демократизациялаудың бес бағыты ұсынылды және сол Қазақстанның алғашқы ғарыш серігінің құрылысы басталды.
Келесі жылғы Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылысына арналған жаңа бағарламаны даярлауды тапсырды. Оған сәйкес, ипотеканы қайтару мерзімі 20 жылға ұзартылды. Ал алғашқы жарна екі есеге азайып, кредиттің мөлшерлемесі 10 пайызға төмендеді. Тұңғыш Президент кеңестік заманның тәжірибесін пайдаланып, студенттердің бұрынғы құрылыс отрядтарын жаңғыртуды да ұсынды.
2005 жылы бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсіп, республика бойынша ең төменгі еңбекақының көлемі 9 200 теңгені құрады. Қазақстанда саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы жарияланды.
Тәуелсіздік таңы атқанға 15 жыл толуына орай жарияланған Жолдауда бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндеті қойылды. Тұңғыш Президент көлік стратегиясын әзірлеуді және Алматы қаласын Орталық Азияның қаржы орталығы ретінде дамытуды тапсырды. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ішкі және сыртқы саясаттың басымды 30 бағытын жариялады. Бала тууына және бала күтіміне берілетін жәрдемақы екі есеге артты. Сол кезде Тұңғыш Президент 100 мектеп пен аурухананы салу міндетін жүктеді. Ал 2009 жылы экономикалық дағдарыс мәселесіне баса назар аударылды.
2011 жылы екі бірдей Жолдау жарияланды. Сол кезде жұмыспен қамту бағдарламасы республика бойынша қолға алынды. Жылдың екінші Жолдауында «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жария-ланды.
Бір жылдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тағы 2 Жолдау арнады. Біріншісінде «Мәңгілік ел» идеясы жарияланса, екіншісінде «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясатқа жол ашылды. Соның нәтижесінде инфрақұрылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. 2017 жылы құнды құжатта елімізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг және басқа да цифрлық қызметтерді дамытуға тапсырма берілді. Бұған қоса Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты екі есеге ұлғайту міндеті жүктелді. Базалық зейнетақы жаңа әдістеме бойынша есептеле бастады. 2018 жылғы Жолдауда тәуелсіз мемлекеттің экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еткен елге айналғаны туралы тоқталды. Міне, осындай құнды құжаттың, ілкімді жобалардың арқасында еліміз әлем алдында беделді мемлекетке айналды.
Айнур Менлибекова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Ұстаз» институты «Химия және биология» кафедрасының аға оқытушысы