Кемел келешек жолындағы соны бастама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырдағы үндеуінде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Бұл қадам Жаңа Қазақстан құру жолында жасалған соны бастама деп есептеймін.

Қазіргі таңда еліміз үшін саяси жүйемізді түбірімен өзгерту қажет. Бұл – халықтың талап-тілегі. Қазақстандағы мемлекеттік басқару ісіне баршамыз араласуымыз керек. Еліміздегі саяси үдеріс түбегейлі демократиялануға тиіс. Президенттің референдум өткізу туралы ұсынысы осыған байланысты деп есептеймін.
Ата Заңымызға өзгеріс енгізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Солардың бас болуымен Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы әзірленді. Жалпылай айтқанда, Ата Заңның үштен бірі өзгереді. Бұл Конституциямыздың түбегейлі жаңаратынын білдіреді.
Енді осы өзгерістер мен толықтырулардың маған ұнаған тұстарын атап өтсем: Біріншіден, Конституцияға түзетулер жобасында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған Конституциялық сот құрылады. Бұл қазіргідей кезеңде өте өзекті болып тұр.
Екіншіден, Президенттің өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияларда болуына, оның жақын туыстарына квазимемлекеттік секторда, саяси немесе басшы лауазымдарын атқаруға тыйым салынады. Бұл маңызды қадам деп есептеймін. Себебі мемлекеттің басшысы белгілі бір партияның мүддесін емес, халықтың қамын ойлауға тиіс. Сондай-ақ оның туыстары лауазымды қызмет атқарса, непотизмге жол ашылады.
Үшіншіден, Конституцияға енгізілетін өзгерістер Парламенттің жұмысы мен оның сайлау жүйесіне қатысты. Түзетулер суперпрезиденттік басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді. Мәслихаттардың ықпалы артпақ. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттары аралас мажоритарлы-пропорционалды түрде сайланады.
Қорыта айтқанда, 5 маусым Қазақстан үшін аса маңызды кезеңге айналмақ. Осы күннен бастап тарихи бетбұрыс жасадық деп айта аламыз.

Айгерім Шахабаева,
№14 «Жарқынай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі

Comments (0)
Add Comment