Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. Бұл саясат жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруде.
Жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастырумен байланысты. Кез келген қоғамда терең білімі мен іскерлік қабілеті бар жастар ертеңгі күні өз білімдерін еліміздің болашағына жұмсауға тиіс. Бұл орайда Жастар ресурстық орталығы тарапынан жастар саясатын іске асыруға бағытталған бірқатар шаралар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 431 166 адамды құраса, оның 120 902-сі 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни қала халқының 28,04 пайызын жастар құрап отыр.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, оларды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, қоғамдық бірлестіктерімен байланысын жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың 3 айының қорытындысына сәйкес, орталық тарапынан 11 бағыт бойынша 487 іс-шара ұйымдастырылып, оған 18 000-ға жуық жас қамтылды. Жастар ресурстық орталығы және Мансап орталығы тарапынан 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 15 кеңес беру алаңы өткізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Орталық тарапынан биылдың өзінде бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кетейік.
Атап айтқанда, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Арулар – асыл жандар» акциясы аясында қаламыздың нәзік жанды тұрғындарына гүл шоқтары таратылып, «Отбасы – бақыт мекені» атты көпбалалы аналармен кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Көне Тараз» кешенінде «Ұлттық киім – трендте» акциясы өтті. Акция аясында ардагерлер, жастар, волонтерлар мен қолөнершілер – жалпы саны 100-ден аса адам ұлттық нақыштағы киім киіп, шаһарды думанға бөледі. Сонымен қатар «Наурызнама» атты жастар арасында ұлттық ойындар байқауы, «Шаңырақ» күніне орай «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Өнегелі отбасы – ел тірегі» атты іс-шарасы өтті. Сонымен қатар «Stand UP» ашық микрофон алаңы, «Ардагерлерді ардақтайық!» атты қайырымдылық акциясы, «Жақсылық жасап жарысайық!» атты қайырымдылық акциясы, «Сен де шырқа!» атты қала тұрғындарына арналған ашық аспан астындағы караоке, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Qazaqy Vibe» атты акциясы көпшілік көңілінен шықты. Бұдан бөлек, Жамбыл облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесе «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбы аясында жастарға семинар-тренинг, пробация есебінде тұрған жастармен «Спорт – денсаулық кепілі» атты үстел теннисінен турнир, «Есірткісіз болашақ» тақырыбында челлендж ұйымдастырылған болатын.
Бүгінгі күні жастар арасындағы жұмыссыздық ең бір бас ауыртар мәселеге айналып отырғаны белгілі. Жұмыссыздық жастарды көптеген жат қылықтарға әуес етеді. Олардан арылудың бірден-бір жолы – еңбекқорлық, болашаққа деген айқын көзқарас. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі көптеген жастардың бойында жалқаулық басым деп ойлаймын. Сол себептен де шығар, кей жастарда жеңіл табысқа ұмтылу, бойларынан озбыр, өзімшіл қасиеттерді де байқап қалып жатамыз. Жастар арасында тонау, қылмыс, зорлық-зомбылық, дүние, ақша үшін бір-бірін аяусыз өлтіріп, қолын былғауға әуестеніп жүргендері де бар. Салауатты өмір салтын сақтамай, денсаулыққа зиян дүниемен де, алкоголь, есірткімен айналысатындар да жоқ емес. Діни сауатсыздықтың салдарынан әртүрлі діни ағымдар жетегіне ергендер де жетерлік.
Соған орай, жыл басынан бері жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша бағыт-бағдар беру және жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерін тыңдап, шешу мақсатында 6 қоғамдық қабылдау өтті. Қоғамдық қабылдауға уақытша жұмыссыз жүрген (NEET) – 2, пробация тізімінде тұрған – 5 жас, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалармен ақпараттану бойынша 25 жас қатысты.
Ағымдағы жылы «Grand Bazаar» сауда орталығы, Тараз қалалық мәдениет үйі, қалалық жастар ресурстық орталықтарында 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 28 жұмыс беруші мекеменің қатысуымен 90 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 350-ге жуық жұмыссыз жас пен Тараз қалалық №1 пробация қызметі бөлімі есебінде тұрған 25 жас қатысты. Соның ішінде 14-35 жас аралығындағы 1 748 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жәрмеңкеге Мансап орталығы, «Отбасы банк» АҚ, «Тәтті себет» сауда орталығы, «Келешек» мектебі, «Firkan24» ЖШС мүшелері қатысты. Шара барысында Мансап орталығының мамандары жастар практикасын, әлеуметтік жұмыс орындарын, алғашқы жұмыс орындарына орналасуды сатылы түрде түсіндіріп, бос жұмыс орындарын ұсынды.
Осы орайда өзекті мәселелердің де бар екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, көптеген жастарға тиісті білімнің немесе тәжірибесінің болмауына байланысты жұмыс табу мәселесі қиынға соғуда. Көп жағдайда дипломы бар жастарды Мансап орталығы тарапынан ұсынылған жұмыс орындарының айлық жалақысының аз болуы қанағаттандырмайды. Дипломсыз жастардың мансаптық мүмкіндіктері шектеулі, біліктілігі жоқ болуына қарай жалақысы төмен жұмыс істеуге тура келеді. Сол сияқты жастардың жұмысқа орналасуындағы объективті проблемалар да бұл топтың ұлғаюына ықпал етуші факторлар қатарында. Жастарға ұсынылатын жалақының аздығы, олардан жұмыс тәжірибесінің талап етілуі, білім деңгейі – олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болмауына ықпал етуші негізгі фактордың бірі. Жалақының аздығы есебінен тұрақты жұмыс таба алмай, қайтадан NEET жас санатынан шыға алмауы мәселеге айналып отыр.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жастардың бос уақытын тиімді өткізу, жастарды уақытша жұмыспен қамту бағытында «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінгі таңда 50 жас жұмыспен қамтылды. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 85 000 теңгені құрады.
Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «Жасыл ел» еңбек жасақтары қаладағы саябақтарда, «Жастар» аллеясы, Қ.Рысқұлбеков саябағында жұмыстар жүргізіп, Ы.Сүлейменов, Желтоқсан, Б.Майлин, Қ.Тұрысов көшелеріндегі ағаштардың жабайы бұтақтарын кесіп, арықтарын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізуде.
19 наурыз күні – Жаңару күніне орай Қ.Рысқұлбеков саябағында «Жасыл желек – жердің көркі» атты акция аясында зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары 700-ге жуық тал көшеттерін отырғызды. Яғни жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, жұмысқа орналасуға көмектесу, құқықтық, психологиялық кеңес беру, т.б. бағыттары негізінде жастар саясатын жүзеге асыру бойынша орталықтың жылдық жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі қоғам дертіне айналған, әсіресе жастарды шырмаған ойынқұмарлықтың алдын алу, лудоманиямен күрес орталықтың жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жастар арасындағы қылмыстың негізгі себептерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық теңсіздік және болашаққа деген көзқарастың болмауы. Осы факторлармен күресу үшін Қазақстанда түрлі бағдарламалар мен бастамалар іске асырылуда. Негізгі бағыттардың бірі жастардың әлеуметтік бейімделуі үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет деп санаймын.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, пробация есебінде тұрған жастарды оңалту және бейімдеу мақсатында Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы бекітілген жоспарға сәйкес 18 іс-шара ұйымдастырып, 900-ге жуық жас қамтылды. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, лудомания бағытында 9 іс-шара өтіп, 400-ге жуық жас қамтылған болатын.
Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесе ерікті жастар «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында қала көшелері мен көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына жазылған синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 120-ға жуық граффити жазуларын анықтап, өшірді. Түрлі синтетикалық есірткіні насихаттайтын интернет-сайттар бұғатталды.
2024 жылы Жастар ресурстық орталығының мамандары ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесіп жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі шараларды ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізіп, түнгі рейдтерге бірге шығып келеді. Нәтижесінде, 3 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 142 жастың ата-аналарына ескерту жасалған болатын. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке тұлға мен әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар, тренингтер, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу бұл процесте маңызды рөл атқарады.
Жастар арасындағы өзекті мәселелер мұнымен шектеліп қоймайды. Қазіргі ақпараттарға сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда жастар арасында өзекті мәселелер мен қоғам өмірінде теріс бағытқа апарар түрлі жолдар өте көп кездеседі. Оларға психикалық проблемалар, зиянды әдеттер, зорлық, суицид және өзгелері жатқызылады. Айтылған мәселелер – жастар арасындағы ең көп таралғаны.
Мемлекет жастарға барлық мәселеде қолдау білдіріп, мүмкіндіктер жасауда. Білім жүйесінде де гранттардың саны артқаны, шетелде оқуға жастардың қолжетімділігі, яғни қайда барып білім аламын, тәжірибе жинақтаймын десе де, бәрі өзіне байланысты екендігі белгілі. Жастар ұйымдары мен құрылымдары да қызмет етуде. Сондықтан үнемі жаңаруды қажет ететін мәселенің ең бастысы – жастар. Үнемі құрамы да өзгеріп отырады. Бүгінгі жастардың бейнесі бәсекеге қабілетті, жарқын жүзді, білімге құштар, ар-намысы мен рухы биік, тарихына таныммен, құрметпен қарайтын, еліне жаны ашитын адамгершілігі мол жан болуға тиіс.
Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге, азаматтық бірегейлікті дамытуға байланысты мәселелер көбіне елдің дамуы мен оның жастар саясатын жүргізуіне байланысты. Қазіргі кезде жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеу, оларды отансүйгіш азамат ретінде қалыптастыру проблемасы ерекше өзекті мәселеге айналды. Дәстүр мен инновация арасында, соның ішінде әлеуметтік-мәдени ортада тепе-теңдікті сақтау ауадай қажет болып тұрған бүгінгі заманда осы мәселе аса маңызды.
Сонымен қатар Қазақстанның зайырлылық қағидасына сай, дін таңдау әр адамның өз еркінде. Осы еркіндікті дұрыс түсінбейтін жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Діни білімі таяз жастар діннің не екенін, оның мақсатының қандай екенін жете түсінбегендіктен де осындай қателіктерге ұрынуда. Әлі оң мен солын танымаған, жақсылық мен жамандықты ажырата алмайтын жастарды теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдалануда. Мемлекеттің келешегі жастарға байланысты, сондықтан бұл құбылыс мемлекетке қауіп төндіреді. Жастардың теріс ағымдардың шырмауына түсуінің басты себебі – жұмыссыздық пен діни сауатсыздық. Бұл қатардан жас буын өкілдерді ғана емес, ересек адамдарды да көруге болады. Теріс ағымдардың арбауына түсіп, діни көзқарасын өзгертіп жатқандар ертеден келе жатқан салт-дәстүрді теріске шығарып, ата-анасының берген тәрбиесін мойындамай, дәстүрлі болмысқа сай киінбей, қоғам ішінде іріткі тудырып жүр. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Жастар салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қосса, қоғамға пайдасын тигізіп, сапалы, терең білім алуды басты міндетіне айналдырса, онда келешегіміз кемел болары сөзсіз. Өз күш-жігерлері мен алған білімдерін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын жастары бар зайырлы қоғам мақсатты межеге жетері анық.
Білім қоғам игілігіне айналуы керек. Жас буын тәрбие мен сапалы білім берудің жалпыға ортақ игілік екенін түсінуі керек. Абай айтқан «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» ұғымының мәні де осы, мемлекетті өркениетке бастайтын игілік идеясына келіп тіреледі. Абайдың білім, өнер мен ғылым туралы даналығының өмірлік қағидаға, ұлттық идея формуласына айналуы қоғам үшін өте маңызды. Сондықтан ғылыми ортаның, білім ордаларының алдымен осы тәжірибені зерделеуін тәуелсіздікті нығайту жолындағы қадамдардың бірі ретінде қараймыз.
Орталыққа қарасты қазіргі таңда «Taraz zhastary» және «Biz birgemiz» волонтерлық қозғалыстары 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлық бағытын дамыту мақсатында 38 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 000-ға жуық жас қамтылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», – деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ.
Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Мұны біз алыстан сұлбасы көрінген қарияның жүгін көтеруге асығатын баладан немесе жасы кішіге ізет білдіріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген жастардан аңғара аламыз. Қазіргі таңда жақсылық жасаудың осынау үлгісі мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Сәйкесінше, қоғамда еріктілердің беделі де биіктей бастады. Осы орайда орталық волонтерлары «Ардагерлерді ардақтайық!» атты акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі қариялардың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, сұхбаттасып және ой алмасып, әрқашан көмек қолын созуға дайын. Қайырымдылық шаралардан бөлек, спорттық, мәдени, патриоттық, экологиялық іс-шараларға да белсене қатысады.
Волонтерлық саланың да кем тұстары аз емес, еріктілердің мәртебесін көтеруді қоғам болып қолға алуымыз керек. Өйткені еріктілер туралы өте аз ақпараттандырылған, үгіт-насихат жұмыстары жетіспейді. Қайтарымсыз жұмыстың жемісін бағаламау да, оларды қолдаусыз қалдыру да осы насихаттың жоқтығынан туындап тұр. Ерікті болу – күндіз-түні жұмыс істеу деп түсінетіндер бар. Бұл пікір дұрыс емес. Жастар орталығы тек қана волонтерларға ғана емес, өзге де саладағы жастарды әрқашан қолдауға дайын. Қолына диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жас түлектердің жұмыспен қамтылуын басты назарға аламыз. Одан бөлек, NEET, яғни бос жүрген жастардың білім алуына немесе бір іспен айналысуына түрткі боламыз.
Сонымен, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамнан өз орнын табуы қажет. Ендігі кезекте тәрбиенің мазмұны мен жастарды тәрбиелеу барысында олардың дүниетанымын қалыптастыруға және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударылуға тиіс. Біздің міндетіміз – қазақ жастарының тәуелсіз елдің бүгінге дейінгі жетістіктерімен және айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуына жағдай жасау. Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алатын маңызды мәселе болып тұрған – сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беруге баса назар аудару. «Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы» дегенге келетін болсақ, мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпеуді ойлап, ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу – баршамыздың басты міндетіміз. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары – қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Оған дәлел – түрлі халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жастардың топ жарып, жүлделі орындарға ие болуы. Сонымен қатар күнделікті өмірде де спортпен айналысып жүрген жастар қатары көбеюде. Бұл – болашақта ұрпақтың сау әрі белсенді болатынының айғағы. Жастар салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қосса, қоғамға пайдасын тигізіп, сапалы, терең білім алуды басты міндетіне айналдырса, онда келешегіміз кемел болары сөзсіз. Өз күш-жігерлері мен алған білімдерін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын жастары бар зайырлы қоғам мақсатты межеге жетері анық. Осыған сәйкес, жастар тәрбиесіндегі басым бағыттардың бірі тарихымыздың тереңінен бүгінге дейін жеткен ұлтымыздың рухани құндылықтарын негізге алу болып табылады. Отанын сүйетін, тарихымен мақтана алатын, тілі мен мәдениетіне құрметпен қарайтын, дәстүрін сыйлайтын жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Тек сонда ғана ертеңгі күні еліне қорған болатын, жаһандану заманында ұлтының шырағын сөндірмейтін, тілінің құрып кетуіне жол бермейтін, жасампаз елінің жаңа тарихын жасайтын ұлт көшбасшыларының шығары сөзсіз. Жаңа технологиялар мен инновацияның дәурені жүріп тұр. Бұл ретте басты міндет алдымен жастардың иығына түсетіні мәлім. Себебі уақыт ағысы бір орнында дамылдап қалмайды, үздіксіз, үзіліссіз алға жылжиды. Сондықтан кәсіби кадрлар қатарын көбейтіп, баянды болашақтың бағытын бағамдау – солардың қолында. Осы мәселеде жастардың өмірге, еңбекке, ізденіс пен жаңашылдыққа деген құлшынысын арттыру мақсатында «Бәсекелестік» тенденциясын жолға қойған абзал. Тек қана бір-бірін басып озуға ұмтылып, өзінің идеялары мен принциптері жолында аянып қалмайтын ұрпақтың ғана жаһандық бәсекелестіктегі бәсі жоғары болмақ. Қазір жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Ал сол мүмкіндіктерден мейлінше өзіне тиімдісін қанжығалап, пайдасына асыратындар ғана көш басынан көрінбек.
Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Оларды білім жолына салып, түзу бағыттан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату – басты парыз. Мықты мемлекет жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін алдымен жастардың саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салады.
«Болашақ – жастардың қолында» деп ұран етіп, болашаққа нық қадам басу, көк туды көкте желбірету біздің айқын мақсатымыз болуға тиіс. Келешектің тізгінін берік ұстап, болашақтың көшбасшысы болумен қатар, еліміздің еңсесін көтерер азамат болуымыз керек. Айқын мақсатқа жете отырып, жетістікке жетеміз. Ал жетістікке ұмтылу адамды дамытуға бастайтын үлкен күш екенін ұмытпайық.
Абзал Есіркепов,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры