Келісіп пішкен тон келте болмайды

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өтуінің өзіндік ұлағаттары мен өнегесі, танымдық тарихы бар. Кешегі жаугершілік замандарда осы жерде хандар жиылысы өтіп тұрды. Тақсыр тарих Ұлытауда Шыңғыс қағанды хан көтерген деседі. Жошы ханның, Алаша ханның мазараттары талай тарихты ішіне бүгіп жатыр. Түптеп келгенде бұл маңды Ұлытау деп бабаларымыз текке атамағаны белгілі.

Міне, осы қасиетті жерде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын өткізуі бабалар рухымен үндесіп жатқандай сезіледі. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, бұрынғы өткен хандарымыз, билеріміз, болыстарымыз, датқаларымыз күрделі мәселелерді осындай алқалы басқосуларда талқылап, түйінін шешіп отырған. Бұған қазақ даласында ел тағдырының шешілген орындарының көптігі дәлел. Мұндай қасиетті орындар қатарында Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлер бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы ұлы жиынды ашардағы сөзінде: «Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық. Халқымыз «Береке басы – бірлік» деген. Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиындықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жолдан таймауымыз керек. Мен халқымыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін. Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін» деп текке айтқан жоқ.
Ең әуелі Ұлытау ұлағаты дегенде мен осыларды айтқым келеді. Біз бірлік туының астында ғана елдігімізді сақтай аламыз. Ала қойды бөле қырықпай, ауызбіршілігімізді сақтап, ынтымақта еңбек етсек, біз алмайтын асу жоқ. Себебі бабаларымыз айтпақшы, келісіп пішкен тон ешқашан келте болмайды.

Назира Тұрған,
Талас аудандық орталық ауруханасының медбикесі

Comments (0)
Add Comment