Таразда «Келешекке – кемел біліммен!» тақырыбында өңірдегі білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Юрий КИМ
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында облыс педагогтары Тамыз конференциясында бас қосады. Кеңесте атқарылған істерге баға беріліп, болашаққа бағдар жасалады. Бұл жолы да өңір ұстаздары атқарылған істерді таразылап, келешектің міндеттерін айқындады. Шара «Баласағұн» орталық концерт залының фойесіндегі өңірдегі бірқатар білім беру мекемелерінің, ЖОО-лардың, түрлі үйірмелердің арнайы ұйымдастырған көрмесінен басталды. Көпшілік робототехника үйірмелерінде жас технократтардың құрастырған өнертабыстарын тамашалады. Ал дәстүрлі жиында алғашқы сөзді білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова алып, аймақта сала бойынша атқарылған жұмыстар мен шешімін таппай жатқан мәселелерге тоқталып өтті.
– Облыстың білім саласы өткен оқу жылында бірқатар жетістіктерге жетті. Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының барлық үш нысаналы индикаторы мен 27 жоспарлы көрсеткіші орындалды. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру бойынша балабақша желісі 15 бірлікке ұлғайып, 545-ке жетті. Соңғы үш жылда облыста жұмыс істейтін 46 гимназия мен лицейлердің арасындағы 12 мекеменің бірде-бір оқушысы республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орын алмаған. Бұлардың барлығы – ауыл мектептері. Бұл ауыл мектептерінде дарынды оқушылармен жұмыстың төмендігін көрсетеді. Оқушыларды әртүрлі пән олимпиадаларына дайындау жұмыстары жолға қойылмаған. Бүгінгі мұғалім жаңалыққа жақын, жаңа білім мен идеяны үнемі іздейтін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Облыста 25 мыңнан аса мұғалім жұмыс істейді. 1426 педагог жаратылыстану пәндері бойынша ағылшын тіліндегі курстардан өтті. Жалпы білім беру жүйесі жаңа оқу жылына дайын. Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасады, – деді басқарма басшысы.
Соңы. Басы 1-бетте.
Сонымен қатар биыл балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру және дамытуды қамтамасыз ету үшін облыста 73 қосымша білім беру ұйымы жұмысын қарқынды жүргізуде. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда, оңтайландыру нәтижесінде 3 бірлікке кемігенмен, балалар контингентін 22 пайыздан 34 пайызға арттыруға мұрындық болып отыр. Алайда қалалық жердегі балалардың техникалық үйірмелермен қамтылуы 5 пайыздық деңгейінде, ал шалғай ауылдарда мұндай үйірмелер мүлдем жоқ. Алдағы оқу жылы аудандарда бұл олқылықтың орнын толтыруға бағытталған жұмыстар жалғасын таппақ.
Қазақстан атынан республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында ел намысын қорғап, алдыңғы қатардан көрініп жүрген оқушылардың дені – «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары. Бүгінде олар өңір атынан да түрлі бәсекелерде бақ сынап, ұстаздар үмітін ақтап жүр. Тамыз кеңесіне осы лицейлер бағынатын «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте арнайы қатысып, құндылықтарға негізделген білім беру әдісі жайында айтып берді.
– Бүгінгі білім беру жүйесінің тұтынушылары – барлық алдыңғы оқушыларымыздан ерекшеленетін жаңа Z ұрпақтары. Бүгін олар жай ғана балалар болғанымен, біздің ертеңгі әлемді өзгертушілерге айналады. Бүгінгі мектептің тыныс-тіршілігі де заманға сай үлкен өзгерістерді, жаңаша түрленуді қажет етеді. Осы орайда, лицейлеріміздегі атқарылып жатқан іс-шаралар, яғни біздердегі құндылыққа негізделген білім беру моделі және сол моделімізді жүзеге асырудағы тәжірибемізбен бөлісе кетейін. Біздердегі құндылыққа негізделген білім беру негізгі 4 модельден тұрады және мектеп, отбасы, қоғамның қатысуымен жан-жақты жүзеге асырылуда. Егер де «Білім-Инновация» лицейлерінің табыстылығының сыры не?» дейтін сауал қойылар болса, мен осындай ғана қарапайым жолды ұсынар едім, – деді Дархан Ермаханұлы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында педагог мәртебесі жөнінде заң жобасын қарастыруды ұсынған болатын. Жуырда аталмыш заң қабылданып, ұстаздардың қалтқысыз қызметі биік деңгейге көтерілмек. Тамыз кеңесіне арнайы қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл жөнінде кеңінен баяндап, өңірдегі ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.
– Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғалы отыр. Онда педагогтар үшін материалдық және моральдық ынталандыру, олардың құқықтарын, ар-намысын қорғау, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету, қоғамда мұғалімнің беделін арттыру шаралары қарастырылуда. Бүгіннің өзінде бірқатар қолдаулар көрсетіліп жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мұғалімнің жалақысын 4 жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырды. Жаңартылған білім беру мазмұнымен оқытатын 20 мыңнан астам мұғалімнің лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейді. Бұдан бөлек, білімді ұстаздарды, озық мектептерді қолдау жүйесі де қалыптасуда. Өткен жылдан бері «Үздік педагог» конкурсы жарияланып, жеңімпаз болған мұғалімдерге 150 мың теңге көлемінде сыйақы берілген болатын. Биыл оның көлемін 500 мың теңгеге дейін арттырып, Мұғалімдер күні қарсаңында табыстағалы отырмыз. Ал жылдың үздік мектебі 22 миллион теңге грант алады, – деді өңір басшысы.
Өз сөзінен соң Асқар Исабекұлы облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар педагогты Ыбырай Алтынсарин атындағы арнайы төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ тағы бір топ ұлағатты ұстаз «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісіне және облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Ал өңірдің барша ұстаздары асыға күткен 2019 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын Тараз қаласындағы көпсалалы №41 гимназия жеңіп алды. Аталған білім ұясының директоры Жәмила Төребековаға 21 миллион 778 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. 1 000 000 теңгенің сертификаттары «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған келесі мектеп ұжымдарына табысталды. «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясында Меркі ауданы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясы, «Ең үздік қала мектебі» номинациясы бойынша Шу ауданы Жібек жолы мектеп-лицейі, «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясында Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы, «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясында Т.Рысқұлов ауданы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебі аталмыш сертификатты қанжығаларына байлап қайтты. Өз кезегінде «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған көпсалалы №41 гимназияның директоры алғашқы әсерімен бөлісіп, ұжымның грант қаражатын қандай мақсатта жұмсайтынын айтып берді.
– №41 көпсалалы гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысқан болатын. Біз бұл өңірлік байқауға соңғы 5 жылдағы жұмысымызды көрсететін материалдың мол қорын ұсындық. Облыстық білім басқармасының жанындағы комиссия біздің еңбегімізді жеңіске лайықты деп бағалады. Әлбетте, бұл бәйгеде, ең алдымен, оқушыларға берілетін білімнің сапасы сарапқа салынды. Әсіресе, дарынды балалармен тығыз жұмыс істеу әдістемесі көпшілікке қызық болды деп ойлаймын. Біз соңғы 4 жылда жаңартылған мазмұн бойынша білім беру бағдарламасының пилоттық жобасын жүзеге асырып келеміз. Бүгінгі грантты жеңіп алуға осы ерекшеліктер сеп болды деген ойдамын. №41 гимназияда 1582 оқушы білім алса, оларға 119 мұғалім білім береді. Халықаралық олимпиадалардан 3 оқушымыз жүлдегер атанды. Ал қашықтықтан ұйымдастырылатын олимпиадаларда 300-ден аса оқушымыз оң нәтиже көрсетті. Облыс әкімі табыстаған грант қаражатын біз «Жас сарбаз» әскери клубының материалдық базасын толықтыруға жұмсаймыз. Сондай-ақ ІТ-кабинетті жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Компьютерлер мен бірнеше интерактивті тақта алу да ойда бар, – деді Жәмила Мәулетқызы.
Атап өтетін жайт, биыл орта білім беретін мекемелерде оқыту сапасын арттыруға бағытталған жаңартылған мазмұнды енгізу жалғасуда. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 4, 9 және 10-сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшеді. Облыстағы 20 гимназиядан басқа, жалпы білім беретін мектептердің барлығы бес күндік оқу аптасына ауысқанын да айта кеткен жөн. Жаңа бағдарлама бойынша жаңаша көзқарас қалыптасып, білім деңгейі биікке көтеріле түсетіні белгілі. Бұл ретте Қазақстан биыл жаңартылған мазмұн бойынша білім беру бағдарламасын толықтай меңгеруі тиіс. Алғашқыда қойылған меже осындай. Облыстық тамыз кеңесі барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жаңа технологияларды пайдалана отырып, аталған әдісті толық меңгерген мектептер білім берудің озық үлгісін көрсететініне сенім білдірді. Сондай-ақ үш ауысымды мектеп мәселесі де толық шешімін табатын болады. Өз кезегінде марапат төрінен көрінген ұстаздар ұлағатты жолдарын ары қарай жалғайтындарын, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу бағытында жасалған игі қадамдарға алғыстарын жеткізді.