Келешегі кемел көпсалалы колледж

Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық дамуы мен өндіріс салаларының өркендеуі – білікті жұмысшы кадрлардың сапасына тікелей байланысты. Осы бағытта өңіріміздегі Тараз инновациялық көпсалалы колледжі еңбек нарығына қажетті, заман талабына сай кәсіби мамандар даярлауда елеулі үлес қосып келеді.

Колледж – жастардың болашақ өміріне жол ашатын сенімді білім ордасы. Мұнда студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты тәжірибе арқылы өз саласының қыр-сырын меңгереді. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Мұндағы өндірістік шеберханалар, зертханалар мен тәжірибелік оқу кабинеттері студенттерге сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Оқу орны дуальды оқыту жүйесін кеңінен енгізген. Яғни, студенттер теориялық біліммен қатар, өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді. Мұндай мүмкіндік олардың кәсіби шеберлігін арттырып, жұмысқа тез бейімделуіне жағдай жасайды.
– Биыл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Жұмысшы мамандықтар жылы атануы елде ондаған жылдардан бері елеусіз қалып келген еңбек адамдарының абыройын асқақтатып, мәртебесін өсіре түскені даусыз. Бұл тұрғыда сан түрлі мемлекеттік бағдарлама мен арнайы жобаның қабылдануы, өз кезегінде, жастардың жұмысшы мамандықтарға қарай ойысуына себепкер болды. Әсіресе, жастардың аталған салаға қызығушылықтарының артуы, кәсіби өсуге ұмтылуы бүгінде бірқатар жұмысшы мамандығының кеуіп қалған тамырына қан жүгіртуде.
Ел болашағының мығым болуы үшін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында басты басымдықтардың бірі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ерекше назар аударыла бастағаны сезіледі. Бұл еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық шешім десек те артық айтпаспыз. Еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық өркендеуі ең алдымен өнеркәсіп пен индустрияның қарқынды дамуына тікелей байланысты.
Индустриялдық даму – жаңа зауыттар мен фабрикалар салу ғана емес, сонымен қатар инновациялық технологияларды енгізу, өндіріс сапасын арттыру, еңбек өнімділігін көтеру және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу. Бұл міндеттердің барлығы ең алдымен кәсіби мамандардың біліміне, тәжірибесіне және жауапкершілігіне сүйенеді. Сондықтан индустрия саласына қажетті кадрларды даярлау – стратегиялық маңызы бар іс. Біздің колледж жас болса да индустрия үшін қажетті мамандарды даярлап, көштен қалмай келеді, – дейді колледж директоры Ләззат Мырзабекова.
Жалпы, 2017 жылы ашылған білім ордасы бүгінде 1 112 студентті 11 мамандық бойынша оқытып жатыр. Үш оқу корпусының екеуі биыл салынып, келер айда салтанатты ашылуы болады екен. Мұнда заман талабына сай спорт зал, мәжіліс залы, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған терасса, кітапхана және талапқа сай үстел теннисі мен шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын арнайы орындар студенттердің игілігіне беріліп отыр. Жаңа ғимаратта оқу тәжірибесін өтетін зертханалар мен ота жасайтын (жануарлар мен төрт түлікке) кабинеттер бар.
Сонымен қатар ветеринария мамандарын жоғары деңгейде даярлау мақсатында ветеринария ғылымдарының кандидаты Бақытжан Әбдібеков, Қуаныш Сейітбаев сынды салада ұзақ жыл еңбек еткен білікті мамандарды колледжде білім беруге арнайы шақыртыпты.
– Мен ветеринария саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Осы уақытқа дейін Т.Рысқұлов ауданында жұмыс істеп, бүгінде Тараз инновациялық көпсалалы колледжіне арнайы шақыртумен келдім. Келудегі ең бірінші мақсатым – өзімнен кейінгі жастарға саланың қыр-сырын үйрету, жас мамандарды шыңдау. Шыны керек, біздің салада маман тапшылығы көп-ақ. Бірақ бүгінде Мемлекет басшысы қолдап, Жұмысшы мамандықтар жылы деп арнайы еңбек саласына көңіл бөлгені бізді қуантты. Сұраныс та артып, бүгінде жастардың салаға деген көзқарасы өзгерді.
Тәжірибелік сабақтармен қатар біздің студенттер теорияны да жетік меңгеруде. Сабақта студенттер виртуалды 3D көзілдірік арқылы теорияны меңгеріп, Байзақ ауданындағы ветеринарлық станцияда көргендерін іс жүзіне асырады. Біздің колледжде арнайы жоспар бойынша шеберлікті шыңдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Сондай-ақ әріптесім, осы салада көп жыл қажырлы еңбек еткен Қанатбек Қартабаевпен бірге тәлімгерлік жасап, жас мамандарға шеберлік сабақтарын өткізіп, студенттерді түрлі облыстық, республикалық байқауларға дайындаймыз, – дейді «Ветеринария» мамандығының арнайы пәндер оқытушысы Бірлік Срайлов.
Иә, аталмыш білім ордасының студенттері түрлі деңгейдегі байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Мәселен, «Baby Skills-2025» байқауында бірқатар студент үздік атанса, облыстық «World Skills Jambyl-2024» чемпионатында «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша Диас Бейсенбек – ІІІ орынды, «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Әсем Әбілдақызы ІІІ орынды иеленген. Ал «VetPro-2025» кәсіби шеберлік байқауында І орынды Едіге Өсер алса, ІІ орын Әділет Тұрарға бұйырыпты. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша өткен аймақаралық кәсіби шеберлік байқауында Әділет Тұрар топ жарған. Қазақстандық колледждердің «ТОП-100 үздік студенті» атағына Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студентері Диқан Үмбетбай, Меруерт Байдәулетова мен Едіге Өсер еніпті.
– Бұл мамандықты таңдауыма жануарларға деген сүйіспеншілік пен оларға көмек көрсеткім келетін ниет себеп болды. Сабақтар барысында тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік дағдыларды да меңгереміз. Әртүрлі жануарларға күтім жасау, аурудың алдын алу және емдеу жолдарын үйрену өте қызықты.
Ветеринария саласы – қоғам үшін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан өз ісіне адал, білімді ветеринар мамандардың қоғамға пайдасы зор. Колледжде біз көптеген байқаулар мен түрлі шараларға қатысып, шеберлігімізді шыңдап, өзге аймақтағы қатарластарымызбен тәжірибе алмасып жүрміз. Болашақта өз ісімнің шебері болып, жануарларға қамқорлық көрсетіп, ел игілігіне еңбек еткім келеді, – дейді «Ветеринария» мамандығының студенті Едіге Өсер.
Жаңа оқу жылынан бастап колледжде «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары ашылыпты. Сонымен қатар мұнда «Туризм», «Орман шаруашылығы», «Аңшылық және аң өсіру шаруашылығы», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Кітапхана ісі» сынды мамандықтар да бар. Жалпы, колледж Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Жапония мемлекеттерінің оқу ордаларымен келісімшарт жасасқан.
– Соңғы жылдары елімізде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе дуальды білім беру жүйесі тиімділігін дәлелдеп отыр. Бұл жүйе студенттің оқу кезінде-ақ өндірістік ортада тәжірибе жинауына жағдай жасап, дайын маман ретінде еңбек нарығына шығуына мүмкіндік береді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Енді еліміздің колледждері академиялық дербестік алып отыр. Бұдан бөлек, студенттердің кәсіби практикасы еңбек өтілі ретінде есептелетін болды. Колледж білім алушыларына кәсіби құзыреттерді меңгерту үшін 15-тен астам мекемемен әлеуметтік серіктестік ретінде келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Білім алушылар облыс аумағындағы ірілі-ұсақты кәсіпорындардан және мекемелерден дуальды оқыту және кәсіптік тәжірибеден өтеді. Бұл мақсатпен колледж 402 студентке келісімшарт жасады. Дуальды оқыту бойынша Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты, облыстық, аудандық ветеринария бөлімдерімен, Тараз қаласы әкімдігі білім басқармасының «Нұр шашу», №6 балабақшаларымен, «Ақкөл орманы мен жануарларын қорғау», «Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемелерімен келісім шарт жасалған. Кәсіби маман – бұл тек белгілі бір саланың қызметкері ғана емес, ол – ел экономикасының дамуына үлес қосатын маңызды тұлға. Колледжден кәсіпорынға дейінгі жол – үздіксіз білім алу мен тәжірибе жинаудың, өзін-өзі дамытудың жолы. Сондықтан біз білім беру мекемелері мен өндіріс орындарының байланысын одан әрі нығайтып, индустрия үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Бұл – Қазақстанның индустриялық және экономикалық дамуының кепілі, – дейді колледж директорының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Айдос Жунисов.
Бүгінде 70-тен астам адамды жұмыспен қамтып отырған колледжде 65 пән мұғалімі жұмыс істейді. Жалынды жастардың ордасына айналған білім ошағында мамандарға өзге мемлекеттен тағылымдамадан өтуге жағдай да жасалыпты. Мәселен, кадрларды даярлаудың инновациялық стратегиялары тақырыбында ағымдағы жылдың 18-23 мамыр аралығында Қытай елінің Шанхай қаласында ұстаздар тағылымдамадан өтіп, екіжақты меморандумға қол қойып келіпті.
Студенттердің уақытын тиімді өткізу мақсатында «Күлтөбе» дебат клубы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ үйірмелері, ашық футбол алаңы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз институтының жатақханасының 2-ші қабатындағы 150 орынның 47-сіне колледж студенттері орналастырылған. Мұнда аталмыш оқу ордасының «Орман шаруашылығы» мамандығының студенттері колледж ауласында жеміс және қылқан жапырақты талдарды жылда егеді.
Инновациялық көпсалалы колледж – ел ертеңі үшін еңбек етіп жүрген жастардың ордасы. Бұл оқу ордасынан түлеп ұшқан әрбір жас туған жердің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде оқу орнын тәмамдаған жастардың 90 пайызы жұмыспен қамтылған.
Білім көкжиегіне қанатын енді сермеп келе жатқан колледж болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Оқу орнының ұжымы білім сапасын арттыру, инновациялық технологияларды оқу жүйесіне енгізу және жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment