Келер жылдың бюджеті бекітілді

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен қалалық мәслихаттың кезекті қырқыншы сессиясында депутаттарға 2019-2021 жылдарға арналған шаһар бюджеті таныстырылды.

 

Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және қала әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары қатысқан сессияны Марат Мырзахметов жүргізді. Алдымен күн тәртібіне шығарылған мәселе жөнінде қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қайсар Сарытай хабарлама жасады.

– 2019-2021 жылдарға арналған қалалық бюджеттің кірістері ҚР Салық Кодексіне, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне, 2016-2020 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы мен 2018 жылғы салықтық және басқа да міндетті төлемдердің нақты түсіміне негізделіп анықталған. 2019 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігі ағымдағы жылмен салыстырғанда 6 418 561 мың теңгеге ұлғайып, 52 942 601 мың теңгені құрайды. Жамбыл облыстық мәслихатының 2016 жылғы 9 желтоқсандағы «2017-2019 жылдарға жалпы сипаттағы трансферттерді және облыстық, аудандық (қалалық) бюджеттер арасында табыс салығы мен әлеуметтік салық түсімдерінің нормативтерін бөлу» туралы №7-4 шешімімен 2019 жылға Тараз қаласына 21 001 670 мың теңге көлемінде субвенция бекітілген. 2018 жылмен салыстырғанда субвенция көлемі 930 461 мың теңгеге немесе 4,6 пайызға өсті. 2019 жылы қалалық бюджеттің өзіндік кірістерін 12 712 154 мың теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отырмыз, яғни ағымдағы жылға қарағанда 1 713 611 мың теңгеге немесе 15,6 пайыз өсіммен (2018ж.-10 998 543 мың теңге). Мұнда ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда өсім – салықтық түсімдер бойынша 5,3 пайызға (9 100 351 мың теңге немесе 462 125 мың теңгеге өсім), негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша 58,6 пайызға (3 394 190 мың теңге немесе 1 254 472 мың теңгеге өсім), ал салықтық емес түсімдер бойынша бюджетке түсетін бір жолғы түсімдердің болуынан 1,4 пайызға кем (217 613 мың теңге немесе 2 986 мың теңгеге кем) құрайтын болады. Бұдан басқа, қаланың 2019 жылғы бюджетіне жоғары бюджеттерден жалпы сомасы 19 228 777 мың теңгені құрайтын трансферттер бөлінбек, оның ішінде дамуға арналған нысаналы трансферттер – 14 787 178 мың теңге, нысаналы ағымдағы трансферттер – 4 441 599 мың теңге. 2019 жылғы қалалық бюджеттің шығыстары 52 942 601 мың теңгені құрайды, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттерден берілетін трансферттерді есептемегенде шығындар 33 713 824 мың теңге көлемінде айқындалады. Еңбекақы төлеу шығыстары 115 млн теңгеге арта отырып 12 463 млн теңгені құрайды. 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептердегі оқушылар саны 71 013 бала болды, бұл өткен оқу жылына қарағанда 3562 балаға өсіп отыр. Тиісінше, педагогикалық ставка 301,5 бірлікке артып, білім саласы бойынша еңбекақы төлеу шығындары да 90,8 млн теңгеге өсті. Коммуналдық қызметтер мен байланыс төлемдерінің шығындары 1 377,7 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелерді ұстау шығындары 595,4 млн теңгені құрайды, – деді Қайсар Амантайұлы.

Сессияда хабарламашыға халық қалаулылары сан түрлі сұрақтар қойып, әр депутат өздері сайланған округтегі бірқатар мәселелердің әлі шешімін таппай отырғандығын тілге тиек етті. Ал күн тәртібіне шығарылған «Тараз қалалық мәслихатының бюджет және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның есебін» қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали хабарлады.

– Есепті кезеңде комиссияның 8 отырысы ұйымдастырылды. 2018 жылы 13 сессия өткізіліп, оның ішінде 6 рет бюджетке өзгеріс енгізу бойынша өткізілуі, мәслихат депутаттарының қала бюджетін атқарылуына немқұрайлы қарамайтыны деп түсіну керек. Алайда, Заңға сәйкес тоқсанына бір сессия келетінін ескерсек, бұл өте көп. Сондықтан да, әрбір бөлім қала бюджетін жоспарлау және орындау барысында кәсіпқойлық танытуы қажет. Алдағы уақытта, бюджетті жоспарлауда, бюджет жобасына қандай да болсын түсімдерді немесе шығыстарды енгізу қажеттігі және олардың көлемдерінің негізділігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер және басқа да құжаттар негізінде, бюджетті жоспарлау ережелерін сақтай отырып жүргізілсе дейміз. Қала тұрғындарының ұсыныс тілектері мен өтініштерін орындау мақсатында, қала әкіміне және тиісті органдарға депутаттар сауалдар жолдап отырады. Әрине, қалада бюджет қаражатына байланысты басқа да көптеген мәселелердің бар екенін білеміз. Алайда, қаланың орталығынан басқа шеткі аумағындағы көшелердің жолын асфальттау мен жарықтандыру мәселелеріне де көңіл бөліп, қала тұрғындарының өтініштері ескерусіз қалмаса. Сонымен қатар, қаланың даму бюджетінде «Тектұрмас» тұрғын алқабында биотермикалық шұңқырдың құрылысы нысандарының жобаларын әзірлеуге қаражат ескерілгендігін тыңдадық. Депутаттар тарапынан биотермикалық шұңқырдың орнын «Тектұрмас» маңынан басқа жаққа ауыстыру мәселесі сессияда бірнеше рет көтеріліп, басқа жер бөлу туралы тиісті басшыларға шешу жолын қарастыру туралы ұсыныстар айтылған болатын. Осы мәселені қайта қарауды сұраймыз, – деді Эльмира Иниятқызы.

Сессияның күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, қажетті шешімдер қабылданды. Жиын соңында сөз алған шаһар басшысы Ғалымжан Райылұлы айтылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынатынын жеткізді.

Арайлым Шабденова

 

 

Comments (0)
Add Comment