Келелі мәселелер көтерілген құрылтай

Гүлнұр ИСАБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Филология және гуманитарлық ғылымдар»
факультетінің деканы

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуының маңызды бағыттарын айқындаған, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырған тағылымды алаң болды. Бұл жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар мен өзекті мәселелер, әсіресе, білім саласына қатысты ойлар біз үшін айрықша мәнге ие.

«Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Әрине, ел Президенті атап өткендей, білім – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты күш. Құрылтайда білім сапасын арттыру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра отырып тәрбиелеу мәселелерінің көтерілуі – уақыт талабынан туған қажеттілік. Аймақтық университеттер тек маман даярлау ордасы ғана емес, өңірдің ғылыми, әлеуметтік және мәдени дамуының тірегіне айналуға тиіс.
Тараз өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде біз білім мен ғылымды, тәрбие мен ұлттық рухты қатар дамытуға ерекше мән беріп келеміз. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бағыттар университеттерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға, ғылыми зерттеулерді нақты өмірмен байланыстыруға, жастарды ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азамат етіп тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай – елдік мүддені біліммен, ғылыммен ұштастыратын маңызды қадам. Осы бағыттағы бастамалар алдағы уақытта да нақты істермен жалғасын табады деп сенеміз.

Comments (0)
Add Comment