Келелі кеңесте көп мәселе көтерілді

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда үш мәселе күн тәртібіне шығарылды.

Жиынды ашып, жүргізген партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек үшінші рет өтіп отырған кеңестің маңыздылығына тоқталды.
– Жылдың басында қабылданған «Әулиеата жастары» мен «Жастар Отанға» бағдарламаларында NEET санатындағы жастардың үлесін бес жылда 7,6 пайыздан 6,8 пайызға азайту, наркологиялық есепте тұрған 15-29 жастағы жастардың деңгейін 430-дан 350-ге дейін төмендету, жыл сайын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың жалпы санынан жастар арасында қылмыстық құқық бұзушылық деңгейін 518-ден 400-ге дейін төмендету индикаторлары қойылған, – деді Уәлихан Болатбек.
Отырыстың күн тәртібінде «NEET санатындағы жастармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы» Талас ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Серимов баяндама жасады. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта облыс аумағындағы халық саны – 1 миллион 139 465 адам, оның 22,4 пайызы, яғни 255 240-ы 14 пен 28 жас аралығындағы азаматтар екен. Облыстық полиция департаментімен құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алуда ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде өңір аумағында ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен жалпы тіркелген қылмыстар саны 6,9 пайызға төмендеген.
– Жастармен жасалған қылмыстың 43,2 пайызы ұрлық дерегі болып табылады. Ұрлық қылмыстарының басым бөлігі жұмыссыз және спирттік ішімдік ішіп, масаң күйде жүрген жастармен жасалған. Бұл бағытта жұмысты оңтайландыру мақсатында жастар арасында спирттік ішімдіктерді қолдану, шылым шегу, нашақорлыққа әуестену сияқты жат қылықтардан бойларын алшақ ұстаулары туралы кең көлемде насихат жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.
Бүгінгі күнге мектепішілік есепте барлығы 460 оқушы болса, колледжішілік есепте 156 студент тұр.
Сонымен қатар кеңесте Жуалы ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Мейіржан Телеушов те күн тәртібіндегі мәселеге байланысты хабарлама жасап, өз ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтты.
Бүгінгі таңда наркологиялық есепте тұратын тұлғалар саны 6939 адамға жеткен. Алайда жастар арасында психобелсенді заттарды қолданатындар саны 691 адамнан 640 адамға, яғни 51 адамға төмендеген. Бұл туралы кеңесте Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гульмира Каримова айтты.
– Кәмелет жасына толмағандар ювеналды полиция инспекторларының жолдауымен медициналық куәландыру өткізу кезінде есепке алынды. Науқас құрылымында бірінші орында 72,1 пайыз алкоголь өнімдерін пайдаланушылар, екінші орында нашақорлық заттарды тұтыну және оған тәуелді болу, үшінші орында токсикоманиялық заттарды қолданушылар тұр. Тараз қаласы тұрғындарының үлесі 64,9 пайызды құрайды, – деді дәрігер.
Жан-жақты ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынған кеңесті партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен қорытындылап, айтылған ұсыныстар ескерілетіндігін жеткізді.

Зере ҚУАНЫШ

Comments (0)
Add Comment