Кейбір мектептер онлайн оқуға көшті

Облыста тұмауға қарсы шаралар күшейтілді

Жамбыл облысында оқушылар арасында тұмау және ЖРВИ-мен сырқаттанушылық деңгейінің көтерілуіне байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеліп, тиісті шаралар қабылдануда.

Қазіргі таңда бірқатар мектепте оқу процесі уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Соңғы жағдайға сәйкес, облыс бойынша 16 мектеп толық, 2 мектептің жекелеген сыныптары онлайн оқуға көшірілді.
Айта кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы №6 қаулысына сәйкес, сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы ауырған жағдайда сынып 7 күнге жабылады.
Ал егер мектеп бойынша сырқаттану 30 пайыздан жоғары болса, оқу процесі толық қашықтан оқыту нысанына ауыстырылып, көпшілік іс-шаралар мен кабинеттік оқыту жүйесі уақытша тоқтатылады.
Бүгінде өңірде тұмаудың A H3N2 штаммы бойынша 66 жағдай тіркелген. Осы ретте облыстық білім басқармасы ата-аналарды, педагогтарды және тұрғындарды санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға, балалардың денсаулығына барынша мұқият болуға шақырады. Барлық шектеулер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр.

Жамбыл облысының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment