Кедергісіз келешекке қадам

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыссыз отырған ерекше қажеттілігі бар жандарды еңбек нарығына тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған 2-4 пайыздық квотаның сақталуын бақылау, олардың жұмыстан себепсіз босатылмауын қадағалау, жұмыс орындарында еркін жүріп-тұруына қажетті жағдайлардың жасалуын және мүгедектік топтарына сәйкес ыңғайлы жұмыс кестесімен танысу мақсатында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топ «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарда зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Топ өкілдері алдымен №2 қалалық емханаға барып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа емін-еркін кіріп шығуы үшін пандус жолдарына мониторинг жүргізді. Сондай-ақ арнайы аяқпен немесе таяқпен сезілетін тактильді рельефті бағыттаушы жолақтар, көзі көрмейтін (зағип) жандарға арналған оқу тақталары, ғимарат ішіндегі санитарлық-тұрмыстық орын және пандустағы дабыл түймесін тексеріп көрді.
Сондай-ақ бұл жұмыстар облыс орталығындағы «Әулие Ата» халықаралык әуежайы мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде де жалғасты.
Облыстық мәслихаттың депутаты,  «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін еліміз кедергісіз аймаққа айналуға тиіс.
– «AMANAT» партиясы жұмысын жаңғырту мақсатында түрлі шараларды іске асырып келеді. Олардың қатарында «Кедергісіз келешек» деп аталатын партиялық жоба да бар. Негізгі мақсаты – мемлекетіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету. Жалпы айтқанда, мұндай тұлғалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек. Зерделеу барысында №2 қалалық емханада 7, «Әулие Ата» халықаралык әуежайында 2, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде 6 ерекше қажеттілігі бар жандар еңбек ететінін білдік. Бұл дегеніңіз аталған мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған 2-4 пайыздық квота сақталғанын білдіреді, – деді Анар Сағынтайқызы.
Жалпы өңірде өткен жылы 21 мекеме тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 24 бос жұмыс орны ұсынылған.
– Бүгінгі таңда осы бос жұмыс орындарына 24 азамат 2-4 пайыздық квота талаптарына сәйкес тұрақты жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, олар мектептер, балабақшалар мен мемлекеттік мекемелерде вахтер, күзетші, бағбан, көлік жүргізуші, тәрбиешінің көмекшісі және хатшы мамандықтары бойынша еңбек етуде. Өткен жылы Мансап орталығы арқылы 341 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 199-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұдан бөлек, аталған орталық «AMANAT» партиясымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырды. Аталған іс-шаралар нәтижесінде бірқатар азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолданды, – дейді «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тараз қаласы бойынша Мансап орталық филиалы жұмыс іздеушілерді қолдау секторының басшысы Ерлан Байұзақов.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бағытында да нақты істер қолға алынуда. 2025 жылға бұл бағдарлама аясында 8 адамды жұмыспен қамту жоспарланғанымен, нәтижесінде 10 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment