Әкеден мал қалғанша, тал қалсын!

Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген даналық бар.

Әкенің нақылын тыңдауға баланы жасынан анасы үйретіп отырса, ондай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік салтанат құратындығы сөзсіз. Өйткені ұл-қызын намысшылдыққа, елі, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отыруда әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі, мейірімі мен талап қойғыштығы, еңбекқорлығы шешуші рөлге ие. Әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы, асыраушысы және тәрбиешісі.
Ата-бабамыздан келе жатқан осы секілді ұлттық құндылығымызды дәріптеп, сақтау әрқашан маңызды болып қала бермек. Осы мақсатта біздің Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектепте түрлі танымдық, тағылымды шаралар өткізіліп отырады. Соның бірі – жуырда ғана бастауын алған әке мен баланың өзара қарым-қатынасын бекіту, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өткен «Әке жолы – ізгі жол» атты онкүндік болды.
Аталған шараның аясында мектебіміздің 10-сынып оқушылары арасында «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын!» атты экология күні ұйымдастырылды. Бұл күні оқушылар мен олардың әкелері мектеп ауласына түрлі ағаштардың көшеттерін отырғызып, оқу ордасының көгеріштенуіне үлестерін қосты. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, аялаудың маңыздылығы жайында мәнді-мағыналы әңгімелер айтылып, тал егу табиғатты аялаудың тура жолы екені сөз болды. Мұндай шаралар ата-ана мен баланың арасын жақындатып, өзара байланысын нығайта түскені анық.

Айгүл Мамешева,
Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің мұғалімі.
Тараз қаласы

Comments (0)
Add Comment