Кеңестің жаңа құрамы жасақталды

   Жуырда қалалық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топтың отырысы өткізілді. Топ жетекшісі М.Жаманбаев ашып, жүргізген жиын барысында кеңестің төрағасы сайланды. Бұл қызметке кеңес тізгінін соңғы 2 жылдан бері ұстап келе жатқан Сембек Сейдәзімов қайтадан лайық деп танылды. Әрі қарай басқосу Сембек Әбетайұлының төрағалығымен жалғасты. Жиында сөз алған төраға кеңестің алдағы жоспарымен бөлісті,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

– Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына – саяси-әлеуметтік, шаруашылық-өндірістік, мәдени-рухани салаларды ұзақ жылдар еңбек етіп, халық шаруашылығын, өндіріс істерін ұйымдастыруда сыннан өткен азаматтар өтіп отыр.Сонымен қатар кеңестің жаңа құрамына қоғамдық-ақпараттық жүйенің ортасында жүрген белсенді жастардың өткендігі көңіл қуантады.

Алдағы міндет Қоғамдық кеңестің құқықтық мәртебесін арттырып, халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөнінде Президентіміз жүргізіп отырған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Оған баршамыздың қабілетіміз, өмір тәжірибиеміз, белсенділігіміз бен біліктілігіміз жеткілікті деп сенемін, – деген Сембек Әбетайұлы шаһар тұрғындары санының өсуіне байланысты кеңес құрамын 27 мүшеден жасақтау туралы ұсыныс енгізді. Аталған ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ бұл күні төрағаның орынбасары мен хатшысы және кеңес жанынан құрылған экономика, бюджет және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, құрылыс, энергетика, инфроқұрылымды және коммуналдық салаларды дамыту, экология, әлеуметтік саланы дамыту және қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі комиссиялар мен мониторингтік топтың жетекшілері сайланды.

Comments (0)
Add Comment