Көзге сүйел болған нысан сүріледі

Кейінгі жылдары Тараз қаласында суицид деректері жиілеп кеткені жасырын емес. Әсіресе жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу фактілері көптеп орын алуда. Осы орайда ел ішінде «ажал аймағы» атанып кеткен Қаратай Тұрысов көшесі бойындағы құрылысы аяқталмаған нысан жұрттың жанына батып тұр.

Олай дейтініміз, дәл осы «сақалды» құрылыс аумағында өмірін қиюға әрекет еткен жастардың саны артып, тіпті бір жағдайда жас өскін ажал құшты.
Ең әуелі аталған нысанның 5-ші қабатынан секірмек болған студент қызды медресе тәрбиеленушісі аман алып қалды. Биіктен секіруге бекінген қызды райынан тәртіп сақшылары мен оқу орнының басшылары қайтара алмағаннан кейін бойжеткенмен дін жолындағы азамат тілдесуге түседі. Абырой болғанда ол қаракөзімізді өз-өзіне қол салу ойынан қайтарып, қызды ажал тырнағынан құтқарып қалды.
Арада көп уақыт өтпей құрылысы аяқталмаған осы нысанда тағы бір бойжеткен суицид жасамақ болды. Емтиханнан төмен балл алып қалған қыз «шәкіртақыдан қағылатын болдым» деп өз-өзіне қол салуға ұмтылған. Ол суицидке алдын ала дайындалып, анасына қоштасу хатын да қалдырған. Хатты оқыған жақындары бойжеткенге іздеу жариялап, оны «ажал аймағы» аталған нысанның 5-ші қабатынан табады. Мұнда да түсіндіру жұмыстарының арқасында қыздың өмірі аман қалады.
Осы оқиғадан кейін қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті полиция қызметінің өкілдері қоршауға алып, тәуліктік кезекшілік жүргізген. Алайда бұдан түк шықпай, 2021 жылдың наурыз айында аталған нысанның бесінші қабатынан тағы бір ер азамат секіруге әрекет етеді. 29 жастағы қала тұрғыны өзі жұмыс жасайтын кәсіпорын басшылығы жұмыс барысында алған жарақаты үшін өтемеақы төлеуден бас тартқаны үшін назданып, өз-өзіне қол салуға бекінген. Абырой болғанда оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Тазабеков дер кезінде жетіп, өзінің келіссөз кезіндегі шеберлігінің арқасында азаматты райынан қайтарды.
Ал ағымдағы жылдың мамыр айында қараусыз қалған құрылыс нысанының маңынан мектеп оқушысының мәйіті табылды. Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірім жоғары қабаттан секіріп кеткен. «Жасөспірімнің Қаратай Тұрысов көшесінде орналасқан құрылысы аяқталмаған ғимараттан секіргені анықталды. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамның өз-өзіне өлтіруге дейін жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот медициналық сараптамалары тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодестік процестің 20-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Осы оқиғадан кейін жұрт «ажал аймағына» айналған нысанның құрылысын меншік иесі не себепті аяқтамай отырғанын айтып, жергілікті билік өкілдеріне шағымданған. Алайда дәл осы қаңырап тұрған бос ғимараттың тылсымымен қатар, құпиясы да көп. Турасын айтсақ, нысан кімге тиесілі екенін осы күнге дейін ешкім тап басып айта алмады. Бір анығы, 2014 жылдың 1 тамызында «Береке-5» деп аталатын серіктестік нысанды Наталья Багданова есімді азаматшадан сатып алған екен. Одан әрі 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болған. Алайда арада 10 жыл өтсе де нысан сол қаңыраған күйі тұр. Сондай-ақ «Береке-5» ЖШС-нің иесі туралы да мәлімет табу қиын. Жерге жауапты мамандар ғимарат жекеменшікке тиесілі болғандықтан, оның құрылысына араласа алмайтындықтарын айтып ақталған. Алайда Тараз қаласын Ержан Жылқыбаев басқарып тұрған тұста нысан студенттер жатақханасына айналатындығы туралы ақпар тараған-ды. Бірақ бұл жоба да толықтай жүзеге аспады. Сол себепті Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөліміне қайырылып, аталған ғимараттың болашақ тағдыры туралы білген едік.

– Қазіргі таңда шаһарда 35 нысан «сақалды» құрылыс ретінде танылып отыр. Тоқтап қалған құрылысты аяқтау мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесінде 15 ғимарат толықтай салынып бітіп, өз жұмысына кірісті. Ал 9 нысандағы құрылыс қаржылық қиындықтарға байланысты толықтай тоқтатылған. Олардың ішінде Қаратай Тұрысов көшесі, 5 «В» мекенжайы бойынша облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің артында орналасқан көпқабатты ғимарат та бар. Бірнеше оқыс оқиға орын алған нысанның құрылысын аяғына жеткізу мәселесі ұзақ жылдар бойы көтеріліп келсе де, шешімін таппай келген. Алайда көпшіліктің қуанышына орай, аталған нысанға қатысты мәселенің нүктесі жуық арада қойылады.
Құрылысы аяқталмаған ғимаратқа қатысты қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа жүгініп, сот ұйғарымы шықты. Оған сәйкес мердігер ғимаратты өз есебінен бұзуға міндеттелді. Яғни «сақалды» құрылыс толықтай сүріледі. Алдағы уақытта кәсіпкерге аталған жер телімін қайта пайдалануға тағы бір мүмкіндік беріледі. Егер ол 3 жыл ішінде бұл аумақты қажетіне жаратпаса, учаске аукцион жүйесі арқылы өзге мүдделі азаматтарға сатыла-ды, – дейді бөлімнің бас маманы Нұрсұлтан Исабеков.
Сонымен қатар қалған 8 нысанның иелеріне де ескертпе хаттары жолданып, оларға 2 ай ішінде құрылысты жандандырып, келер жылдың аяғына дейін аяқтау туралы талап қойылған екен. Талап орындалмаған жағдайда олардың да мәселесі сот арқылы шешілмек.
Нұрсұлтан Арқабайұлының айтуынша, қалада құзырлы мекемелердің рұқсатынсыз құрылыс жүргізетін кәсіпкерлерге тоқтам болмай тұрған көрінеді. Заңға қайшы келетінін біле тұра мұндай әрекетке барған бизнес өкілдеріне қолданылатын жаза да қатал болмақ. Мәселен, осы таңға дейін қала бойынша 49 ғимарат заңсыз салынғаны анықталып, 41-інің иелеріне 6 748 230 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Әрине, заңға бағынбағандарды жазалаған дұрыс. Алайда Қаратай Тұрысов көшесі бойындағы «сақалды» құрылыс сынды нысандарға қатысты батыл шешімдер қабылданғаны жөн. Себебі айыппұл салу арқылы адам өмірін кері қайтара алмаймыз. Сондықтан сот шешімімен сүрілмек болмақ нысан иесі тағы сытылып, жолын тауып құтылып кетпеуін құзырлы органдар қадағалайды деп сенеміз.

Саян Тілеужан

Comments (0)
Add Comment