“Қазақстан заңгерлері одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай «Желмая» жобасына берген сұхбатында қараша айынан кейін Парламент таратылып, жаңа сайлаудың болатынын айтты деп хабарлады turkystan.kz Айқынға сілтеме жасап.
Оның пайымынша, қарашадан кейін Парламент таратылып, жаңа заң бойынша сайлау өтеді. Мәслихаттарда, Мәжілісте мажоритарлы түрде тікелей сайланған депутаттарымыз болады. Ал төменгі мәслихаттарда депутаттар 100 пайыз жаңадан сайланады.
«Халық өзі сайлайды. Халықтың алдында жауап береді. Яғни, халық нағыз Қазақстанның күшін, заңын сезіне бастайды», – деді ол.
Сонымен бірге заңгер халықтың құқықтық сауатын арттырудың маңыздылығын атап көрсетті.
«Қазақстан Жаңа Қазақстан болу үшін, әр адам өзін жаңа қоғамның бір мүшесі екенін сезіну үшін ең бірінші өзінің құқығы мен Конституциялық міндетін білу керек. Яғни, заңға бағыну керек. Оны білмей, Жаңа, Әділетті Қазақстанның, заң үстемдігінің орнауы қиын болады», – деді Серік Ақылбай.
Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы аталған ұйымға кіретін Республикалық заң консультанттары алқасы лайықты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.