Күз кешіндегі күміс жыр

«Авангард» кезекті рет өмірді өлеңмен өрген шайырлардың басын қосты. Бұл жолғы мазмұн да, ырғақ та өзгеше. Көне шаһар орталығындағы «Unipub» мейрамханасы адуынды ақындарға төрін ұсынды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Ай сәулесімен жұлдызға жыр жолдап, құс қанатына хат жазып, жапыраққа тұнған таңғы шықтан сыр іздеген ақындардың әлемі бөлек. «Авангардтың» тамыздың тамылжыған кешінде өткен алғашқы думаны көптің есінде. Кофенің жұпарына мас болып ақ қағазға ғаламат қуатпен төгілген тұмса жырларын ақындар бұл жолы да әдеттен таймай, оқырман қауымның назарына ұсынды.
Жас ақын Арайлы Жақсылық пен бүгінде сонау Түркияда білімін тереңдетіп, үлкен ізденіс жолына түскен ақын Файзулла Төлтайдың ортақ идеясынан бастау алған дәстүрлі поэтикалық кеште жас өнерпаз Саят Тұрдалы жанды нұрға бөлеген саксофонның сиқырлы үнімен зал ішін сілтідей тындырды. Алғашқы кешті тараздық оқырманға есімі жақсы таныс ақын Нұржан Қадірәлі жүргізсе, бұл жолы тізгінді «Сіз көркемсіз» деп көпті тұмса жырға мас етіп жүрген жас шайыр Нұрболат Жолдасбек алды. Әуелі аяулы ақын қызымыз Арайлы Жақсылық көпшілікке «Авангардтың» мәнін ашып, кештің мазмұнына терең үңілуге шақырды.
– «Авангард» ешкімнің меншігі емес. Мұнда оқылар тұмса жырдың алдында пенде біткеннің бәрі тең. Бұл кешке келген әрбір мейман өткенін еске алар, бәлкім, болашаққа сапар шегер. Кештің негізгі мақсаты – оқырман қауымға эстетикалық ләззат сыйлау. Мәртебелі поэзияның қасиетін оқырманға сезіндіру, – деді ақын.
Кештің ерекшелігі сол, шараға келген өлеңсүйер қауымға ақ және қара түсті дресс-код талап етілді. Өмірдің ақ пен қарадан тұратынын, өлең деген құдірет ақ қағазға қара сиямен таматынын ақындар осылай ұғындырғысы келсе керек.
Әу бастан ақындар сахнаға көтеріліп, кезек-кезек лағыл жырдан маржан төкті. Гитараның мұңды әуені, домбыраның қоңыр үні кешке ерекше сиқыр берді. «Күзгі романс» деген атау алған ақындар думанына сонау Алатаудың баурайы Алматыдан бард әнші, актер Қадырғали Көбентай арнайы ат басын бұрды.
– Бұл киелі шаһардан небір мықтылардың өткенін білеміз. Талай дүлдүлдер дүниеге келген мекенде ақындардың осындай кеште басқосуы сондай жарасымды һәм көркем. Қазақ – ақынын ардақтаған халық. Осындай кештер арқылы қаламгерлер бір-бірінің қарым-қабілеттерін байқап, шығармашылық байланыс орнатады. Сонысымен де кұнды. Жалғаннан озып кеткен талай данагөй философтар дүниені ең таза қалпында көре алатын асқақ өнердің иелері суретшілер мен ақындар екенін айтып кеткен. Міне, бүгін оқылған жырлар арқылы осы дүниеге тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз, – деді Қадырғали Көбентай тебіреніп.
Жанына алты ішекті аспапты серік еткен өнерпаз бұл жолы да әдеттен таймай өз репертуарындағы «Айт дедің-ау», «Ұнайды», «Ауылға сәлем» сынды әндерін шырқады.
Нөсерге малынып, шұғылаға шомылып, күн сәулесіне үмітін жалғай білетін сөз құдіреті иелерінің жаны қашанда нәзік, нұрлы. Әсте өнер деген ұғымда қоғам таңып берген қасаң қағидалар мен ретсіз шектеулерге орын жоқ екені белгілі. Кештің төріне алғаш рет орыс тілді жас ақындар көтеріліп, мінез бен махаббатқа, шабыт пен шындыққа құралған отты өлеңдерін оқыды.
– Мен, шыны керек, таң қалып тұрмын. Себебі Таразда мұндай атмосферада кеш өткен емес. Жанымыз рахат тапты. Өнерді бағалайтын шоғырдың бар екеніне қатты қуандым. Осындай интеллектуал орта барда жазбай кетуге хақымыз жоқ, – деп ағынан жарылды өлеңдерін орыс тілінде өріп жүрген ақын Мейірхат Нұрғалиев.
Не нәрсеге жанарын мұң шалып, не нәрсеге көңілін кірбің басып, әп сәтте болмашыға балаша жадырай қалатын да – ақындар. Оның себебі олар жүрегін ғана тыңдайды, жүрекке ғана құлақ асады. Тап осындай ғадауатты құсни жырларына арқау еткен Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі, Бексұлтан Қоштаев, Сәндібек Піренов, Нұрлан Әбдікерім, Назерке Оңғар, Шапағат Әбдірлер көрерменді овацияға бөледі. Ал аяулы ақын қызымыз Арайлы Жақсылық өз стилінде «Мен – күзде туған мұңлықпын, күңіренісім де көп содан…» деп күз туралы су жаңа өлеңін қалың оқырман алдында екпіндете оқыса, Нұрлан Әбдікерім Данияр Әлімқұлдың сөзіне жазылған «Қалау» атты жаңа әннің тұсауын кесіп, өзінің тек ақын ғана емес, музыка сиқырын сезінген сазгер екенін де дәлелдеді. Көптің мерейін тасытқан жайт, ашық микрофонға тек ақындар ғана емес, өлеңмен тыныстап, жанын жырмен емдеп жүрген оқырмандар да сұранып, кештің көркін қыздырды. Оларға деген қошемет пен құрмет те ерекше болды. Әдемі кеш сазды музыкамен әрленді. Әсем ән де толассыз шырқалды.
Жыр кешіне қарт Қаратаудың қойнауынан жеткен ерлі-зайыпты ақындар Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова да қоңыр күздің әуеніне елітіп, ән шырқап, жыр арнады. Қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали да кеш төрінен табылып, тамылжыта ән салып, жыр оқыды. Ақындардың қолқасын құп көріп, қолдауын аямаған кәсіпкер Жанар Бүркітбаева да шайырлардың туындыларын ұйып тыңдап, таңданысын жасырған жоқ.
Кеш соңында бір сәтке қарбалас тірліктен тыным тапқызып, әсерлі демалыс сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтылды, ыстық лебіздер толастамады. Қорытынды бөлімде «Авангард» айналасындағы ақындар дәстүрді бұзбай, келесі жыр мерекесін аязды ақпанда өткізуге уағдаласты.
Осылайша, көл-көсір жыр оқылып, қара сөздің маржаны көмейден төгілген таңғажайып кеш көпті толқытып, біріне ғашығын, біріне өткенін еске түсіріп, мың бояу сезім сыйлап мәресіне де жетті. Мұндайда нөсерге малындырып, гүлдің жұпарына елітіп те жіберуге қуаты жететін қайран сөздің құдірет дейсің…

Comments (0)
Add Comment