Кәсіпкерліктің қадамы қарышты

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға күш салу – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу – бүгінгі күннің басты талабы.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз», – деген болатын.
Президенттің бұл сөзі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, қарышты дамуына жол ашып отыр. Бұл бағытта Тараз қаласында да толағай тірлік тындырылуда.
Бүгінгі күні шаһардағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім байқалып, көңіл қуантып отыр. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында, статистика басқармасының есебі бойынша, Тараз қаласында тіркелген кәсіпорындардың жалпы саны – 42 675. Оның ішінде шағыны – 6 974, ортасы – 39 бірлік болса, жеке кәсіпкерлер – 34 726, шаруа қожалықтары 936-ны құрайды. Ал нақты жұмыс істейтіндердің саны – 39 189. Оның 6 974-і – шағын, 39-ы – орта, 31 278-і – жеке кәсіпкерлер, 898-і шаруа қожалығына жатады. Осылайша 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелгендер саны – 2 792, нақты жұмыс істейтіндердің саны 5 770 бірлікке өскені байқалады. Сондай-ақ 2023 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 72 973 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,5 пайызға жетті. Сонымен қатар есепті мерзімде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 364 миллиард 856 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 116,9 пайызды құрады.
Қазіргі таңда жеке кәсіпкерліктің қызметін кеңейтуге, өз ісін ашуға ниет білдіруші азаматтарға шағын несие беру қарқын алуда. Айталық, бүгінгі күні бұл қызметпен «KazMicroFinance» микрокредиттік ұйым» ЖШС қорының Тараз филиалы айналысады. Олар жылына 23-26 пайызбен 2 айдан 5 жылға дейін несие береді. Мәселен, ұйым 2023 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 7 миллиард 342 миллион 239 мың теңгеге 6 303 несие берді. Бұл саланың дамуына серпін беретінін айрықша атап өткеніміз абзал.
Сонымен қатар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ғимарат, құрылым, өндірістік жай, пәтерді өндірістік қызметтерге, жертөлелерді қайта жобалау жөніндегі жеңілдіктер де жалғасуда. Айталық, 2023 жылы қаңтар-желтоқсан айларында 0,1518 шаршы метр алаңда 6 пәтерді дүкен, 2 пәтерді сауда жай, 2 пәтерді кеңсе, 1 пәтерді кафе, 2 пәтерді оқу орталығы, 1 пәтерді сауда үйі, 1 пәтерді дәріхана, 1 пәтерді кофехана және бесеуін сұлулық салоны ретінде қайта құрып, жапсарлас құрылысқа рұқсат берілген. Бұған қоса жеке және заңды тұлғаларға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы (жалға) және жекеменшік құқығына кәсіпкерлік үшін жер учаскесін беру туралы 2023 жылы қаңтар-наурыз айында 202 қаулы қабылданып, ұзартылған көлемі 23,96 гектарды құрайтын 202 жер телімі берілген.
Ағымдағы жылдың қаңтар-желтоқсан айларында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен Тараз қаласы бойынша барлығы 662 жоба 20,2 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 15,6 миллиард теңгеге 377 жоба, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша 8,3 миллиард теңге кредит сомасының 4,5 миллиард теңге көлемінде 282 жоба кепілдендіріпті. Бұдан бөлек, «Мемлекеттік гранттар беру» құралымен 15 миллион теңгеге 3 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 700 миллион теңгеге 1 жоба қаржыландырылған.
Кәсіпкерлік саласы мемлекеттің қолдауымен қатар инвестицияның да игілігін сезініп келеді. Соның жарқын мысалы, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 164,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,2 пайызға орындалды. Сондай-ақ есепті мерзімде өнеркәсіп саласында 467,7 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,1 пайызға жетті. Бұған қоса, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қала аумағында жалпы құны 27,8 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар іске асырылғанда, 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Солардың бірі – «Kisc» ЖШС-нің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы. Жобаның құны – 1 миллиард 870,0 миллион теңге. Бүгінгі күні металл құю қуаттылығы 3,5 мың тоннаға дейін болса, модернизациядан кейін қуаттылығын жылына 24 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Ашылатын жұмыс орындары – 150 бірлік. Жоба бойынша қазіргі уақытта Қытай елінен мамандар келіп, іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуде. Жоба биыл іске қосылады деп көзделуде. Ал «СП-Тараз PET» ЖШС-нің «Полиэтилентерефталат рециклингу бойынша зауыт салу» жобасына келсек, оның құны 3 миллиард 860 миллион теңгені құрайды. Жобаның қуаттылығы – 6 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындары – 64 бірлік. Жер телімі – 2,5 гектар. Қазіргі уақытта су (50м3), газ (80м3) тарту жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Кәріз жүйесін және электр жарығын (3 мВ) тарту жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың 90 пайызы инфрақұрылым тартылған соң салынады. Инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыттың құрылыс жұмыстары басталмақ.
Бұдан бөлек, «Alima Delux» ЖШС-нің «Тұрмыстық техника зауыты» жобасы (газ плита өндірісі) жүзеге асады деп күтілуде. Құны 15 миллиард теңгені құрайтын жоба іске қосылса, жылына 100 мың дана газ плита шығаруға қауқарлы. Жобаны іске асыру үшін өндірістік аймақтан 11 гектар жер телімі берілген. Енді қаржылық мәселелері шешілгеннен кейін ағымдағы жылы жоба өз жұмысын бастамақ. Құны 7,1 миллиард теңге болатын «Alina Group» ЖШС-нің «Құрғақ құрылыс қоспалар зауытының құрылысы» жобасы да зор үміт күттіріп отыр. Қуаттылығы жылына 105 мың тонна болатын зауыт 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Бұдан бөлек, биыл «Зербұлақ» демалыс орталығының ІІ кезеңі іске қосылмақ. Жоба құны – 2 миллиард теңге, жаңа жұмыс орны – 170 бірлік (маусымдық). Сонымен қатар «ОРЦ Тараз» ЖШС-нің көкөніс қоймасының ІІ кезеңі де өз жұмысын бастайды. Құны 12 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қаланың болашақта дамуын ескере отырып, бекітуге ұсынылған Тараз қаласының жаңа Бас жоспарында қаланың батыс бөлігінен «Шөлдала» алқабына барар жолда 1 150 гектар жерді (оның ішінде 120 га ТЛЦ, 120 га жер агроөнеркәсіптік кешенге), Аса ауылына шығаберісте 500 гектар жерді химиялық индустриалды аймаққа, А.Асқаров көшесі соңынан «Элеватор» алқабы маңынан 13 гектар жер агроөнеркәсіптік кешенге белгіленіп отыр. Сонымен 1 847 гектар жер шаһардың өндірістік әлеуетін көтеру үшін индустриалды аймаққа үлестіріледі.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, биыл жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын «ARTWOOD» ЖШС-нің жиһаз шығару фабрикасы, «Delixi Kazahstan» (КХР) – арнайы техника құрастыру зауыты және халықаралық медициналық университет сынды 3 инвестициялық жобамен келіссөздер жүргізілуде.
Өткен жылдың өзінде жалпы құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылды. Солардың алғашқысы – «Дәмді себет» ЖШС-нің «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы. Жылдық қуаттылығы 2 160 тонна өнімді құрайтын жобаның құны – 800 миллион теңге. Осының арқасында 105 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Екіншісі – «Алаш Пром» ЖШС-нің «Автоклавты газдалған бетон» жобасы. Жоба құны – 1,8 миллиард теңге, қуаттылығы жылына 50 мың текше метрді құрайды. Сонымен қатар «Аскар-Тау НC» ЖШС-нің түрлі фракциялы асфальтбетон қоспасын, битум эмульсиясын және қара қиыршық тасты өндіру зауыты мен «Jeti bulaq» ЖШС битум эмульсиясы зауыты сынды қос бірдей ілкімді іске асырылды. Олардың жалпы құны – 557 миллион теңге.
Сондай-ақ «Тараз» ӘКК» АҚ-да 100 пайыз сенімгерлік басқаруымен «Тараз» индустриялық аймағы» ЖШС жұмыс істеуде. Аталған аймақтың жалпы ауданы 185,2438 гектар болатын 11 жер телімінен құралған.
Бұған қоса, қазіргі таңда қатысушылар ретінде 27,1 миллиард теңге сомасын құрайтын «НУР ХИМ 2021» ЖШС трикотаж және тігін бұйымдарын өндіруге арналған зауыт, «НУР ХИМ 2021» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауыты, «Мамешова Айгуль Бекеновна» ЖК машиналар мен жабдықтар, дайын металл бұйымдарын өндіретін зауыт, «Eco Energy Plant» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу зауыты, «Taraz Gelatin» ЖШС желатин өндірісі, «Эко РБК» ЖШС қауіпті қалдықтарды басқару кешенін құру және «Нурсеитова Нагима Аманхожакызы» ЖК-нің шаруашылық-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру бойынша цехы сынды 7 жемісті жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
2022 жылдың қаңтар айында шаһарда ресми түрде тіркелген сауда базарларының саны 18 бірлікті құраған болатын. Алайда «Атакент Тараз» сауда орны 2022 жылы өз жұмысын тоқтатса, «Мыңбұлақ» және «Дәулет» базарлары нысаналық мақсатын өзгертіп, сауда орталығы ретінде жұмыс істеуде. Ал өткен 2023 жылғы есеп бойынша Тараз қаласында 15 сауда нысаны бар екені анықталды. Оның 12-сі әмбебап, 3-і арнайы мамандандырылған. Ерекше атап өтерлігі, өткен жылдың қорытындысы бойынша қала базарларынан түскен салық көлемі 65 миллион 232,9 мың теңгені құрады.
Қазіргі таңда сауда базарларын жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде. Нәтижесінде, 2022-2023 жылдары облыс орталығында 4 сауда базары мен 1 сауда орталығында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осылайша 3 сауда базары және 1 сауда орталығы жаңаша кейіпке енді. Олар: «Дос-нар» сауда орталығы, «Нұралы» және «Ақсай» базарлары. Ал жоғарыда айтылғандай, «Дәулет» базары нысаналық мақсатын өзгертіп, сауда ойын-сауық орталығы болып құрылды. «Жібек жолы» базарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Басқа сауда базарларымен де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Енді жоспарға сәйкес, олардың барлығы 2025 жылға дейін толығымен жаңғыртудан өтуі тиіс.
Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандары Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлерімен бірлесе азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін мониторингтік топпен әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында апта сайын тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Айталық, қазіргі таңда қала аумағында 635-тен аса азық-түлік тауарларын сататын сауда дүкендері жұмыс істейді. Оның ішінде ірі сауда орындары – 50, шағын маркет – 42, үй маңындағы дүкендер – 543.
Апта сайынғы жүргізілетін мониторинг нәтижесінде, қаладағы үй жанындағы шағын 25-30 азық-түлік дүкендері қамтылуда. Сонымен қатар қаладағы 4 ірі сауда орталығында әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіліп, талдау жасалуда. Мәселен, былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме ақысын 15 пайыздан асырмау жөнінде 635 дүкенмен, оның ішінде 50 сауда желісімен («Дәмді себет», «Фиркан», «Small», «Нұрислам» және т.б.) меморандум жасалды. Қазіргі таңда ірі сауда орталықтарымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме ақысын 15 пайыздан асырмау жөнінде 2024 жылға меморандумға тұру жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, бүгінгі күнге отандық тауарларды ілгерілету бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тікелей, делдалсыз жеткізу үшін «мемлекеттік орган – жергілікті тауар өндіруші – ішкі сауда субъектісі» арасында 28 үшжақты меморандум жасалды.
Сонымен қатар 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 733-бабына сәйкес, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган «Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті» РММ болып және де «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 204-4-бабына сәйкес шаралар аталған мекеменің құзыретіне кіреді.
Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жыл басынан бері 39 тексеріс жүргізіліп, 27 кәсіпкерлікке ескерту беріліп, құқық бұзушылықтар жойылды. Ал біреуіне 17 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Қалған 11-інде бұзушылық фактілері анықталмады. Оның ішінде ірі сауда желілері «Дәмді себет» ЖШС-нің сауда желісіне тауық жұмыртқасының үстеме бағасын 16,9 пайызға асырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша ескерту беріліп, бұзушылықтар жойылды. Жалпы Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға үстемесіне мемлекеттік мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.
Қала аумағындағы белгілегеннен тыс орындарда жабайы сауда орындарын ретке келтіру мақсатымен 2023 жылғы 17 шілдедегі №63-ө өкіміне сәйкес жұмыс тобы құрылды. Бөлім тарапынан базар басшылары мен сауда жасайтын кәсіпкерлермен сауда орындарын ретке келтіру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жергілікті полиция қызметкерлері арқылы заңсыз сауда жасаған азаматтарға ескертулер берілді.
2023 жылы салалық бөлім Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі және қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандарымен заңсыз сауда саттық бойынша 50 дүңгіршектің заңдылығы туралы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде заңсыз, құжаттарының мерзімі өтіп кеткен 20 сауда дүңгіршегі алып тасталынды.Сонымен қатар аталған саудагерлерге бөлім тарапынан қаладағы бос сауда орындары бар «Ауыл Береке», «Grand Bazaar» және «Орталық» базарларына көшуге ұсыныс жасалынды.
Тараз қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің мәліметі бойынша, 12 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы бойынша 1 977 тұлғаға хаттама толтырылған. Оның ішінде 1 952 тұлғаға ескерту жасалып, 25 тұлғаға 483 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 258 750 теңге көлемінде 17 айыппұлдың сомасы өндірілді. Оларға да қаладағы бос сауда орындары бар «Ауыл Береке», «Grand Bazaar» және «Орталық» базарларына көшу ұсынылды.
Туризмді

дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Өйткені туризмді дамыту арқылы ел экономикасын оңтайландыруға үлкен мүмкіндік бар. Осы ретте еліміздегі бірқатар өңірлер туристік әлеуеттерін арттыруға ниетті. Солардың қатарында Тараз қаласы да бар.
Екі мың жылдық тарихы бар киелі Әулиеата өңірі өзінің бай шежіресімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары шаһардың келбетіне көрік қосқан еңселі нысандар бой көтеруде. Бұл облыс орталығының шырайын ашып қана қоймай, туризмді дамытуға да сеп болуда. Соның арқасында қалаға ат басын бұратын туристердің қатары артып келеді. Оларға қаланың келбетін тамашалап, көрікті нысандарды аралауына барлық жағдай жасалған.
Айталық, Тараз қаласы бойынша 106 қонақ үй, 8 туристік ұйым, 12 туристік нысан, 15 туристік маршрут бар. 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысымен қала бойынша ішкі туристер саны 57 102 адамды, орналастыру орындарындағы бөлме саны 2 695 төсек-орынды, шетелден келген туристер саны 1 947 адамды құрады. Сондай-ақ өткен жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10,1 миллиард теңгені, нақты көлем индексі 608,4 пайызды құрады. Сонымен қатар былтыр туризмге байланысты құны 7,0 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба нақтыланып, бүгінде 2,1 миллиард теңгенің 9 жобасы толық іске асырылды. Атап айтқанда, 2023 жылдың 1 шілдесінде құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын «Зербұлақ» демалыс-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Онда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал қалған 5 жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Туризмді дамыту бағытында Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Жалпы қалада қолөнермен айналысатын «Өшпес Мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестіктері мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қала күні мерекесіне орай «Киіз Fest» фестивалі ұйымдастырылды. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, ата-бабадан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан байқауда 12 топ бақ сынап, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әрине, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, туризмнің тірлігін тіктеу бағытында қолға алынған ілкімді істер мұнымен шектелмесі анық. Бастысы, алдағы жоспар айқын да жұмыр. Мұндағы негізгі мақсат – тотыдай түрленген Тараздың әлеуетін арттырып, шаруасын ширату. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса бермек.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment