Кәсіпкерлікке кең өріс

Облысымыз сонау Кеңес кезінде өндірісі өркендеген қуатты өңірге айналғаны белгілі. Егемендігімізді еншілеп, еңсе тіктеген тұста да Жамбыл жерінде бәсекеге қабілетті кәсіпкерлердің қалың шоғыры қалыптасты. Соның арқасында аймақта кәсіптің көзін тауып, өз ісін бастаған азаматтардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұған жуырда «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме байқауында тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Халық арасында сапа идеясын насихаттауды мақсат еткен шара барысында аймақтың азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясының 82 тауар өндірушісі өз экспозицияларын ұсынды. Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, көрме жұмысына табыс тіледі.
– Кәсіпкерлік – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Бүгінде шағын және орта бизнестің өңірлік өнім үлесінің айтарлықтай артуына қол жеткіздік. Жалпы облыста 76 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Онда 124 мың адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ жыл басынан бері олардың саны 4 900 бірлікке артып, 76 мыңға жетті. Бұл әуелі Мемлекет басшысының қолдауы және сіздердің белсенді шаруаларыңыздың нәтижесі екені белгілі. Әрине, тек шикізат немесе тауар шығарып қана қоймай, оны өңдеу мәселесіне де бет бұру керек.

– Бүгінде облыс кәсіпкерлерінің 101-і «СТ-KZ» сертификатына ие болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде де шағын және орта бизнеске барлық қолдау көрсетілуде. Ағымдағы жылдың 6 айының өзінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 миллиард теңге шағын несие беріліп, 2 мыңнан астам азаматқа 3,3 миллиард теңге грант бөлінді. Осы саладағы жұмыстарды жетілдіру әрі тиімділігін арттыру мақсатында облыста 3 арнайы алаң іске қосылған. Атап айтқанда, «Бизнеске арналған үкіметтегі» апта сайынғы инвесторларды қолдау, кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура жанындағы Сараптамалық кеңестердің жұмысы осыған бағыттал-ған, – деген Нұржан Молдиярұлы көпшілікпен бірге қаз-қатар тізілген көрмені аралап, тамашалады.
Жалпы осы байқауда бақ сынаған қатысушылардың барлығы ең алдымен сапа мен бағаға көңіл бөлгені бірден байқалды. Содан болар, олардың тауарларына тәнті болған көпшілік таласа-тармаса сатып алып жатты.
Байқау нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясына «Алатау групп» жеке кәсіпкерлігі және «G Universal», «Novacom technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері лайық деп танылса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Паритет-2004», «Izgi is Qordai» ЖШС мен «Повстянко» ЖК топ жарды. Ал «Eco-chicken», «ПК Берсанукаев» және «Мерке-ет комбинаты» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында жеңімпаз атанды. Енді аталған байқауда қара үзіп шыққан үздік тоғыздық Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2022» республикалық сайысында облыс намысын қорғайтын болады.
Сондай-ақ бұл күні ісін енді бастаған «Муравенко», «Абзик Моторс», «Хожагаевич» сынды тауар өндірушілері де марапаттан құр қалмай, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың Алғыс хаты мен арнайы сыйлығына ие болды.

Comments (0)
Add Comment