Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды аталған кеңес төрағасы Мұқаш Ескендіров жүргізіп отырды.
Алдымен сөз алған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы директоры Еркін Атымтаев ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы Өңірлік кеңес құрамымен 10 отырыс өткізіліп, 43 проблемалық мәселе қаралған. Ал, ағымдағы жылдың 5 ай қорытындысы бойынша 4 отырыс ұйымдастырылып, 18 өзекті мәселе назарға алынған.
Бизнестің құқығын қорғау бағыты бойынша кәсіпкерлерден 35 өтініш келіп түскен десек, оның 7 өтініші оң шешімін тапқан. 15 өтініш бойынша түсініктеме берілсе, 13 өтініш жұмыс барысында қаралуда.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурыз айында Кәсіпкерлер палатасы алаңында, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылып, бүгінге дейін орталық арқылы 207 әйел кеңес алған.
Ағымдағы жылдың 4 ай қорытындысына сәйкес, облыста 8 бағыт бойынша жергілікті қамтуды сатып алу үлесі – 53,8 пайызды құраса, құрылыс-монтаждау жұмыстары саласы бойынша (140 нысан) жергілікті қамту үлесі – 73,6 пайызға айналған.
– Облысымыздың құс шаруашылығын дамыту мақсатында, Жамбыл облысы Қордай ауданында, 2020 жылдың қыркүйегінен бері «Атамекен «Тараз» МҚҰ қолдауымен 8 «ECO Chicken» құс еті кешені қаржыландырылып, қосымша 4 кешен өз қаражаты есебінен іске асырылды. Осы бастаманы, әрі қарай облысымыздың Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында дамыту жоспарлануда.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен-Тараз» микроқаржы ұйымына 1,8 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 306 жоба 1,6 млрд.теңге көлемінде қаржыландырылды,-деді Е. Атымтаев.
Бүгінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Кәсіпкерлер Палатасы қызметін трансформациялау жүзеге асырылуда.
Бұдан соң кәсіпкерлер Өңірлік кеңес мүшелері, кәсіпкерлер облыс әкіміне көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды.
Нақтырақ айтқанда, басқосу барысында кәсіпкерлік бастамашылдыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын айқындауға және қолданысқа енгізуге, ауыл шаруашылығы техникасын лизингтік қаржыландыруға, мектепке дейінгі ұйымдардағы жан басына шаққандағы қаржыландыру есебін қайта қарауға, «Қараалма» тау-шаңғы кешенің құрылысына қатысты және тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Аймақ басшысы барлық сұрақтарға жауаптар беріп, көрсеткіштерге қысқаша тоқталып, кейбір мәселелер бойынша орталық атқарушы органдармен жұмыстар жүргізілетінін жеткізіп, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
– Облысымыздың барлық саласында кәсіпкерлердің үлесі зор. Біз сіздердің мәселелеріңізді шешу жолында жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз.
Қазіргі таңда аудан, ауылдарда бюджет қаражатынан бөлек инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша ден қойып отырмыз. Әр ауыл бір бағыт бойынша кәсіппен немесе егістікпен айналысса ұтарымыз көп болар еді. Өйткені, ол өнімді өндірумен қатар өткеруде де өз тиімділігін береді.
Біз апта сайын «Тараз» ӘКК базасындағы инвестициялық штабта инвесторларды қабылдап, олардың мәселесін тыңдауды жолға қойдық. Кәсіпкерлермен де осы бағытта тоқсанына немесе айына бір рет тұрақты түрде кездесуді жоспарлап отырмыз. Біз бірлесіп жұмыс істегенде ғана, жақсы нәтижелерге жете аламыз,-деді Нұржан Нұржігітов.