Талас ауданының әкімінің орынбасары Медет Үрістенов бастаған ауылдық округі әкімдері Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында болып қайтты. Ондағы мақсат-жергілікті кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығындағы жетістіктерімен танысып, тәжірибе алмасу.
Бұған дейін мал және егін шаруашылығын табыс көзіне айналдырған таластық азаматтар аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің қолдауымен Жамбыл және Байзақ ауданы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында сонымен қатар, Сайрам ауданының Манкент ауылындағы шаруа қожалықтарын аралап, тыныс — тіршілігіне қанығып қайтқан еді. Сапар барысында кәсіпкерлердің алған әсері мен көзбен көріп, көңілге түйгендері іс бастап, тірлік жасауға түрткі болды. Нәтижесінде, Ақкөл және Берікқара ауылдық округінде шағын мал бордақылау алаңы ашылса, Кеңес ауылы мен Қаратау қаласында көкөніс өсіретін жылыжай соғылып, жұмысын бастады.
Басты мақсат-ісін жетік меңгерген шаруалармен тәжірибе алмасу. Сонымен қатар, нәсібін кәсіптен тапқан, саланың қыр-сырын жақсы білетін шаруаларды ауданға тарту. Кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау. Олардың тәжірибесіне сүйеніп, іс бастау. Бұл тірлік жасауға ниет білдіріп жүрген азаматтарға үлкен мүмкіндік деп білемін. Адамға табыс бірден бітпейді, еңбекпен келеді, — дейді қолға алынған бастама туралы аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
Қарабұлақ — ауыл шаруашылығындағы жетістіктерімен аты шыққан еліміздегі іргелі ауылдардың бірі. Жасыратыны жоқ, мал басын асылдандыруға ниетті азаматтар алдымен осы ауылға аялдайды, таңдауын алады. Өйткені, мұнда шаруашылықтардың саны басым болғандықтан, бәсекелестік те жоғары. Қарабұлақта тек мал шаруашылығы ғана емес, егістік, бау-бақша отырғызу жағы да жолға қойылған. Жалпы айтқанда, оңтүстіктегі шаруалардан үйренетініміз көп.
Талас ауданынан барған топ өкілдерін Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Убайдуллаев қарсы алып, аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы атқарып жатқан жұмыстары мен жетістерін атап өтті.
50 мыңнан астам халқы бар Қарабұлақ құдды бір қайнаған тірліктің ортасы дерсіз. Бір ауылдың ішінде өнімдерді тасымалдайтын 500-ге жуық жүк көлігі яғни фура бар. Көшеден бос жүрген адамды көрмейсіз. Әркімнің кәсібі өзінде. Табысын да содан айырып отыр. Мұндағы адамдардың дені кәсібін үй іргесінен ашқан. Бұл туралы қарабұлақтық шаруалардың тірлігін үлгі еткен Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаров айтып берді.
Медет Үрістенов бастаған топ үй жанынан ашылған мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Кәсіпкер Арзимат Абдимавланов 200 бас бұқаны ауладағы қора-жайда асырап отыр. Төрт адамды жұмыспен қамтып, атқарған жұмысына байланысты күніне еңбекақысын төлейді.
Таластықтардың тағы бір назар аударғаны -үй іргесінен ашылған бау-бақша. Кәсіпкер бір жылдың ішінде бақшадан тамшылатып суғару арқылы екі рет жиын-терім алады. Алдымен ерте көктемде картоп отырғызып, мамыр айында оның өнімін жинайды. Уақыт өткізбей орнына қарбыз егеді. Қазірдің өзінде қарбыз түйіндеп үлгерген. Міне, нағыз еңбек.
Ал, балық өсірумен айналысатын шаруаның ісі адамды қызықтырмай қоймайды. Арнайы орында асырайтын балықтарға оттегі, суын ауыстыру сында жұмыстар мен күтім керек болса, жайын балығы көп шығынды қажет етпейтін көрінеді әрі жылдам жетіледі. Онымен айналысатын Ұшқын Қалжалиевтің айтуынша, жайынның батпақты суға да шыдайтын өкпесі болатын көрінеді. Кәсіпкер өнімді осындағы тамақтану орындарына ұсынады.
Сонымен қатар, ауыл әкімдері ауыр жүк көліктерін жөндейтін орынның және кірпіш құятын отбасылық цехтың жұмысын көріп, іс басында жүрген азаматтарды әңгімеге тартты.
Кірпіш құятын цех атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Әкеміз де осы тірлікті айналдырды. Оның қыр-сырын бала кезден көріп өскен соң, бізге де жұғысты болды. Күніне 1600-ге дейін кірпіш құямыз. Дайын болған материалдың әр данасын 140 теңгеден саудалаймыз. Қазір бұл жұмысты 4 адам атқарып жатырмыз,-дейді кәсіпкер Махсауд Тургунбаев.
«Еңбек әрі сүйсіндіреді, әрі сыйындырады», — деген ата-бабаларымыз. Табыс көктен келмейді, бейнетке бітеді. Айналаға қол қусырмай, табысты адал еңбектен тапқанға не жетсін… Бұл орайда Қарабұлақтағы шаруалардан үйренеріміз көп-ақ.