«Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаккалиев қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.
– Сауда саласындағы маңызды бағыттардың бірі – мемлекет, бизнес және халықпен өзара іс-қимылы. Министрлік ашықтық пен өзара тиімді саясатты ұстануды жалғастырады. Айталық, 3 айдың есебі бойынша инфляция жыл басынан бері 3,2 пайызды құрады. Оның ішінде азық-түлік – 4,1, азық-түлік емес – 2,5, ақылы қызметтер – 2,8 пайыз. Осылайша Үкімет негізгі азық-түлік бағасының өсу қарқынын тоқтата алды.
Соңғы 6 аптада инфляция 0,1 пайыздан аспады және жыл басынан 3,4 пайызды құрады. Дегенмен соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш орташа есеппен 6,4 пайызға жетті. Қабылданған шаралар кешені бірқатар құралдардан тұрады.
Мәселен, маусымаралық кезең-де тұрақтандыру қорларынан көкөністердің қалыптасқан қоры шығарылды. Қазір 2024 жылғы маусымаралық кезеңде маусымдық ауытқуларды реттеу үшін ағымдағы жылдың күзгі егінін сатып алу бойынша жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта 100 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қалыптастырылды.
Өндірістен сатылымға дейінгі барлық баға тізбегін зерттеп, біз өңірлерде өнімсіз делдалдарды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз. Біз сауда желілерімен және өндірушілермен де тығыз жұмыс істейміз. Алдағы уақытта 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда инфляцияны 2 есеге қысқарту міндеті тұр. Сонымен қатар базарлардың қызметін ретке келтіру үшін оларды жаңғыртуды аяқтау қажет. Осы бағыттағы жұмыс 2015 жылдан бастап жүргізілуде, алайда процесс ұзаққа созылды. Осы жұмысты уақытылы аяқтау үшін министрлік сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Бұл карта бойынша Үкімет тарапынан мониторинг жүргізіледі. Ендігі мін- дет – 2025 жылға дейін жаңғыртуды аяқтау, – деген вице-министр кәсіпкерлерді толғандырған сауалдарға құлақ түрді.
Басқосу барысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру, нарықты жаңғырту бойынша жеңілдікті қаржыландыру, қант тапшылығын реттеу сынды мәселелер көтерілді.
Жиыннан соң вице-министр тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Бұдан бөлек, Арман Абайұлы шаһар басшысымен «Нұрислам» сауда үйіне ат басын бұрып, тауар бағаларын өз көзімен көрді.
Сауда нысанындағы бағалармен жіті танысқан вице-министр мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке кең қолдау жалғаса беретінін баса айтты.
Құрмаш Қаптағай