Кәсіпкердің көне шаһарға тартуы

ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай Желтоқсан көшесі, №76 үйдің маңында балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен шаһар тұрғындары қатысты.

Шаһар басшысы өз сөзінде аулаларды абаттандыру, қаланы көркейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті.
– Қазіргі таңда еліміздегі қалалар қарқынды дамып, күн санап жаңа тұрғын үйлер, заманауи инфрақұрылымдар бой көтеріп келеді. Дегенмен, шаһар тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі аулаларды абаттандыру болып отыр. Өйткені, жайлы, қауіпсіз және тартымды аула әрбір адамның тыныш тұрмыс кешуі мен балалардың еркін ойнауына мүмкіндік береді.
Оның үстіне аулалар тек көлік тұрағы немесе өту жолы ғана емес, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне де таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – салауатты, дені сау ұрпақ қалыптастыру да осындай ойын алаңшаларынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан аулаларды абаттандыру қашанда айрықша маңызға ие. Бүгінде бұл бағытта Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, өткен 2024 жылы аулаларды абаттандыру, оның ішінде, балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 500 миллион теңге қаражат бөлініп, 24 аула абаттандырылды. Сондай-ақ 225 миллион теңгеге 9 шағын футбол алаңшасы ашылып, 4 алаңша күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Тұрғындар да өз кезегінде қала әкімдігіне шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Ерекше атап өтерлігі, бұл алаңша «Ауыл Береке» ЖШС-нің құрылтайшысы, жеке кәсіпкер Алтай Қарабековтің демеушілігімен салынып отыр.
Жалпы, биыл шаһар аумағында 26 алаңша пайдалануға берілсе, оның 25-і мемлекет тарапынан, біреуі жеке кәсіпкер есебінен жүзеге асырылды.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment