Кәсіпкер, қалтаны емес, қауіпсіздікті ойлаңыз!

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала және аудандардағы базар мен шағын дүкендерде пиротехника қоғадай қаптайды. Алайда біз көріп жүрген пиротехникалардың басым көпшілігінде арнайы сертификат жоқ. Осындайда балалардың ойнап жүріп, от басып қалмасына кім кепіл? Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жаңажылдық отшашуларды сатып аларда аса сақ болуды ескертеді.

Облыстық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары соңғы жылдары пиротехникалық заттарды пайдаланарда қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан өрт оқиғалары жиілеп кеткенін айтуда. Сондай-ақ мамандар Жаңа жыл қарсаңында отшашуды қызықтайтын ойын балаларына алаңдаулы. Неге десек, соңғы екі жылда облыстағы емханаларға жарылғыш пакеттерді пайдаланғаан он азамат түскен. Оның ішінде термиялық күйік шалғандардың көбі 9 жастан 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер екен. Тұрғындар тауардың сертификатталмағанын былай қойғанда, қолдану тәсілі мен қауіпсіздікті ескере бермейді. Ал ережеге сай пиротехникалық заттар ішкі істер органдарында тіркелген қоймаларда ғана сақталуы тиіс. Яғни тіркелген қоймаларда пиротехникаға күн сәулесі, жаңбыр немесе қардың түсуіне жол берілмеуі қажет. Ал сауда нүктелерінде отшашуды ашық саудалаудан қорықпайтын кәсіпкер қауіпсіздіктен бұрын қалтасын ойлайтыны белгілі. Заң жүзінде пиротехникалық өнімдерді 14 жасқа толмаған балаларға сатуға қатаң тыйым салынады. Бірақ мұны екінің бірі ескере бермейтіні тағы бар.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды отшашу мен жарылғыш пиротехниканы базардан емес, тек арнайы дүкендерден ғана сатып алуға шақыруда. Сондай-ақ тауарды сатып алған күннің өзінде нұсқаулықта көрсетілген температурада сақтауды ескертеді.
– Сапасы күмән тудыратын тауарды сатып алмас бұрын сатушыдан өнімнің сертификатын талап еткен дұрыс. Кейін нұсқаулықта көрсетілген ережені қатаң сақтаған жөн. Сонымен қатар сертификат-талған тауарда «Абай болыңыз!» деген ескерту сөз міндетті түрде болатынын қаперден шығармаған ләзім. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып, балаларға өнімнің қауіпті екенін әркез ескертіп отыру қажет. Тұрғындарды Жаңа жыл қарсаңында қарапайым талаптарды ескеруге шақырамыз. Пиротехникалық заттарды терезесінде темір торлары жоқ екі қабаттан аспайтын ғимаратта сақтау керек. Шырша шамдарының кернеуі 12 ватт, қуаты 25 вольттан аспауы тиіс. Мерекелік кеште алғашқы өрт сөндіру құралы болуы керек. Әрі пиротехникалық заттарды ғимаратта пайдалануға қатаң тыйым салынады. Тұрғындар осы ең негізгі талаптарды естен шығармаса, тосын жайтқа тап болмайды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының басшысы Мақсат Әкімбаев.
Төтенше жағдайлар департаменті қазір Жаңа жыл қарсаңында қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Сала мамандары базарлар мен сауда нүктелерінде, сондай-ақ халық көп шоғырланған аумақтарда әлеуметтік осал топтармен кездесу ұйымдастыруда. Бұл тізімде қала мен аудандардағы ескі үйлер де бар.
Заң жалпыға ортақ. Сондықтан сертификатталмаған тауар сатып, «басқамен ісім жоқ» деп отыратын саудагерлер жазадан құтылмайды. Себебі құзырлы орган қызметкерлері жыл сайын Жаңа жыл таяғанда базарларға рейдке шығады. Полиция қызметкерлері тұрғындарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 432-бабына сәйкес, «Елді мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық және электрлі қарудан оқ ату, пиротехникалық бұйымдарды қолдану» бойынша балаларына отшашумен ойнауға рұқсат берген ата-анаға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертуде. Сертификатталмаған пиротехникаларды сататындарға осы кодекстің 196-бабы, яғни «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау» бойынша жауапқа тартылып, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Сонымен қатар пиротехника сатуға арнайы сертификаты бар кәсіпкерлер оны сақтау, есепке алу, пайдалану және тасымалдау кезінде тәртіп бұзса, 5-тен 45 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы бек мүмкін. Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында кәсіпкер мен қала тұрғындары келеңсіз жағдайға тап болмауды ойласа, бекітілген ережені сақтап, сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпағаны дұрыс.
Қалтаны емес, ең бірінші, қауіпсіздікті ойлайық!

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment