Кәсібінің нәсібін көрген Қадіровтер отбасы

Бүгінде ауыл-аймақтарда үй іргелік жерлерін тиімді пайдаланып, қажетіне жаратып, артылған өнімін сатып, табыс көзіне айналдырып отырған отбасылар аз емес. Оған мысал іздеп, алысқа барудың қажеті жоқ.
Соның бірі – Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай ауылының тұрғыны Нұрғали Қадіров. Қадіровтар отбасына қосалқы шаруашылық жүргізуге бөлінген бір гектардай жер бөлінген екен. Оңы-солын, көлденеңін қосқанда атшаптырымдай жер! Бақшадан бос жатқан бір пұшпақты байқамайсың. Арпалық көп көлемде көсіліп жатыр. Көктемгі жауын-шашынның мол түсуінен дақылдың бойы жерден дүр етіп көтеріліп қалыпты. Көкпеңбек болып жайқалып тұр. Арасынан жоңышқаның басы қылтияды. 15 соттықта қатарлай салынған жүйекте картоп гүлдеп тұр. Түптері үйіліп, бір мәрте суғарылыпты. Әрі қарай қызанақ, қырыққабат, қызылша, асқабақ, болгар бұрышы, баклажан секілді дәруменді дақылдар қатары. Бәрінің күтімі келісіп, жайқалып, гүлдеп тұр. Әсіресе, қызанақтың сарғыш гүлдері үлкейіп, түптері жуандай түскен.
– Іргедегі Қарасаз ауылындағы Есмахан Сеңгірбаевтың бақша отырғызу тәжірибесін көріп, сүйсінгенім бар, – дейді Нұрғали. – Ол кісі де бақшадағы әрбір дақылға үлкен мән береді. Картопты шахмат тәртібімен отырғызған екен. Сыртынан қарасаң, бір керемет! Біркелкі, көлденеңінен жолақ тастай өскен! – дейді Нұрғали.
Бақшада ағын судан ешқандай іркіліс жоқ. Теріс өзенінен бері тартылған арнадан шығатын төрт арық ауылдағы көгеріш біткенді нәрлендіріп жатыр. Бейпіл жатқан суды қай кезде аламын десең де еркің.
– Өзім таулы өңірдегі Ақтасты ауылында туып-өстім. Бала күнімізде өзенде су мол болушы еді. Сонда орыстардың бақшасын көріп қатты қызығатынмын. Ал біздің ағайындар жалқаулыққа салынып, жерге еңбек еткісі келмейтін. Қазір де ауылда жерге қыры жоқ адамдар көп.
Ауылда тұрып, жерде жұмыс істегісі келмейтіндерге таң қаламын. Бірдеңе десең, «базарда тұр ғой бәрі. Сатып ала саламыз» дейді. Бұл деген бала-шағаңның ырзық-несібесі емес пе?
Осы ауылға көшіп келгеннен кейін бір қызық жағдай болды. Өзбекстаннан бір саудагер «Волгамен» үйме-үй аралап жүріп, қызанақ, қияр сатты. Ол кезде «Волга» тұрмақ, «Москвич», «Жигули» дегендеріңіз өзі қат болып тұрған. Біздің жерімізді, суымызды көріп, басын шайқап тұрып, «Менің мынадай жерім болса, жылда осындай «Волганың» біреуін мінер едім» деді.
Әлгі өзбектің сөзі маған үлкен ой салды. Содан бақша егуді қолға алып, бір жыл да құрғатып көрген емеспін. Күзде жиналған өнімнен 300 банкадай тосап жауып аламыз. Картопты, жеміс-жидекті сақтайтын үлкен жертөлем де бар, – дейді бағбан.
Әдетте, Нұрғали жерде жатып өнетін дақылдарды мамырдың басына дейін егіп қоюға тырысады. Бақша күтімімен бүкіл отбасы мүшелері айналысады. Жұбайы Нағима, ұлы Нұрхан мен келіні жүйектеуге, суғаруға, түбін үюге қолғабыс жасайды. Атасы мен апасына көмекші болуға жарап қалған немерелері Нұртас пен Айару арамшөп жұлуға жәрдемдессе, кенже немерелері Нұрсая мен Нұрсәуленің бақшада әрі-бері жүріп, ойнағанының өзі бір ғанибет.
Жерде еңбек ету үлкен ыждағаттылықты, табандылықты талап етеді. Біз бұл жолы тағы бір отбасының үй іргесіндегі жерді игеру тәжірибесін сөз еттік. Егер де осы мақала сізге де ой салып, Қадіровтар отбасынан үлгі алып, аулаңыз бен бақшаңызды көркейткіңіз келсе, еңбегіміздің зая кетпегені деп білеміз.
Comments (0)
Add Comment