Кәсіби шеберлік – табысты болашақ кепілі

Жұмысшы мамандықтарының жылына орай Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Кәсіби маман-2025» атты байқау өтті.

Жастар арасында жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, олардың еңбекке деген қызығушылығын ояту, кәсіби бағдар беруге ықпал ету және өз ісінің шеберлерін анықтауды мақсат еткен сайысқа облыстағы белсенді, еңбекқор, кәсіби біліктілігі жоғары жастар қатысты. Олар «Үздік дәнекерлеуші», «Үздік аспаз», «Үздік шаштараз», «Үздік визажист», «Үздік қолөнер шебері» номинациялары бойынша бақ сынады.

Байқау барысында қатысушылар кәсіби білімдері мен тәжірибелерін ғана емес, сондай-ақ креативті ойлау, өз ісіне деген сүйіспеншілік, уақытпен жұмыс істеу және ұжыммен өзара әрекеттесу қабілеттерін де көрсетті. Қазылар алқасы әр қатысушының жұмысын арнайы критерийлер негізінде бағалап, үздіктерді анықтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып, жұмысшы жастардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби өсулеріне және еңбекке деген ынталарын арттыруға мол мүмкіндік береді.

Байқаудың марапаттау рәсімінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов еңбек адамының қоғамдағы рөлін айрықша атап өтіп, жастарды кәсіби бағытта дамуға, өз ісінің шебері болуға шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялау арқылы жастарды нақты кәсіпке баулуды, техникалық білімге ден қоюды басты назарға алып отыр. Бұл – еліміздегі адами капитал сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі байқау – осы бастаманың нақты көрінісі. Жас мамандардың кәсіби шеберлігі мен бәсекеге қабілеттілігі – ел болашағының кепілі, – деді Серік Жақсылықұлы.

Шара соңында жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Айта кетерлігі, «Кәсіби маман-2025» – бұл тек байқау ғана емес, жастардың еңбекке деген көзқарасын өзгертіп, олардың қоғамдағы беделін арттыратын маңызды платформа. Шын мәнінде, кәсіби шеберлік – табысты болашақтың кепілі.

 

Ерасыл БОЛЫСБЕК,

Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығы

мониторинг және әлеуметтік зерттеулер бөлімінің маманы

Comments (0)
Add Comment