Жыл сайын күз, қыс айларында түйіншегін жиып, жыраққа көшіп кеткендерді санаймыз. Жыл сайын келгендерге қарағанда кеткендердің саны басым түседі,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы елде туады, оқиды, өседі, өнеді. Ес жиғанда бір бағытқа ғана билет алып, кете барады. Бұл процесс елдің адами капиталына, мамандар «қорына» үлкен шығын екені анық. Сонау 2010 жылдардан бері эмиграция қарқын алған. Себеп неде, жұрт неге шетелге асықты? «Ұлы көшті» тоқтату мүмкін бе?
Жақында АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж биыл 155 мың Қазақстан азаматы грин-кардқа (green card) құжат тапсырғанын мәлімдеді. Грин-кард – АҚШ-та шетелдік азаматқа жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат. Яғни, 155 мың жерлесіміз Америкада жеңді түріп, қызметке кірісуге үмітті. Егер осынша адам құжатын реттеп, өткізсе, бәлкім тағы да 150 мың кісі АҚШ-қа эмиграциялау жөнінде ойланып жүрген болар. Бағамдасаңыз, 300 мыңдай халық. Қызылорда қаласының тұрғын санына пара-пар. Аз емес. Бұл жыл сайын ресми түрде елден көшіп кететіндерден бөлек жандар. 19 млн халқы бар республика үшін демографиялық қатер дерсің. Бірақ сөз басындағы сұрақты қайталауға мәжбүрміз. Себеп неде? Жұрт шетелге көшуге, жырақта жұмыс істеуге неге асық?
Көшіп кеткендер. Шетелде қызмет етуден бөлек қазақ азаматтығынан бас тартып, біржолата өзге елге қоныс аударуға ниетті кісілердің саны жыл өткен сайын өсіп келеді. LSM.kz сайтының мәліметінше, биыл 9 айда 25 322 адам шекара асқан. Бұл былтырмен салыстырғанда аз да болса көп, 0,2 пайызға артыпты. Әдеттегідей олардың 83,6 пайызы Ресейге бет алған. Кейінгі орында Германия (2 447), Польша (250), АҚШ (246), Белорусь (233), Израиль (143) және Өзбекстан (142).
Көшіп кеткен 25 мың адамның 17 мыңы орыс ұлтының өкілі болса, 2 335-і неміс, 1 243-і өзіміздің қаракөздер. Одан бөлек, татар, белорус, поляк, басқалары да бар. Жалпы эмиграциялық статистика Қазақстандағы орыс халқы Ресейге, немістер Германияға көшіп жатқанын көрсетіп отыр. Сонау 90-жылдары бастау алған үрдістің жалғасы. Қазақтар да шабаданын жинап жатқан үшінші ұлт. Иә, жақсы көрсеткіш емес.
Орыс халқы өзінің тарихи Отанына оралып жатыр деген ойымызды мына дерек қуаттайтын сыңайлы. Қарағандыдан 3 705, Шығыстан 3 251, Павлодардан
2 745, Қостанайдан 2 601 кісі шетел асқан. Бұл өңірлерде әлі де орыс жұртының қатары қалың екенін ескерсек, олардың көпшілігі Ресейге билет алған болар.
Ал енді осы көшкен 25 мың адамның 6 700-і жоғары білімді болса (36%), орта кәсіби білімді меңгергендері 5 967 кісі (32%). Егер нақты кәсібіне зер салсақ, онда 9 айда көшіп кеткендердің 4 144-і техникалық мамандық иесі, 2025 экономикалық білім алған, 1 260-ы – педагог, 699-ы – медицина қызметкері. Сөз басында эмиграция адами капиталымызға, мамандар «қорына» зор шығын деп едік. Міне, осы сандар сөзімізге дәлел. Қысқаша айтса, кеткендердің тең жартысы не университет, не колледж-техникум тәмамдаған. Олардың көпшілігі кезінде бюджет есебінен білім алуы да ғажап емес. Яғни, елге, қоғамға қызмет етер шағында дайын мамандар көшіп кетіп жатыр. Ал жоғарыда аталған аймақтарда маман тапшылығы сезіледі.
Жалпы, Қазақстаннан көшіп кету үрдісі соңғы жылдары өрши түсті. Тағы да сандарды сөйлетейік. 2016-2020 жылдары 188 мың кісі Қазақстан азаматтығынан бас тартып, қыр асқан. Көшкендердің 87 пайызы сол баяғы Ресейге барып қоныс тепкен.
Неге көшеді? Ал енді азаматтар неге көшіп жатыр деген сауалға келсек. 2019 жылы зерттеушілер Ирина Черных және Рустам Бурнашев шетелде білім алған немесе тәжірибеден өткен 50 жас маманның арасында сауалнама жүргізген. Олар сауалнама барысында Қазақстанда және шетелдерде тұрған. Жас мамандар эмиграцияның себептері ретінде келесі факторларды атаған: 1) Қазақстанда әлеуметтік жағдайдың төмендеуі 2) саяси тұрақсыздық болуы мүмкін деген уайым 3) басқа елдердің мигранттарды шақыру бойынша жүргізіп жатқан саясаты 4) Қазақстан азаматтығының «әлсіздігі».
Бұл сұраққа Орталық Азияның сараптамалық есеп беру бюросы (cabar.asia) қызметкерлері де жауап іздеген. Ресми құжаттарда көшкендердің 10,5 пайызы жұмыс істеу деп себебін көрсетсе, 88,7 пайызы басқа себеп деп жазған. Мәселе сол «басқа» себепте болып тұр. Ресейге қоныс тепкендер «Қазақстанда жақсы жұмыс табу, сәйкесінше бақуат өмір сүру өте қиын», «білім сапасы нашарлады», «жалақы аз», «жемқорлық», «бюрократия» деп елден кетуге ықпал еткен факторларды атаған.
Сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымы 2019 жылы Қазақстанда миграция тақырыбында кең ауқымды зерттеу жүргізген. Онлайн сауалнама нәтижесі көңіл көншітпейді. Нақтырақ айтсақ, біздің қоғамдағы «дерттің» барлығын айқара ашып көрсетеді. Сонымен, эмигранттар Қазақстаннан көшіп кетудің келесідей себептерін атаған: жемқорлық, бюрократия, шенеуніктердің жауапқа тартылмауы (51,3%), мамандарға қажеттіліктің, перспективаның болмауы (31,3%), мемлекеттің баяу дамуы, қоғамның архаизациялануы (27,5%), өзінің және баласының келешегіне сенімнің азаюы (26,3%), жұмыссыздық, жалақының аздығы (23,8%), білім мен медицина сапасының нашарлауы (23,8%), адам құқықтарының жиі бұзылауы (21,3%).
Жауаптарға қарасақ, азаматтардың эмигрант атануына аз табыс, жемқорлық, тамыр-таныстық, білім сапасының нашарлауы сияқты факторлар түрткі болған. Егер жағдай нашарласа, аталған көшке қосылатындар саны арта береді деген сөз. Яғни, адами капитал, мамандар қоры сарқыла бермек. Әрине, былайша төндіріп, жағдайды күрделендіргіміз келмейді. Егер адам Қазақстанда тұрғысы келмесе, жолы ашық деп ойлайтындар да аз емес. Бірақ ел ертеңін, стратегиялық дамуын ойласақ, эмигранттар санын азайту Үкімет үшін басты міндеттердің біріне айналуы қажет. Көшуге рұқсат беруші құжат санын арттырып, бюрократиялық машинаны қосу арқылы емес. Экономикалық-әлеуметтік жағдайды түзеп, баға өсімін тежеп, жемқорлық деңгейін азайтып, білім мен медицина сапасын арттырып, халық тұрмысын түзеп. Иә, айтуға оңай, амалы қиын іс. Бірақ басқа жол жоқ сияқты. Қазақстан басқа ел эмигранттары көшіп келуге асығатын, өмір сүруге жайлы мемлекет атанбайынша, азаматтарымыз жыраққа кете бермек.
Көшіп келгендер. Елден тек кетпейді, келетіндер де бар, көшіп келетіндер. Бірақ олардың саны аздау. Биыл 9 айда 7 246 адам елімізде тұруға шешім қабылдаған. Егер кеткендердің саны 25 мың екенін қайта еске түсірсек, онда кері сальдо анық көрініп тұр. Иммигранттар үш жарым есе аз. Ұлт құрамына қарасақ, 2 773 қазақ, 1 804 орыс, 402 өзбек, 310 әзербайжан және басқа этнос өкілдері қазақ жеріне қоныс теуіп жатыр. Олардың басым бөлігі қандастар және Ресейде жерсіне алмаған экс-қазақстандық орыстар болар деп болжадық.
Жалпы, миграция мәселесіне кешенді түрде қарау қажет сияқты. Оларды тек көшетіндер мен келушілер деп шектеуге болмайды. Бұлардың қатарына Қазақстан азаматтығынан бас тартуға даяр топты да қосқан жөн шығар. Мәселен, студенттер. Ресейде 63 мыңдай студентіміз білім алып жатыр. Халықаралық көші-қон ұйымы студенттердің 30-35 пайызы Ресейде қалып қоюы бек мүмкін дейді. Бұл дегеніңіз – 20 мың Қазақстан студенті. Егер болжам шындыққа жанасса, онда эмигранттар саны артатыны анық. Бұл статистикаға Оңтүстік Кореяға нәпақа табу үшін кеткендерді қосыңыз. Иә, ол – еңбек миграциясы, олар келешекте оралуы мүмкін дерсіз. Бірақ Корей түбегінде қалып қойғысы келетіндер де табылар, себебі қазірдің өзінде онда 12-13 мың қазақстандық заңсыз жүр.
Түркияға бет алды. Бұдан бөлек, Түркия, Кипрден үй алып жатқан отандастарымыз да аз емес. Түрік лирасы құнсызданған соң Түркиядағы Ыстамбұл, Алания, Анталияға бет алған қазақстандықтардың қатары көбейді. Әрине, олар жұмыс іздеп, несиесін жапқысы келетін топ өкілдері емес. Бірақ шалқып жүрген олигархтар да емес. Орта тап өкілдері енді Нұр-Сұлтан мен Алматыны түрік қалаларына алмастырып жатыр. Яғни, олардың қолындағы азды-көпті капитал да осы елге ағылады деген сөз.
Сөз соңында. Қорыта айтсақ, бір үйден басқасына көшу деген барып тұрған машақат. «Кедей болсаң, көшіп көр» дейтініміз де содан. Ал бір елден екіншісіне көшу депрессия шығар. Сандаған құжат жинау, жаңа үй мен қызмет іздеу, шекара асу, тағысын тағылар… Оның осындай арпалысы аз емес. Бірақ осыған қарамай шабаданын жиып отырғандар жеткілікті. Себебі жұрт жайлы өмірге ұмтылады. Ондай өмірді, қоғамды Қазақстанда «жасамасақ», эмигранттар оны басқа елден «іздеп табады».