Көшбасшы көрсеткен көкжиек

1 желтоқсан – тəуелсіз Қазақстан үшін айрықша күн. Осыдан 28 жыл бұрын отандастарымыз тарихи таңдау жасады. Дəл осы күні егемен еліміздің Тұңғыш Президенті сайланды. Жарқын болашаққа деген үміт жалпыхалықтық сенімге ұласты. Бұл қадам нəтижелі болып, ширек ғасыр аралығында Қазақстан əлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарынан көрінді.

Арайлым Шабденова

Тұтас дəуірге татитын жылдардағы сындарлы жұмыстар жасампаздықтың жемісі мен жеңісіне айналды. Еліміздегі Президенттік басқару институтының қалыптасуына жол ашқан 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленді. Бұл – тарихи таңдаудың қапысыз жасалғандығының айқын айғағы. Тəуелсіз еліміздің абыройлы асуларының Елбасы есімімен тығыз байланыста екендігінің бір дəлелі. Елдік дəрежедегі елеулі мерекеге айналған Тұңғыш Президент күні тəуелсіз, қуатты мемлекет қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын айшықтайтын маңызды мереке ретінде тарих көшіне жалғаса береді.
Бұл мерекені өткізу күнінің таңдалғаны кездейсоқтық емес. 1991 жылдың 1 желтоқсанында алғашқы жалпыхалықтық сайлау өтіп, онда Ұлт көшбасшысы 98,7 пайыз дауыс жинады. Небәрі тоғыз күн өткен соң, Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы шешімдерінің бірі – Қазақ КСР-нің Қазақстан Республикасы болып қайта аталуы, ал алты күннен кейін, 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес мемлекеттік тәуелсіздік жариялады. Ширек ғасырдан астам уақыт ел басқарған Елбасы ағымдағы жылдың 20 наурызында президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Өзінің сындарлы саясатымен ел басқарған Ұлт көшбасшысы – әлемдік аренада да өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұлы тұлға. Еліміздің Тұңғыш Президенті – біздің халқымыздың тарихындағы елеулі тұлға, ал онымен етене жақын болып, қоян-қолтық араласу көптің арман-тілегі екені сөзсіз.

Дүниежүзіндегі фосфор өндіретін ең алып үш елдің бірі Қазақстандағы ірі кәсіпорынды ұзақ жылдардан бері басқаратын Мұқаш Ескендіров – ел-жұртқа сыйлы азамат. Оның осы зауытта жұмыс істегеніне 38 жылға жуық уақыт болған. Бұл зауыттың өнімдері Азия мен Еуропаны былай қойғанда, мұхит асып, шалғайдағы елдерге де жөнелтіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі оның ұйымдастырушылық, іскерлік, жаңашылдық қасиеттерін жоғары бағалап, «Қазақстанның Еңбек Ері» деген жоғары атақ бергені баршаға мәлім. Ал Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров Елбасымен бірнеше рет кездесіп, тікелей қабылдауында болған. Мереке қарсаңында Еңбек Ерімен жолығып, сұқбаттасқан едік.
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, жалпы Елбасымен неше рет кездестіңіз?
– Менің Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқы кездесуім 80-ші жылдардың соңында болды. Ол облыстық партия конференциясына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде келді. Ал мен қарапайым 27 жастағы делегат болдым. Ерте көктемде елуге енді толған Елбасы Алматыдан көлікпен облыс орталығына келген. Жігерлі, қуатты көшбасшының кіреберіс қақпадан өткеннен кейін тоқтап, басшылардың біріне қалаға кіреберістегі канализацияның тазаланбай, иісі жағымсыз шыққан қондырғылары үшін ұрысып жатқандығын көрген едім. Сол тұста тапсырма алған басшылық дереу іске кірісіп, жағымсыз иісті құртқан болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін ол кісімен кездесудің реті келмеді. Мен еңбек жолымды жалғап, басшылық қызметке келгенде, 1998 жылы Елбасымен бетпе-бет кездестік. 90-шы жылдардың соңы. Өндірістердің басым бөлігі тоқтап қалған кез. Бұл орайда, өнеркәсіп саласын қайта құру мәселесі күн тәртібінде тұрды. Елбасымен кездесу біздің зауыттың ашылуымен тұспа-тұс келді. Нұрсұлтан Әбішұлы ол кезде Қазақстанның болашағы зор, экономикамыздың маңызды элементіне айналуы керек индустрияны дамыту қажет екендігін атап өтті. Кездесу барысында зауыт ісін алға жылжыту мақсатында инвесторды тапқанын айтып, бір жетіден кейін олардың Таразға келетіндігін жеткізді. Расында, бір аптадан кейін қажетті адамдар келіп қаржыландырып, жұмыс басталған-ды. 1999 жылы «Қазфосфат» ЖШС құрылғаннан бастап Елбасымен кездесу жыл сайын болатын болды. Оның облысқа сапары болсын, индустриялық сектордағы республикалық жиындарда және партияның түрлі шараларында Елбасымен кездесіп, дидарласатынбыз. Ең қызығы, ол кісі мені жылына бір рет қабылдап, уақытын фосфордың бүгіні мен ертеңіне арнайтын. Есеп тапсыратынмын. Кез келген сапарында 5-10 минут болсын зауыттың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында ат басын бұрып келетін бізге. Ал 2005 жылдан бастап жылына бір рет кездесу бізде үрдіске айналды. Соңғы рет ол кісіні ағымдағы жылдың тамыз айында «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде кездестім. Әр кездесудегідей жаңа жобалар мен жыл бойына жеткен жетістіктер талқыланды. Әр кездесу – мен үшін үлкен мәртебе.
– Елбасының химия өнеркәсібіне қосқан үлесі туралы айтып өтсеңіз…
– Өндіріске ақша салу бар да, оны өндіру бар. Дамытуға инвестиция салмас бұрын қаржыландыру көзін табу оңай емес. Егер минералды тыңайтқыштар зауытына көз салатын болсақ, онда соңғы сегіз жылдың ішінде кешенді жұмыстың нәтижесінде бұрынғы өндірісті толық жаңа зауытқа ауыстырдық. Ал 2013 жылы үлкен жетістікке қол жеткіздік. Тіпті Елбасының өзі оны байқап, еліміз бойынша дамуға қарқынды қадам басып келе жатқан өндіріс орны ретінде мақтан тұтты. Елбасы – өндірушінің жолымен жүріп, өнеркәсіп кез келген экономиканың локомотиві екенін түсінетін жан. Кез келген жағдайда өндіріске көңіл бөліп, қолдан келген көмегін аямаған азамат. Тіпті мен Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ешбір хатым жауапсыз, мәселем шешілмей қалған емес. Тұңғыш Президенттің ел тәуелсіздігін алған күннен бастап халыққа жолдаған Жолдаулары, түрлі мемлекеттік бағдарламалары мен бастаулары елімізді сан қырынан дамытып, алпауыт мемлекеттермен терезесін теңестірді. Ендігі миссия – Елбасының салып кеткен дара жолын жалғастыру.
– Облыста Елбасымен иық тіресіп қатар отыратын азаматтардың бірісіз. Талай рет кездесулерде болдыңыз. Жалпы басыңыздан өткен қандай да бір қызық оқиға болды ма?
– Шыны керек, оқиғалар көп болды ғой. Ол кісімен әрбір кездесу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ең қызығы, кезекті сапары барысында зауытқа келді. Кездесуге дайындық, жұмыс барысы қарбалас болып шашымды алуға қолым тимеді. Елбасымен кездесу басталды. Мен әдеттегідей зауыттың атқарған жұмыстарына тоқталып, сөз сөйлеп болдым. Елбасы жиынның қорытындысында: «Мұқаш, шашыңды алсаң қайтеді?» – деп әзілдеді. Мен де саспастан: «Нұрсұлтан Әбішұлы, уақытым болмады, өзіңіз білесіз, жұмыс қой», – дегенім сол еді: «Енді сақал қойсаң қатып кетеді», – деп күліп, арқамнан қақты. Негізі, Елбасы өзіне ұнаған жиындарда әзілдейтінін естігенмін. Арқамнан қаққанда әкемнің жылылығын сезінгендей болып, 200 адамның алдында мәртебем өсті. Ол да Елбасының бір даналығы деп білемін. Елбасы туралы талай фильмдер жарық көрді. Соның ішінде «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Елбасы №5 цехқа бару керек болатын үзінді бар. Ол сценарий бойынша Қарағандыда, Теміртауда түсірілу керек еді. Ал ол Жамбыл фосфор зауытында түсірілді. Киноны көру барысында Елбасы «мынау Қарағанды емес, Жамбылдағы фосфор зауыты ғой» деп біліп қойған. Сондағы таң қалдырғаны – ол кісінің қырағылығы және әр өнеркәсіпті білетіндігі.
– Елбасының қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?
– Тарихтан ұққанымыздай, ұлы адамдардың, атақты тұлғалардың, кемеңгер ойшылдардың негізі, зерделік санасы, сана құдіреті сонау балалық кезден қалыптасып, байқалатын көрінеді. Осы реттен келгенде, егемендіктің қиын кезеңдерінде сабырлы да салиқалы саясатымен, жанкешті еңбегімен туған халқының аяғын үзеңгіге салып, атқа қондырған, бүгінде тұлпардың шабысындай қарыштап алға басқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Белгілі тарихшы, көрнекті еуразиятанушы ғалым Лев Николаевич Гумилев өмірінің соңына қарай берген бір сұқбатында «Қазақстанды болашақта не күтіп тұр?» деген сауалға: «Қазақстанды таяу жылдарда ғаламат серпілістер кезеңі күтіп тұр, елде пассионарлық дүмпулер жүзеге асады. Көптеген алқалы басқосулар өтеді. Пассионар ірі тұлға пайда болады. Алдына адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қоятын ол тұлға елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді», – деген екен. Міне, сол тұлға Елбасы деп білемін. Тəуелсіз қазақ елі жəне Елбасы. Ұлттық құндылықтарымыздың тұғырына айналған бұл егіз ұғым қазақ үшін қашанда қасиетті, қашанда қастерлі. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тəуелсіз Қазақстан. Халық кешпейтін бір-ақ нəрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – тəуелсіздіктен айырылуды кешпейді». Ойлы қазаққа ой салар Елбасының бұл аманаты ұлттың əрбір ұланының жүрегінің төрінде тұрғаны абзал.
– 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Айтулы мерекенің сіз үшін маңыздылығы қандай?
– Ертеңнің тез болатынын біле бермейміз. Сонау 90-шы жылдары Елбасының «Қазақстан – 2030» Стратегиясы сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалары қабылданғанда «әлі талай жыл бар, оның қажеті қанша» деген адамдар болды. Ал қарап тұрсаң, уақыт өтіп кетті. Менің өндірістегі 38 жылдық тәжірибеме сүйене отырып, уақыт көзді ашып-жұмғанша өтіп кететініне көзім толық жетті. Болашақ – ертең емес, ол – бүгін. Мен алғашқы сайлауда «Самал» мөлтек ауданындағы сайлау учаскесінде тарихи сәттің куәсі болдым. Міне, содан бері 28 жыл өтті. 1 желтоқсан – Назарбаев күні емес, Тұңғыш Президент күні. Алдағы уақытта да бұл мейрам өзінің маңыздылығын жоғалтпайды деп сенемін. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың іскерлігі мен әділдігі Елбасы салып кеткен дара жолдың жалғасы деп білемін. Елбасы саяси аренада әлі күнге дейін болуы біз бен сіздің болашағымыздың жарқын болуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Сұқбаттасқан
Арайлым Шабденова

Comments (0)
Add Comment