Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Әуелі Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи Тяньцзинь шаһарында қонақжайлық танытқаны үшін Төраға Си Цзиньпинге алғыс айтты. Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақыруды зор ықыласпен қабыл алғанын жеткізді.
– Біз сіздің еліңіздің осы ұйымға төрағалық етуін толық қолдаймыз. Ұйымның күн тәртібінде тұрған мәселелерді талқылау жұмысына белсене атсалысып жатырмыз. Сондай-ақ Сізді Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс пен Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңісінің 80 жылдығымен құттықтаймын. Сіздің еліңіз фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Қытай халқы соғыс жылдарында нағыз батылдық, шынайы отаншылдық, қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. Мұны бәрі жақсы біледі және жоғары бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Бұл байланыс мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығаюда. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.
– Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Мен осы сапарымның аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысамын. Қытайдың бірқатар ірі компаниясының басшыларымен кездесемін. Биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы екенін ерекше көңілмен атап өткім келеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын нығайтуға қолайлы жағдай жасалған. Соның жарқын мысалы – Қазақстанда «Лу Бань зертханасының» екінші және үшінші филиалдары ашылатын болды. Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығын ашу туралы шешіміңіз үшін Сізге зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысуға ниет танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Бейжің қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты серіктестігін тереңдетуге айрықша мән береді.
– Араға екі ай салып қайта жүздесіп отырмыз. Бұл қытай-қазақ қатынастарының деңгейі жоғары әрі ерекше сипатта екенін көрсетеді. Сіздің төрағалығыңызбен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті табысты өтті. Біз Қытай мен аймақ елдерінің ынтымақтастық рухына сай келетін және Қытай – Орталық Азия диалогының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжаттар қабылдадық. Сондай-ақ қытай-қазақ қатынастарына тың серпін беретін жаңа стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткіздік. Халықаралық ахуал қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан бір-біріне әрдайым сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер. Екі ел тату көршілік және достық байланыстарға әрқашан бейіл. Біз ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарынан айнымай, тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын құру бағытын ұстанамыз. Түпкі мүддеміз бен басты түйткілдерге қатысты мәселелерде бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар қытай-қазақ қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеру үшін сан қырлы ынтымақтастығымызды кеңейтуге ниеттіміз, – деді Си Цзиньпин.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды. Тауар айналымын ұлғайтудың және көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекеттер басшыларының жоғары деңгейдегі келіссөздерінен кейін Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі өтті. Бұл жоба Лу Бань зертханасының тәжірибесін тарату жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды. Ол экономиканың түрлі секторы бойынша тәжірибеге бағдарланған оқыту мен маман даярлауды көздейді.
Екінші зертхана Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ал үшіншісі Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясында ашылды.
Лу Бань зертханасы елімізде алғаш рет инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға арналған алаң ретінде 2023 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде құрылған болатын.
Сапардың екінші күні Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.
Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.
– Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.
– ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.
Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын да еске салды.
– Халықтарымыздың игілігі жолында шын мәнінде салмақты, жан-жақты пысықталған нәтижеге қол жеткізу мақсатында бұл датаға кеңінен ойластырылған, ұтымды ұсыныстармен келген дұрыс. «Шанхай рухының» жасампаз құндылықтарын ілгерілетуге табанды әрі табысты күш-жігер жұмсағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға тағы да алғыс айтамын. Бүгінгі Саммит халықаралық қатынастар жылнамасына көпжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан нақты шешімдер қабылданған жемісті форум ретінде енетініне сенімдімін. Ол Ұйымның әлеуетін айтарлықтай күшейтетіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта ШЫҰ-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасына және Президент Садыр Жапаровқа табыс тіледі.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі.
Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажет.
– Жақында біз қос тарихи датаны – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеміз. Қытай коммунистік партиясының жетекшілігімен ұлы қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыста жеткен жеңісіне Қазақстанда шынайы құрметпен қарайды. Квантун армиясын талқандау Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойды деуге болады. Оған Ялта конференциясының шешіміне сәйкес Кеңес Одағының әскері де қатысты. Қан майданда миллиондаған адам құрбан болды. Сондықтан аталған мерейтой Жеңістің идеологиялық, саяси аспектілеріне әлемдік қоғамдастықтың, әсіресе, жастардың назарын аударуға орайлы сәт, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет екенін де баса айтты.
Бұдан бөлек, Президент Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға нақты қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні қолданудың ережесі мен этикалық стандарттарын әзірлеу өзекті мәселеге айналды. Бұл ретте ол Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құрып, штаб-пәтерін Шанхайда орналастыру ұсынысына қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды.
Аман ЕСЕН