Көркемөнерпаздар үйірмесі – жастардың рухани айнасы

Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше.

Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, тәуелсіз еліміздің жаңа буын өкілдерінің сұраныс деңгейіне көтеру, қала көлеміндегі көркемөнерпаздар ұжымдарын насихаттау және қаламыздың мәдени-рухани жаңаруына сүбелі үлес қосу міндеті жолға қойылған. Ұлттық дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, талантты жастардың өнерін қолдау, дамыту үйірме жұмысының басты міндеті саналады. Осыған орай қалалық мәдениет үйінде және қалаға жаңадан қосылған 14 елдімекенде тұрғындар сұранысына сай балаларға және жастарға арналған вокал, би, көркемсурет, домбыра, сахна тілі, драма секілді түрлі бағыттағы 18 үйірме ашылып, оған 309 адам қамтылған.
Мәдениет үйінің үйірме жұмыстарының жеткілікті деңгейде жолға қойылғанының мысалы ретінде көптеген үйірмелердің қатысушылары облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі байқауларда бақ сынап, үздік атанып жүргенін айтуға болады. Көркемсурет үйірмесінің балалары әрдайым облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленсе, вокал, би үйірмелерінің қатысушылары халықаралық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып жүр.
Бала тәрбиесі – баршаға ортақ іс. Оған көпшілік болып жұмылу үшін парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет пен тарихын, ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Себебі өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай, айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – бұл қазіргі таңда өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment