Көрген-баққан

Рахымжан Отарбаев
(1956-2018)

КӨРГЕНІ ЖАҚСЫ КӨШ БАСТАР

Әкесімен жүздесіп едім. Үш қасиет көп қазақта үйлесімін тауып келе бермейді. Ол – ой мен ой һәм сой. «Жігітке үштен артық бақ бітпейді» дейтін бұрынғылар. Білмесе айта ма?
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты көрсем, ылғи осы ұлағат есіме оралады. Нұрланның іскерлігі мен құшағының кеңдігі, дархан көңілі, қазақша-орысша ақпа-төк шешендігі, ілтипаты мен бауырмалдығы бір тұлғаның бойында қалай үйлесім тауып тұр. Таңғаласың! Иә, тек деген қасиет – сол. Жүре жұқпайды, туа бітеді.
Бірінде әзіл жүгірткенім бар:
– Інім, осы сен сөйлер сөзіңді жаттап аласың ба? Қуатты реформаларды, сан түрлі саясат пен сандарды жырдай ғып толғайсың, тіпті қылау шықпайды, – деп.
Күлді де қойды.
Мың сан шаруамен жағаласып жүріп сөз жаттауға уақыт қайда?
Сөз жоқ, сұңғыла бітім!

*     *     *

Баяғыда біздің ауылда бір әпенді шал бар еді. Өзі түшкіріп, өз-өзіне «Сәбидей мұңсыз бол!» деп қошемет айтып отыратын. Келемеждеп күлетін ек. Бекер екен…

*     *     *

Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа заманға тап болдық. Баяғы кеңестік дәуірдегі арақ бөліскен кез рахат екен ғой. Қоймай аңсаймын.

*     *     *

Ақыл – азап. Иесіне күн бермейді. Қазіргі заманда ақылсыздық, топастық Алланың берген үлкен сыйы сияқты…

*     *     *

– Өлеңді тастап кеттім, – деді бір ақын.
Ұят жоқ, имену жоқ. Көзі жарқырап тұр. «Қатынымды тастап кеттім» деген сынды. «Өлең мені тастап кетті, бауырым» десе, құшақтап бетінен сүйер ем.

*     *     *

– Мен жазушымын ғой, – деді бір ағамыз мақтанышпен.
– Сіздің столда отырып жазған шығармаңызды мен унитазда отырып-ақ жазамын, – деппін қырсық шалған басым.

*     *     *

Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол өз шаруасы. Бір таңғаларлығы, әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. «Ол бұған қарағанда адам еді ғой», – деп тамсанады. Тағдыр шығар. «Жоғалған пышақтың сабы алтын» деген мәтелге, амал жоқ, бір тармақ қостым. «Жоғалған қатынның саны алтын» деп.

*     *     *

Жұбайы қапияда көз жұмған бір келіншек сыр ашып отыр.
– Ол байғұс адам екен ғой, – деп.
– Бұған дейін кім деп жүрдіңіз?
– Күйеу деп.
Әйел психологиясы қызық. Бізді өлген соң адам қатарына қосады-ау деймін.

*     *     *

Құрмалас сөйлем құрай алмайтындар жазушы атанып жүр. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұратынын оларға айтқаннан не шығады?

*     *     *

Жаз кезі еді. Ыстықкөлге жанұямызбен бара жаттық. Жолай Бішкекке аялдап, Мұхтар ағаға (Шаханов) сәлем бердік. Мұхаң қызу жұмыс үстінде. Поэма жазып жатыр. Орыс тілінде.
–Мұха, екеуміздің орысшамыз қарайлас еді ғой, бұл қалай? – деймін таңданып.
– «Ский» мен «скаяны» білсең поэма жазу түк емес екен, – дейді Мұхаң.
Талантты адамға ем жоқ қой!

Comments (0)
Add Comment